Реформа • 03 Сәуір, 2025

Салық реформасы – әл-ауқатты арттырудың жолы

411 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қосылған құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға өсуі – отандық өндірушілерді шетелдік бәсекелестермен теңестірудің, бюджет кірісін арттырудың әрі әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландырудың бірден-бір тиімді жолы. Яғни салықтан түскен қаржы жаңа мектеп, сапалы медицина және заманауи инфрақұрылымға бағытталатынын ескерген жөн.

Салық реформасы –  әл-ауқатты арттырудың жолы

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

8% айырмашылық Ресей өндірушілеріне басымдық береді

Кейінгі жылдары салық тү­сімдері күрт азайды. Егер 2005 жылы бюджетке түсетін салық ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 26%-ын құраса, қазір бұл көрсеткіш 12-13% ғана. Экономист Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, салық саясатын жетілдіру – кезек күттірмейтін мәселе.

– Бюджет – кез келген мемле­кеттің ажырамас бөлігі, негізгі атрибуты. Егер бюджетке көбі­рек қаражат түсетін болса, соғұр­лым мемлекеттің әлеуметтік-эко­но­микалық мәселелерін шешу әлеуеті арта түседі. Сонымен қатар қазына қаржысы әлеуметтік әлсіз топтарды қорғап, халық арасында тепе-теңдікті қалыптастырып, аймақтардың біркелкі дамуына жағдай жасайды. Егер мемлекеттік институттар бюджетке түсетін салықты жеткілікті мөлшерде жинай алмаса, мұндай жағдайда байлар байыған үстіне байып, ке­дейлер кедейлене береді. Аймақ­тар арасындағы әлеуметтік-экономикалық ал­шақтық ұл­ғайып, елдің саяси тұтастығына қауіп төнеді, – дейді
Ж.Құлекеев.

Сарапшының айтуынша, салық мөлшерлемесін арттыру Ре­сеймен саудадағы теңсіздікті жою үшін де жасалып жатыр. Қазір Ресейде ҚҚС – 20%, сондықтан ресейлік тауарлар біздің нарықта бәсекелестерінен басым түседі. Салық көтерілсе, импортталатын тауарлар мен жергілікті өнімдердің жағдайы теңеспек.

– ҚҚС көтерілген уақытта бюджеттің кіріс бөлігіне түсетін қаражат өседі. Бұл – өте жақсы нәрсе. Сонымен бірге, ҚҚС тек бюджетті толықтыратын құрал емес, ол біздің алыс-жақын шетелдермен экономикалық қарым-қатынастарымызды реттеуде де маңызды рөл атқарады. Қазір біздің негізгі сауда серіктесіміз – Ресей, тиісінше дүниежүзінен келетін импорттың қомақты па­йызы осы елдің еншісінде. Ресей экономикасы еліміздің экономикасына қарағанда анағұрлым жақсы дамыған. Олардың шыға­ра­тын өнімдерінің саны да, сапасы да өзгеше. Жалпы, Ресей экономикасы біздің экономикадан 8 есе үлкен болғандықтан, онда өндірістің масштабы айтарлықтай жоғары. Егер Ресей өз өнімін бізге экспортқа жіберсе, ресейлік өндірушілерге мемлекет 20% салықты қайтарып береді. Ал бізге келген соң оған 12% ҚҚС қосылады. Екі ел ара­сын­дағы 8% айырмашылық Ресей өндірушілеріне қосымша басым­дық береді. Осыны реттеудің бірден-бір жолы – біздегі мөлшер­лемені көрші елмен теңестіру, – деп түсіндірді экономист.

 

Баға өсімі – үнемі жалғасатын үрдіс емес

Экономикада «масштаб әсері» деген ұғым бар: өндіріс көлемі артқан сайын өнімнің өзіндік құны арзандай береді. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей өндірушілерінің нарығы үлкен болғандықтан, оларда белгілі бір басымдықтар бар. Осындай ірі мемлекетпен біз бір экономикалық одақтамыз. Демек Ресейден Қазақстанға тауарлар кірген кезде біз кедендік баж салығын сала алмаймыз. Осы нүктеде тосылып қалатынымыз жасырын емес. Ал өндірісі бізге қарағанда ауқымды Ресей компаниялары өнімдерін бізге арзан бағамен ұсынуға мүмкіндік алады (себебі олардың өнімдерінің өзіндік құны төмен).

Бірақ мәселе мұнымен біт­пейді. ҚҚС – жанама салық. Яғни оны компаниялар емес, тұтынушылар төлейді. Басқаша айтқанда, дүкендегі ұн, қант, шай бағасы өседі, ал қосымша шығын сіздің қалтаңыздан шыға­ды. Үкімет бағаның күрт өсуін тоқтату үшін әлеуметтік салықты алып тастауды ұсынған, бірақ бұл идея қолдау таппады. Осы базы­намызды экономиске айтып көрдік. Ол «сәл шыдау керек» дейді.

