
Осындайда қағаз бен қаламды серік етіп жүрген жандардың – басқасы өз алдына – кітап көрмесіне назар салмай өтпейтіні анық. Сол әдетпен жағалай қарап келе жатқанымда, сөредегі бір кішкентай ескі кітап көзіме оттай басылды. Мұқабасындағы жазу: «Қуандық Шаңғытбаев. Ар. Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасы, Алматы, 1945». Аялдауға уақыт тығыз болғандықтан, асығыс-үсігіс тез парақтап, орнына қайта қоюға тура келді. Тек жинақтың ішкі бетіндегі қолтаңбаны және сиямен жазылған сөз тіркесі бар тағы бір парағын телефонға түсіріп үлгердім. Таңдамалысын (1976) және «Махаббат пен ғадауат» (1995) жинағын жеке мұрағатымда көзімнің қарашығындай сақтап жүрген аса қадірлі ақынымның тұңғыш кітабының алдымнан шыға келгені мен үшін тосын жайт еді. Бірақ көрмеге қайта оралуға мұрсат болған жоқ.
Тойдан қайтқасын ғана әлгі екі үзік суреттегі мәліметке үңілдім. Сөйтсем, Қуандық Шаңғытбаев өз кітабын Қасым Аманжоловқа тарту еткен болып шықты. Бұған айғақ – келесі қолтаңба:
«Қазақ поэзиясының жарқ еткен бір ақ алмасы, досым, майдандас құрбым, ақкөңіл, адал Қасымыма
Қуаныңнан
Алматы, 1946, 22/VI.»
Не керек, тіршіліктің неше түрлі күйбеңі бұл деректі ұмыттырып жіберіпті. Таяу күндері академик Бауыржан Омарұлы хабарласып: «Биыл Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығы. Соған байланысты жазарың болса...», деп, мұндай айтулы белестерді қағыс қалдырмайтын қалпынша әңгіме бастағанда, жадым қайта жаңғырды. «Шаң басқан» флешкалардың бірінен баяғы «олжа» фотоларды әзер тауып алдым. «Сол көрмедегі кітап қазір қайда екен?» деген сауал тұрды көкейде. Сәтін салып, Бауыржан Омарұлы мен белгілі мәдениет қайраткері Рымбала Кенжебалақызы Омарбекованың бірлескен ыждағаты нәтижесінде кітаптың жайы тез арада анықталды. Ол Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің қорында саф күйінше сақтаулы тұр екен.
«Ар» кітабындағы қолтаңба Қасым Аманжолов пен Қуандық Шаңғытбаев екеуінің өмірдегі де, өлеңдегі де тамырластығы мен тағдырластығын тануға септігін тигізеді.
Қуандық өзінен он төрт жас үлкен аға-досына «майдандас құрбым» дейді. Оның Алматыдан Ақтөбеге екі мәрте қуғындалып кеткені болмаса, әскер қатарына алынбағаны белгілі. Ендеше, бұл жерде «майдан» ауыспалы, астарлы мағынада қолданылған. Біздіңше, әдебиет пен ұлт майданында тізе қосқандықты білдіреді. Қуандық Шаңғытбаевтың қызы Гауһар мазмұнын құнды құжаттармен, ерен естеліктермен, мәйекті мақалалармен байытып, жарыққа шығарған ақын шығармаларының «Шайыр» атты бес томдығының бірінші томына жүгінгенде (Алматы: «СаГа» баспасы, 2010), осыған қатысты көп жайтқа қанығасыз.
Қуандық кітабын сыйлардан бұрын Қасым оған өзінің фотосын естелікке ұсынып, арт жағына: «Қуан! Түбінде поэзия тоңын тепкілеп жібітіп, құр тақырға гүл шығарар екеуміз болмасақ игі. Сол үшін алшы суретімді. Қасым. 9/III.46.», деп жазып беріпті (Қуандық болса, Қасымға «Қастай» деп сөйлейді екен). Осылайша, Қасым іні-досына өзіне қосақтай отырып зор міндет жүктейді. Қатаған, қырғын жылдарда айтылған мірдің оғындай асқақ, айбарлы сөздер. Алайда екі ақынды да көп ұзамай қатал сынақ, қатыгез сүргін күтіп тұрды.
