Білім • 03 Сәуір, 2025

Мектеп тамағы: жаңа стандарт балаға дәрумен бола ала ма?

68 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өндірдей жайқалып өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығы ішіп-жеп жүрген тамағына тікелей тәуелді екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгінің баласы күні бойы сабақта, ата-анасы жұмыста жүретіндіктен, мектеп асханаларындағы азық-түліктің сапасы – ұлт саулығының келешегі екені белгілі.

Мектеп тамағы: жаңа стандарт балаға дәрумен бола ала ма?

Себебі сол – статистикаға сәйкес, еліміздегі әр бесінші бастауыш сынып оқушысы артық салмақтың зардабын тартып отыр. Әу баста дұрыс тамақ ішуге дағдыланбау, бала кезден қалыптаспаған әдет өмір бойы адамның соңынан қалмайды.

Әлбетте, бұл мәселеде мем­­лекет қарекетсіз емес, қа­зіргі таң­да мектеп асханаларын­да көп­теген өзгеріс жүріп жатыр. Ең бастысы, отандық мектеп­терде оқу­шы­лар­ға берілетін та­­мақ­тың жаңа стандарттары бекі­тіл­ді. Ғы­лыми зерт­теу­лер­­ге сү­йен­ген стан­­дарт­тар бала азы­ғын ағза­ға күн­де­­лік­­ті қажетті дәрумен­дер­­­мен тең­шеп, астан келетін кесел­­дер­дің алдын алуды қарастырады. 

Қалай десек те, бұрынғыдай, бала әйтеуір аш жүрмесе болғаны деген ұс­таным келмеске кетіп барады. Өйткені ас мәзірінде қант, тұз, өндірістік майлардың, өңделген азық-тү­ліктің қатаң стандарттармен қадаға­ланбауы – балалар арасындағы диабет, гипертония, артық салмақ сынды мәселелерді туындатқанын нақты ста­тистикамен дәйектеуге болады. Бал­ғын жеміс-жидектердің, көкөніс, айран-сүт пен құрамында темірі бар ұнның жетіспеушілігі қаны аздық пен әлсіздікке бастады. Ең өкініштісі, мектеп асханаларындағы дәмсіз тамақтың жартысына жуығы жуындыға төгіліп,  балалар фастфуд сияқты ішіп-жемге әуес болды.

Ал жаңа стандарттар нені өзгерте алатынын баяндамас бұрын, бұрынғы  ахуалға да тоқтала кеткен жөн. Мыса­лы, 2024 жылы жүргізілген тексерістер нәтижесінде 771 мектеп асханасында санитарлық норманың бұзылғаны анықталған. Асханаларда мерзімі өткен өнімдер қолданылған, ыдыстар лас, ал тамақ сапасы күмән тудыра­ды. Осындай жағдай, әсіресе Шым­кент, Алматы, Атырау, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында жиі кездес­кені өкінішті.

Ең сорақысы – кейбір мектептерде асхана деген атымен болмағандықтан, елдің әр шалғайындағы 591 мектепте балалар ыстық тамақсыз қалған. Ал асханасы бар деген талай мектептегі тамақтың сапасы көңіл көншітпейді. Оның бір айғағы – 2023 жылы мектеп тамағынан уланған 125 оқушы туралы оқиға. Осыған байланысты 21 қыл­мыстық іс қозғалып, 20 іс сотқа жібе­рілді. Сол сияқты соңғы жылдары бас­қа мектептердің асханаларынан шу шыққанын оп-оңай еске түсіруге болады. Алматы облысында бастауыш сынып оқушыларына екі жыл мерзімі өткен йогурт берілгені анықталып, басы дауға қалды.  Павлодарлық оқушы ботқа ішінен құрт тауып алғанын әлеуметтік желілер әжептәуір талқыға салды. Тізе берсең, мұндай мысал жеткілікті.

Қысқасы, осындай жағдайлар ауыл­дық, әсіресе шалғай аймақтардағы асханаларды жаңғырту қажеттігін, мектептерге таза ауызсу  орнату, сапалы су жеткізу жүйесін қалыптастыруды талап етіп отырғанын көрсетті. Өз кезегінде қордалана түскен жағдайлар жұрттың наразылығын тудырып қана қоймай, мұнан былайғы жерде билік бұл мәселемен шындап күресуге бел буғаны қуантады. 

Жоғарыда атап өткендей, биылдан жаңа стандарттар жұмысын бас­тады. Енді оқушылар төрт сағаттан ар­тық уақыт мектепте болса, міндетті түр­де ыстық тамақ беріліп,  ас мәзіріндегі өнім­дердің кемінде 75%-ы өсімдік тектес болуы тиіс. Ыстық тағамдардың тем­пе­ра­турасы +75°C-тан төмен болмауы керек, ал салқын тағамдар +14°C-тан аспауы тиіс.