– Әрине, мөлшерлеме көте­ріл­генде, баға өседі. Бірақ бұл үнемі жалғасатын үрдіс емес. Биыл ҚҚС-ны көтерсек, осы жыл ішінде баға өсімі байқалуы мүмкін. Дегенмен келесі жылдан бастап оның әсері азаяды. Сондықтан сәл шыдайық, уақыт өте келе тұрақтылық орнайды. Пайдасына зер салайық. Мұны көтерудің бірнеше пайдасы бар. Әуелі, бюджеттің кіріс бөлігі то­лығады. Сосын отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабі­леттілігі артады, салықтық жүйе тұ­рақтанады. Ешбір мемлекет салық мөлшерлемесін жай­дан-жай көтермейді, ол белгі­лі бір қажеттіліктен туындайды. Кейін­гі уақытта әртүрлі фактор­дың әсерінен бюджет кірістері төмендеп кетті, – деп жауабын толықтыра түсті.

Расында, кіріс төмендеді. Оған шағын және орта бизнестің салық жүктемесінің жеңілдетілуі де әсер етті. Сарапшылар сөзі­нен ұққанымыз – егер ҚҚС мөл­шер­­лемесі өзгеріссіз қалса, онда қа­зіргі ахуал сақталады – Ресей тауарлары ішкі нарықтағы үстем­дігін жалғастырады. Бюд­жет­ке түсетін кіріс азайған сайын, мемлекеттің әлеуметтік міндет­темелерді орындау мүмкіндігі де төмендейді. Қазір бюджет қара­жатының басым бөлігі әлеуметтік бағдарламаларға, оның ішінде зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге жұмсалады. Егер бюджет кірісі азайса, онда бұл міндеттемелерді орындау қиындайды.

 

Үкімет бастамасын қолдау маңызды

– Салық реформасы бізге қазір өте қатты қажет. Өйткені Конституцияда салық төлеу әр азаматтың міндеті екені нақты көрсетілген. Дегенмен салық жүйесінде әділеттілік қағидаты да сақталуға тиіс. Бұл қағида Конституцияның негізгі талаптарына сәйкес келеді. Сол себепті, Президент көтерген салық реформасы Құрылтайда маңызды мәселе ретінде қарастырылды. Қазір елімізде екі түрлі кәсіпкер бар: бірі заңға сәйкес әділетті түрде салық төлейді, енді бір топ түрлі айла-тәсіл арқылы салық­тан жалтаруға тырысады. Олар­дың ішінде «бөлшектеу» әдісін қолданатындар да көп. Яғни бизнесін бірнеше шағын компанияға бөліп, салық мөлше­рін азайтқысы келеді. Бұл – әді­лет­сіздік. Өйткені қарапайым азаматтар өздерінің салықтарын уақтылы төлеп отыр, – дейді депутат Марат Башимов.

Дамыған мемлекеттерде са­лық төлеуден жалтару ауыр қыл­­мыстардың қатарына кіре­ді. АҚШ пен Еуропада әр азамат, әр кәсіпкер, әр заңды тұл­ға са­лықтан жалтармай, заңды қатаң орындайды. Себебі мем­ле­кет­­тің тұрақтылығы мен қоғам­дағы әлеуметтік теңдік салық түсімдеріне тікелей байланысты.

– Елімізде салық жүйесін әділетті ету үшін реформаның бас­ты мақсаты – барлық кәсіп­керге бірдей жағдай жасау, са­лықтан жалтару мүмкін­дік­терін азайту және бюджетке түсетін түсімді арттыру болуы керек. Мен өз ұсынысымды біл­дірдім – «супер олигархтар» үшін салық мөл­шерін арттыру қажет. Көптеген мемлекетте ауқатты азаматтар табысының белгілі бір бөлігін мемлекетке қайтарады. Мысалы, Германияда байлар табысының 50%-ын, бас­қа елдерде 30-35%-ын са­­лық ре­­тінде төлейді. Қазір осы мәсе­ле заң жобасында қарас­тыры­лып жатыр. Негізгі қағида: байы­ған сайын салық мөлшері де артуға тиіс. Бұл – ха­лық­аралық тәжірибеде бар әділдік ұстаны­мы. Еліміз де осы бағытқа бет бұруы керек. Реформа аясында Премьер-министр Олжас Бектеновтің бас­тамаларын қолдау қажет деп білемін. Өзгерістер қоғаммен бірге талқыланып, әділетті шешім қабылдануға тиіс. Салық рефор­масы – мемлекеттің эконо­ми­калық тұрақтылығын қамтама­сыз ететін маңызды тетік. Егер салық жүйесі әділетті болса, әлеу­меттік теңдік сақталады, бюд­жет кірісі артады, ал мемлекет өз аза­маттарының әл-ауқатын жақсар­туға мүмкіндік алады, – дейді депутат.