Қуандық 17-18 жасында жазған өлеңдерінің басын құрап, әуелде кітабына «Қазақ жүрегі» деп ат қойған болатын. Қаршадай баланың талантын бағалаған Мұхтар Әуезов жинаққа алғысөз жазып, оның «құлақ күйі отаншыл, халықшыл қызулы лирик» болғалы тұрғанын айтып, өлеңдерінде «шіміркеніп, ширығып шыққан өтімді тіл, әсерлі күй», «көп жүрегін өзінен, өз жүрегін көптен тапқан саналы сезімталдық» бар екендігін аңғартқан. Жинақта «Едігенің елмен қоштасуы» атты өлеңі бар еді. 1944 жылғы 9 тамызда БК(б)П ОК-інің «Татардың партия ұйымының жағдайы мен оның бұқаралық-саяси және насихаттау жұмысын жақсарту шаралары туралы» қаулысына сәйкес, татардың «Идегәй» дастанына тыйым салынды. Соның салдарынан Қуандықтың әлгі өлеңі кітаптан алынып тасталып, орнына «Дала», «Асылып кемпір бесікке...» атты өлеңдері енгізілді. Жинақ мерзімінен кешіктіріліп, аты «Ар» деп өзгертіліп, ақыры 1945 жылы жарық көрді.
Ал 1946 жылғы 14 тамызда БК(б)П ОК-інің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы» қаулысы шықты. Михаил Зощенко мен Анна Ахматованың шығармаларын күл-талқан қылды. Бұл дүрбелең қазақ сахарасына да жетті. Қуандық Шаңғытбаевтың «Ар» жинағына баспасөз бетіндегі мақалаларда «саяси беті көмескі», «құнсыз», «жат сарынды», «идеясыз», сол сияқты басқа да ауыр айыптар тағылды. Кітапхана сөрелерінен алынып, отқа жағылды. Ақынның кітабын шығаруға атсалысқан, өлеңдерін жариялауға көмектескен, поэзиясы туралы жылы лебіз білдірген С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Б.Кенжебаев, Ә.Сәрсенбаев секілді қаламгерлер де сынға ілікті. Ал Ақтөбеге «жер аударылған» Қуандық еш жерге жұмысқа алынбай, 1946–1949 жылдары қиын кезеңді бастан кешірді. Сол уақытта ештеңеге қарамастан Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударуға кірісті.
Ақтөбенің «Социалистік жол» газетіне қызметке іліккені сол еді, «Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсандағы санында «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» атты мақала жарияланып, соған сәйкес ҚК(б)П ОК-і тиісінше қаулы қабылдады да, «ұлтшылдықпен» күрес науқаны қайта өршіді. Қасым мен Қуандықты тағы да «ұлтшыл» «буржуазияшыл», «мағжаншыл» ақындар ретінде қаралау басталды. «Литературная газета»: «Бұл ең алдымен мына екі ақынға: Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Аманжоловқа қатысты. Олардың қателіктері кездейсоқ емес және авторлардың белгілі бір көзқарастар жүйесін білдіреді. Шаңғытбаев «Дала» өлеңінде отан ұғымын Қазақстан аумағымен шектейді, совет өкіметі жылдарында жүзеге асқан орасан социалистік қайта өзгерістерді көрмейді», – десе («Шайыр», 1-том, 246-б.), «Правда» газеті оларды «бай дастарқанының сүйегін кемірген майлыаяққа» теңейді («Шайыр», 1-том, 188-б.).
Қасым Аманжолов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Сарыарқа» сөзін пайдаланып жазған өлеңдері ұлтшылдыққа баланды. Мысалы, Қасымның:
«Сарыарқа, сағындырдың, атамекен,
Сар дала, анам едің, құшағың кең.
Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,
Артта – сен, алда – майдан, қайтсем екен?!»