Қантты тұтыну мөлшері 26-34 грамм аралығында болуы қажет. Тағам құ­рамының 75%-дан астамы көкөністер, жемістер, дәнді дақылдар, бұршақ тұ­қым­дастар, жаңғақтар және тұқымдар бо­луы керек. Ет тағамдары көкөніс гар­нир­лерімен және салаттармен үйлестірілуі тиіс.

Қараша мен мамыр айлары ара­лығында дайын тағамдарға бала­лардың иммунитетін күшейту мақ­сатында С дәруменін қосу қарасты­рылған.Осы талаптарды бұзған жет­кізушілер мен мектеп әкімшілігі жауапқа тартылады. Дегенмен жылдар бойы қалыптасқан жүйені өзгерту, қатып қалған сеңді бұзу, орасан қаражатты қажет ететін жұмысты жолға қою да оңай емес.  Қағаз жүзінде бәрі тамаша болып, жаңа стандарттар, бірақ шынайы өмірде жағдай басқаша сипат алмауы үшін ата-аналар да бұл үдерісте белсенді болуы қажеттігі көрініп отыр.

Мектеп асханаларының сапасын бақылауға ата-аналар комитеттері де мүд­делі болу керек. Олар да ба­ла­­ла­рымен сөйлесіп, не ішіп-жейті­нін, тамақтың сапасын ұнататын-ұнат­пай­тынын сұраcтырып отырса, дітті­ген мақсатқа жақындай түсеміз. Оған қоса  әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы ақпарат тарату – сапасыз тамақ мәселелері бойынша қоғамның назарын аудару да нәтиже беретінін жоққа шығаруға болмайды. Сондай-ақ жаңа стандарттарды жеткізушілерді қатаң іріктеу – мектеп әкімшілігі мен жергілікті билікке сапалы өнім жеткізушілермен ғана келісім жасау қажеттігін талап ету қарастырылған.

Енді не өзгереді десек, бірінші кезекте тамаққа қосылатын тұз бен қант мөлшері төмендетіліп, тұз 0,3%-дан аспауы тиіс, ал қант екі есеге дейін азайтылады (5%-ға дейін). Ас мәзірінде міндетті түрде пайдалы көкөністердің, жемістер мен дәнді дақылдардың, балық, ет, бұршақтардың, сүт өнім­де­рінің  болуы қадағаланады. Мектеп­терге фастфуд, газдалған сусындар, шұжық, кремді десерттер мен концентраттарды мүлде жолатпау мәселесі де назарға алынып, асханаларда швед үстелі форматында алуан түрлі пайдалы ас мәзірлерінің ланч-пакеттері дайындалмақ.

Армандаған стандарттардың үдесі­нен шығу үшін сапа төмендегідей бақыланады. Яғни елімізде алғаш рет жеуге жарамсыздық индексі енгі­зілді, егер мектеп асханаларындағы тамақтың 30%-дан астамы желінбей қалатын болса, онда мәзірді қайта қарауға тура келеді. Және өнімдері қатаң бақылаудан өтіп, ГМО мен сертификатталмаған тауарларға тиым салынады.

Тамақ өнімдерінің өндірістік үдерісінде қолданылатын қауіп­тілікті талдау және бақылау нүктелері жүйесі – ХАССП қағидаттары енгізіліп, санитар­лық бақылау мен персонал міндетті медициналық тексерулерден өткізіліп отырады.

Жаңа стандарттарды жасауға Қазақ тағамтану академиясы тартылып, ол Финляндия, Швеция секіл­­ді елдердің нақты өмірдегі тәжіри­белеріне сүйенсе, денсаулық сақтау, оқу-ағарту министрліктері, ғалымдар, қоғамдық ұйымдар мен ЮНИСЕФ, тіпті ата-аналарға дейін араласты. Жаңа стандарттар қабылданбас бұ­рын елі­міздің ірі қалаларында сы­нақ­­тан өткізіліп, бұл мектептер мен бала­­бақшаларда жүзеге асқан қанатқақты жобаны жетілдіре түсуге септесті.

Сонымен жаңа стандарттардан не күтеміз? Бірінші кезекте мектеп оқушылары арасындағы диабет, гипертония, семіздік сияқты кеселдердің көрсеткіші азаюы тиіс. Балаларды кішкентай күнінен дұрыс тамақтана білуге дағдыландыру. Үшіншіден, мұның экономиканың дамуына да игі ықпалы бар, сапалы азық-түлік өсіретін отандық өндірушілер қалыптасады.

Қысқасы, жаңа стандарттар қағаз­да ғана қалмай, іс жүзінде орындалса, онда бұл ақиқатында да мектеп асхана­ларындағы үлкен өзгеріс болмақ. Алайда ата-аналар, мектеп әкімшілігі және билік бірігіп, сапаға жұмыс істемесе, балала­рымыздың не жеп жүргенін әлі де талай жыл талқылай береміз.

 

АЛМАТЫ