
– 5 сәуір күні Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына байланысты ресми ашылу салтанаты өтеді. Бұл ретте қандай іс-шаралар жүзеге асады?
– Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы жыл сайын түркі әлемі елдерінен бір қаланы мәдени астана етіп жариялайды. Былтыр Түрікменстанның Әнеу қаласы болса, биыл Ақтау қаласы таңдалды. Ақтаудың түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануы – өте маңызды және тарихи оқиға. Қарт Каспийді айнала қонып, тел емген Қазақстан, Түрікменстан және Әзербайжан секілді түркі мемлекеттері бүгінде осынау су айдынының 70 пайызын меншіктеп отыр. Тасын түртсе тарих боп сөйлейтін маңғаз Маңғыстау орталығы Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде таңдалуында осындай рәміздік белгі баршылық. Теңіз жағасына арнайы ақшаңқан үйлер тігілмек. 6 киіз үйге Қазақстанмен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркияның қолөнер бұйымдары қойылмақ. Сондай-ақ түркі әлемінен топтастырылған 500-ге тарта өнерпаз жергілікті тұрғындардың көңілін көтеріп, түрлі мәдени іс-шараға қатысады. Сонымен қатар түркі әлемінің мәдениетін, өнерін және дәстүрін көрсететін форумдар мен конференциялар ұйымдастырылады. Мұның барлығы Ақтаудың мәдени өмірін жаңа деңгейге көтеріп, мәртебесін биіктетіп, түркі әлемінің мәдениетін насихаттауға бағытталған шаралар болмақ.
– Ақтаудың аймақтық туризміне қандай да бір серпін бере ме?
– Түркі әлемінің мәдени астанасы болу мәртебесі қалаға айтарлықтай серпін береді деп күтіледі. Бұл шара Ақтауға әлемнің түрлі елінен туристердің келуін ынталандырады, себебі түркі мәдениетінің бай мұрасы мен тарихына қызығушылық артатыны сөзсіз. Түрлі мәдени және өнер шараларының өткізілуі туризмнің дамуына үлкен әсер етеді, себебі бұл шараларға қатысу үшін туристерді тарта алады. Сонымен қатар инфрақұрылымды жақсарту, жаңа қонақүйлер, мейрамханалар мен басқа да туристік қызметтерді дамыту қажеттілігі пайда болады. Ақтау туризм саласы бойынша жаңа мүмкіндіктерге ие болмақ.
– «Маңғаз дала – мәңгілік мұра» атты мәдени мұраны дәріптеу жобасы да – аталған іс-шараның маңызды бір бөлігі. Осыны тарқатып айтасыз ба?
– «Маңғаз дала – мәңгілік мұра» жобасы – түркі мәдениетінің байлығын көрсетуге арналған маңызды бастама. Бұл жоба арқылы Қазақстан кең даласының тарихи және мәдени мұрасын әлемге таныстыру көзделеді. Ақтау мен Маңғыстау өңірінің табиғи ерекшеліктері, соның ішінде тарихи ескерткіштер, көне қалалардың орны мен археологиялық ерекшеліктері, сондай-ақ түркі халықтарының мәдениетінен сыр шертетін дәстүрлер мен өнер туындылары көрсетіледі. Осы жоба арқылы еліміздің мәдени байлығы, оның тарихы мен мұрасы насихатталып, ұрпақтар сабақтастығы мен мәдени мұраны сақтау мәселелері көтерілмек.
– Түркі халықтарының ортақ мәдениетін насихаттауда бұл шараның маңызы қандай?
– Ақтаудағы түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесі түркі халықтарының ортақ мәдениетін насихаттау үшін маңызды қадам болып табылады. Бұл шара түркі елдерінің мәдениетаралық диалогін нығайтуға, олардың рухани мұрасын бірлесе сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Түркі әлемінің мәдениеті өзара ұқсастықтар мен ерекшеліктерге толы және бұл шара арқылы түркі халықтары арасындағы мәдени қарым-қатынастарды тереңдетуге болады. Сондай-ақ түркі мәдениетінің жалпы әлемдік өркениетке қосқан үлесін таныту мақсатында халықаралық деңгейде назар аудартуды көздеп отырмыз. Мұндай ауқымды жобалар түркі халықтарының мәдениетін әлемге танытуға мүмкіндік береді, сондай-ақ халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді.
Әңгімелескен –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»