
Фото: informburo.kz
Депутаттың айтуынша, Семейде қоғамдық көліктер жеткіліксіз, басым бөлігі тозған, уақытында келмейді, кешке дұрыс жүрмейді.
«Семей қаласында қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын 5 компанияға («АвтоТрансСемей»ЖШС, «Семавтопарк» ЖШС, «Таксомоторный парк» ЖШС, «EcoBus QK» ЖШС, «Пинчук Г.В.» ЖК ) 2022-2024 жылдары бюджеттен 18,7 млрд теңге субсидия бөлінген. Алайда бұл мәселені толық шешкен жоқ. Қалалық маршруттарға қызмет көрсететін 424 автобустың 307-сі (72%-ы) ескі. Сонымен қатар, Семей қаласындағы жолдар мен көшелерді жөндеу, көпір салу мәселелерін шешуді тұрғындар талап етіп жатыр», деді Н.Сабильянов.
Мәжілісмен өңірдегі әлеуметтік осал топтағы азаматтарды, көп балалы аналар мен жетімдерді баспанамен қамту өзекті болып отырғанын атап өтті.
«Абай облысы бойынша 20 600 адам, оның ішінде Семей қаласы бойынша 14 600 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың қатарында әлеуметтік жағынан осал топтарға жататындар, көпбалалы аналар, жетім балалар, көп жылдар кезекте тұрған азаматтар бар. Бұған қомақты қаражат қажет», деді депутат.
Ол облыста ауызсумен қамту мен жедел жәрдем көліктерінің жетіспеушілігі мен материалдық-базалық жағдайының да сын көтермейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Бозай, Тассай, Үшбиік ауылдарында су тасқыны кезінде бұзылған көпірлерді салуға 30 млрд теңге қаражат қажет екеніне назар аударып, Үкімет басшысына осы мәселелерді қайта қарап, қаржы бөлуді сұрады.