Тұлға • 03 Сәуір, 2025

Тұтастықты сақтап қалған...

392 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің 110 жыл­дығына орай Шымкентте республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен студенттер қатысты. Оны Ж.Тәшенов атындағы университет ұйымдастырды.

Тұтастықты сақтап қалған...

Жиынды осы жоғары оқу орнының басқарма төраға­сы, академик Оңалбай Аяшев жүргізді. Ғылыми басқосудың алғаш­қы бөлімінде Ж.Тәшеновтің өмір тарихы, азаматтық ұстанымы мен қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалудағы ерлігі туралы деректі фильм көрсетілді.

Одан кейін сөз алған экономика ғылым­дарының докторы Рахман Алшанов КСРО көсемі Н.Хрущевтің Қазақстан­ның солтүстік облыстарын Ресейге беру жө­нін­дегі идеясына қасқая қарсы тұрған Тәшеновтің батырлығы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге екенін жеткізді.

«Жұмабек Ахметұлы елдің тағдырын мансабынан биік қойып, қазақ жерінің бүтіндігін сақтап қалды. Сонымен бірге Маңғыстауды Түрікменстанға қосу туралы мәселе көтерілгенде де бірінші болып қарсылық танытты. Осындай біртуар аза­мат­тың өжеттігі мен қайсарлығы ешқашан ұмыт қалмауға тиіс», деді ол.

Сондай-ақ белгілі қайраткер Зауытбек Тұрысбеков Бауыржан Момышұлы майдан батыры болса, Жұмабек Тәшенов бейбіт күннің қаһарманы дей келіп, Ресейде елші қызметінде жүргенде сол елдің мем­ле­кеттік архивінде Тұрар Рысқұлов, Әлімхан Ерме­ков, Нұртас Оңдасынов, Жұмабек Тәше­нов­ке қатысты тың деректер жинап, соның негі­зінде деректі фильм түсірілгенін айтты.

«Осындай құнды дүниелер арқылы мектеп оқушыларының бойына отансүйгіштік рухтағы тәрбиені сіңіруге болады. Өз басым Жұмабек Тәшеновтің ұлтжандылығын ерекше көремін. Бірде Жұмекең Үкімет басшысы болып жүргенде Түркістан өңіріне қарасты Балтакөл ауылына жұмыс сапарымен барғанда совхоз жылқысының қамалып тұрғанын көреді. Оның себебін сұраса жергілікті басшылар Мәскеуден «жылқыны етке өткізіңдер» деген тапсырма түскенін айтады. Соны естіген Жұмабек Ахметұлы: «Қазақ жылқының жалын сипамай таңғы асын ішпеген» деп Хрущевтің бұйрығын орындаудан бас тартқан. Сөйтіп, елімізде жылқыны сақтап қалады. Кейін оның санын көбейтуге күш салады», деген Зауытбек ағамыз жас кезінде комсомол ұйымында жүргенде Ж.Тәшеновтің жанында көп болғанын әңгімеледі.

«Шындығында, ол кісі ешкімге қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалғаны жа­йында тіс жарған емес. Бұл оның қайсар мінезімен бірге қарапайым адам екенін аңғартады. Бір кездері Жұмабек ағаны әйгілі академик Ебіней Бөкетов Қарағандыға ­алып кетпекші болған. Бірақ Жұмекең: «Мені оңтүстік жұрты алақанына салып сыйлайды. Осы құрметті қалай ұмытамын. Ешқайда бармаймын. Өлсем, сүйегім осында қалады», деп жауап беріпті. Осыдан-ақ дарабоз азаматтың адамгершілігін көресіз. Бірде Бауыржан Момышұлы оңтүстікке келгенде Жұмекеңнен мемлекеттен бір марапат сұрайтын жөніңіз бар деп қолқалап көріпті. Сонда ағамыз:«Қазақ жерінің бүтіндігін сақтап қалғаным – менің ең үлкен марапатым», деп айтқан екен», деді З. Тұрысбеков.

Жиында экономист-ғалым Оразалы Сәбден, кәсіпкер, меценат Серікжан Сейіт­жанов, белгілі заңгер Бекет Тұрғараев, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан зерттеу университетінің басқарма төр­ағасы–ректор Дархан Ахмед-Зәки, Өзбек­әлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаева және тағы басқа азаматтар баяндама жасап, көрнекті қайраткердің өткен өнегелі өмірінен сыр шертті.

Мазмұнды іс-шара барысында конфе­рен­цияға қатысушылар Жұмабек Тәше­новт­ің ескерткішіне гүл шоғын қойды. Ескерт­кіш алдында Шымкент қаласы әкімі­нің орынбасары Сәрсен Құранбек пен Ж.Тәше­нов атындағы университет ректоры Қанат Байболов ұлт мүддесін бәрінен биік қой­ған алып тұлға туралы парасатты ой қозғады.

Сондай-ақ ғылыми конференцияға қатысқан зиялы қауым өкілдері қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Тәшеновке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, туған жері Ақмола облысы Арша­лы ауданы біртуар қайраткердің есімімен аталса деген ұсыныс айтты.

 

ШЫМКЕНТ