деген өлең жолдары туралы: «Жалпы совет жерін қорғауға бара жатқанын ұмытып, жорықтан лоблығандай болады. Ұлы орыс жерінсіз Сарыарқа сәнді өмір сүре алмайтыны ақын қиялынан тыс қалып қояды», деп сыналды. Қуандықтың өлеңіндегі:
«Салдыртып сар белінен Сарырқаның
Жаңғыртып салған әнім – қазақ әні»
деген қатарлар да соған үндес екені белгілі. Кеңестік сыншылардың «Сарыарқа» десе, безек қағатыны бекер емес-ті. Өйткені ол ұғым бүгінгідей тар ауқымда емес, бүкіл қазақ жерін білдіретін мағынада түсінілетін. Мұрат Мөңкеұлының «Сарыарқа» толғауы, Құрманғазының «Сарыарқа» күйі, Иманжүсіптің «Сарыарқа» әні, Мәшһүр Жүсіптің «Сарыарқаның кімдігі екендігі» туындысы, Сұлтанмахмұттың «Сарыарқаның жаңбыры» өлеңі, т.с.с. шығармалар сондай кеңістіктің өлшемінен туған. Мұның жиынтық мазмұны Мағжанның мына жолдарында түйінделген:
«Еділ, Жайық, Сырдария –
Белгілі жұртқа ескі су.
Тәтті, дәмді, тармақты
Ұзын Ертіс, Жетісу.
Осы бес су арасы
Сарыарқа деген жер еді,
Туып-өскен баласын
Айбынды ер алаш дер еді».
Басқа бір тапшыл қазақ ақыны:
«Сарғылт түсті Сарыарқа,
Сүреңі жоқ кең алқа,
Қызыл Арқа атанды,
Жасадық жаңа Отанды...
Шағылысып күнменен,
Қызыл Арқа жайнайды», – деген большевиктік бейнені орнықтырған заманда Қасым мен Қуандықтың қазақтың Сарыарқасын жырлағанын қалай қабылданғанын байқау қиын емес.
Қуандықтың Төлеген Тоқтаров пен Бауыржан Момышұлына арнаған өлеңдері де қиғаш талданды. Сондағы оның кінәсі – «совет офицерінің ерлігінің қайнар көзі ертедегі найза ұстаған ерлердің аруағынан туып жатыр деген жалған, теріс жорамал» («Шайыр», 1-том, 218-б.). Біз көрген «Ар» жинағында басылған «Төлегеннің суретіне» атты өлеңнің тұсына «софылық пікір» деген сөз қолмен жазылыпты. Салыстыра қарағанда, оның мәтіні мен «Шайыр» кітабында берілген «Төлеген Тоқтаровтың суретіне» атты нұсқаның арасында біршама өзгерістер бар екендігін байқадық. Бұл – ақынның шығармашылық лабораториясын зерттей түскенде пайымдалатын нәрселер.
Сондай-ақ Қуандықтың 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың атақты мергендерінің бірі – 397 фашисті мерт қылған Төлеуғали Әбдібеков туралы өлең жазып, алғаш рет сол «Ар» жинағында жариялағанын да айта кеткен жөн (фамилиясы Әбдіков деп қате кеткен). «Кешігіп жеткен даңқ» па, әлде «ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген қағидаға сай ма, күндердің күнінде бұл өлеңнің авторы – «Халық жазушысы», ал кейіпкері «Халық қаһарманы» мәртебесіне ие болды.
Қасымның қазасын есіткен кезде Қуандық: «Айрылып аға, достан, қайғы жұттым», – деп өлең арнаған. 70 жылдық шақыру қағазының бетіне:
«Айналайын Қасымым!
Жан едің жайсаң жасы мың,
Ертерек неге өлдің сен,
Мені жақсы көретін,
Асылым, ағам, асылым?!
Қуандық қой!», –
деген жолдарды жазған. Қасымның соңғы нүктесін қойып үлгермей кеткен «Досымның үйленуі» бір перделі пьесасын Қуандық сюжетін бұзбастан көп перделі пьесаға айналдырып, ол Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрында сахналаныпты. Мұның барлығы Гауһар Қуандыққызы құрастырған «Шайыр» жинағында егжей-тегжейлі баяндалғанын тағы бір мәрте ескерткіміз келеді.
Қасым болса, Қуандыққа бағыштаған қысқа бір қайырымында:
Қуандық, сен шыққанда, шын қуандық,
Аялап алдымызға «Арыңды» алдық.
«Құлақ тос көрден сен де, аруақтар!»,
Айтпаймын арғы жағын, аллауақпар, – деп жазған екен.
Біз Қуандықтың сол «Ар» кітабындағы қалтарыста қалған сырлы қолтаңбасы рухани айналымға түссе деген ойды көздедік.
Амантай ШӘРІП,
ҰҒА академигі