Тұлға • 03 Сәуір, 2025

Қайраткер мұрасын танымалдандыру міндеті

360 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда Астанадағы Смағұл Садуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназияда ерекше шара өтті. Бұл төртінші тоқсанның басталған кезеңі болғандықтан, мұғалімдер ұжымы кәсіби қызметіне жігермен, ыждағатпен кіріскені байқалып тұрды.

Қайраткер мұрасын танымалдандыру міндеті

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш тұлғасы Смағұл Садуақа­сұлының (1900–1933) туғанына – 125 жыл. Айтулы белесті елімізде ақыл-парасат, ин­тел­лектуалдық өріс, білім-ғылым сабақ­тастығы аясындағы конференция, мәдени басқосу форматында атап өту жоспарланды. Біртуар қайраткер ұлт жастарының тарихи «Бірлік», «Жас азамат» қозғалыстарына қатысып, алашшыл буынның бірнеше басылымын («Жас азамат», «Еңбекшіл жастар», «Өртең» газеттері) үйлестірді. 20-жылдары «Жастарға – жаңа жол», «Жас­тармен әңгіме» атты танымдық кітап­­тар жазды. 1928 жылы ұлт талант­тары Ж.Аймауытұлы, Б.Майлин, М.Әуезов шығармаларын өзі орыс тіліне аударып, Мәскеуде «Молодой Казахстан» атты таңдаулы жинақ әзірледі. 1925–1927 жылы Білім министрі (Халық ағарту комиссары) болғанда мемлекеттік ұлт театрын, қазақ университетін ашудың басында тұрды. Алаш зиялыларына қамқор болды. Ахмет Байтұрсынұлының оқулық жазу, мектеп саласын жүйелеу ісін жалғастырды. Қандай жауапты қызметте жүрсе де қолынан қаламы түспеді. Ол роман да, повесть те, әңгіме де, әдеби сын да, көкейкесті көсемсөз де жазды. Саяси қызметімен қоса «Еңбекші қазақ» газеті (бүгінгі «Egemen Qazaqstan») мен «Қызыл Қазақстан» журналын (бүгінгі «Ақиқат») қатар басқарды. Абай мен Сұл­танмахмұт мұрасын жинатып, ұлт ән-күйін құнттауға мұрындық болды. Жастай Батыс Сібірдің кооперация саласында маманданған Смағұл ел экономикасына да атсалысты. 1924 жылы Қазақстан «Госп­ланын» басқарды. 1925 жылы республика коммунистік партиясын басқаруға келген Ф.Голощекин «Кіші октябрь» жоспарын орындауға кіріскенде, солақай саяси-экономикалық саясатына ашық қарсы тұрды. Алаштың аға буыны және кейінгі тарихшылар айтқандай, «Дәл осы жылдары Қазақ­станды С.Садуақас­ұлы сынды сауатты, елшіл қайраткерлер басқарса, халық аш­тыққа да, басқа да қиындыққа ұрын­бас еді». Өкінішке қарай, осындай деңгей­дегі тұлғаны 1927 жылы саясаттан шеттетіп, 1933 жылы қызыл террордың құрбаны етті. Міне, Тәуелсіздік пен әділеттік дейтін асыл мұраттың, қастерлі құндылықтың орны осындайда көрінеді.

ва

Астананың Алаш тұлғасы атында­ғы мектебінде өткен «Смағұл Садуақас­ұлының ағартушылық мұрасы және бүгінгі сын-қатерлер» атты дөңгелек үстелде «Қаһар­мандар» қоғамдық қоры­ның төрағасы, экс-сенатор, заңгер-ғалым Сабыр Қасымов, республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынба­сары, экс-сенатор, тарихшы-ғалым Өмірзақ Озғанбай, «Қазақ газеттері» серіктестігі­нің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Гүлнар Мұқанова, Ардагерлер ұйымының мүшесі, өлкетанушы Болат Темірбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан – Беларусь орталығының дирек­торы, тарихшы-ғалым Жабай Қали, жас зерттеуші Самат Жұматай қай­рат­­кердің мағыналы өмірі мен шы­ғар­­машылығының белгісіз тұстарын сөз етіп, орта білім жүйесі игеруге, наси­хат­тау­ға тиісті еңбегін, қағидатын ұсын­ды. «Смағұл Садуақас­ұлы – елге қызмет етудің, елді сүюдің симво­лы» деген заң­гер-ғалым Сабыр Қасымов­тың пікірі дөң­гелек үстелдің тұжырымын­дай болды.

Гимназия директоры Қарлығаш Жанғазақова осындағы С.Садуақасұлы музейін жетілдіру мен қайраткер атын алған оқу орындары арасындағы ғылыми және әдістемелік байланысты арттыру туралы ойын ортаға салса, тарих пәні мұғалімдері бірлестігінің жетекшісі Ғалия Жәрімбет «Қайраткер Смағұл мұрасы өткеннің ақтаңдақтарын қалпына келтіруге көмектесетінін» баса айтты. Ұстаздар ұжымының ниетін жет­­кізген қазақ тілі мен әдебие­ті пәні­н­ің мұғалімі Мұқият Қойшыбай­ұлының С.Садуақасұлы туралы өлеңі, оқушылардың отаншылдығын таныт­қан 5-сынып оқушысы Алпамыс Тоғызбай орындаған «Ұлт рухы» әні жиналғандарды жақсы әсерге бөледі.

Дөңгелек үстел қорытындысында гимназиядағы қайраткер музейінің тұжырымдамасын жетілдіру, әр оқу жы­лы­ның басында дәстүрлі «Смағұлтану» сабағын өткізу, С.Садуақасұлы атын алған білім, ғылым ордалары арасындағы ықпалдастықты арттыру, қайраткер мұрасын насихаттау бағытында оқушылар арасында өткізілетін ғылыми байқаудың мәртебесін көтеру, ата-аналарды елдік тұлғатану шарасына кеңінен тарту, Астана­дағы бейітін (сүйек-күлі 2011 жылы Мәс­кеу­ден елордаға әкелініп жерленген) лайықты күту жоспары бекітілді.

 

Сабыр Шәріп