
Министрлік мәліметінше, осы күні елімізде өз қызметін ХІХ–ХХ ғасырларда бастап, бүгінге дейін ағартушылық дәстүрдің сабақтастығын үзбей келе жатқан 97 мектеп, 12 колледж бар. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгір хан мектебі 184 жыл үздіксіз бала оқытып келеді. 1841 жылы ел аумағындағы алғашқы бастауыш мектеп ретінде ашылған бұл қара шаңырақта тұңғыш қазақ ғалымдарының бірі Мұхаммед-Салық Бабажанов, ағартушы Мақаш Бекмұхамбетов, сондай-ақ «Мұғалім» журналының алғашқы редакторы Ғұмар Қараш сынды тұлғалар білім алған. Сонымен қатар Қызылорда облысындағы 164 жылдық тарихы бар №16 мектеп-лицей, Ақтөбе облысындағы 162 жылдық тарихы бар Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, Атырау облысындағы 144 жылдық тарихы бар Қызылүй орта мектебі – ұлттық білім дәстүрінің алтын арқауын жалғастырып келе жатқан білім ошақтары. Ал Ақмола облысындағы Жоғары орман шаруашылығы, экология және туризм колледжі 129 жылдан бері кәсіби мамандар даярлап, ел экономикасына үлкен үлес қосып келеді.
Кездесу барысында министр ұлт руханиятының киелі шаңырағына айналған білім ошақтарының тарих үшін ғана емес, болашақ үшін де рөлі ерекше екенін атап өтіп, оларды сақтау және жаңғырту бағытында бірқатар тапсырма жүктеді.
«Өңірлердің қолдауының арқасында ғасырдан астам тарихы бар мектептер жабылмай, білім шырағын сөндірмей, сабақтастықты сақтап келеді. Біз мұндай мектептердің арнайы каталогін жасауды қолға алуымыз керек. Бұл еліміздің білім тарихының тереңдігін дәлелдейтін маңызды құжат болмақ. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл мектептер де қажеттілігіне қарай толықтай реновациядан өтіп, материалдық-техникалық тұрғыда жаңартылуға тиіс. Сондай-ақ мұнда еңбек етіп жүрген педагогтердің әлеуеті де жіті зерделеніп, оларға жүйелі қолдау көрсетілуі қажет», деді Ғани Бейсембаев.
Жиын барысында министр жүз жылдан астам уақыт бала оқытып келе жатқан мектептердің озық тәжірибесін зерттеп, оны республика деңгейінде тарату қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге Ғани Бейсембаев ғасырлық мектептерді білім беру ісінің құндылығы ретінде сақтап қалу және дамыту мақсатында 100 жылдық мектептер қауымдастығын құруды, оларды қолдау мен дамытудың стратегиясын әзірлеуді тапсырды.