20 Маусым, 2015

Берен мылтық

1417 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
03-08-11-01 Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бөлекше бейнесіне балама боларлық әдеби образды көптен бері іздеп, ойланып-толғанып жүр едім. Сәті енді түскен сияқты. Оның жайы былай болды. Асқарбек Медеубеков екеуміз бұдан бес-алты жыл бұрын бір туыстың үйінде қонақта болған екенбіз. Орта бойлы, жұмыр денелі, кең иықты, жоталы қыр мұрынды, қараторы өңді жігітті мен ұмытыңқырап қалыппын. – Сол жолы айтқан кейбір ой-пікіріңіз ұнаған еді, – деп амандық-есендік біліскеннен кейін ол өз шаруасын айтты. – Е, дұрыс. Қарсы болмасаңыз мына көшенің арғы бетіндегі кафеге барып, тамақтана отырып әңгімелесcек. – Жарайды. Екеуміз мұнтаздай таза, кең де жарық кафеге ендік. Түскі ас мезгіліне әлі ерте еді. Содан ба, кафе ішінде бізден басқа ешкім көзге шалына қоймады. Оңашалау үстел жанындағы орындықтарға жайғасып, бір-бірімізге қарсы қарап, шүйіркелесе бастадық. Асқарбек біраз жыл Шымкенттегі атақты қорғасын зауытында инженер болып істепті. Кеңес өкіметі ыдыраған соң, Түлкібас ауданындағы туған ауылы Келте Машатта жаттықтырушылық жұмыспен айналысып, ауыл жастарын боксқа баулыпты. – Бокс өнерінен хабарың бар екен ғой? – деген маған: – Жас кезімде боксер болғанмын, – деп жұмсақ жымиды. Ол өз өмірінен біраз сыр шерте келіп: – Кезінде көп қиындық көрген, тіпті, кейде ішер тамағы да болмаған, сонда да жасу, мұң шағу дегенді білмей ізденген, 1992 жылы 46 жасында өмірден озған суретші Батыр Өтептің туындылары туралы өзіңізбен ой бөліскім келді, – деп тоқталмай ұзақ сөйледі. Дауысы әуезді, ойын дәл де жинақы жеткізеді екен. Асқарбектің айтқанынан ұққаным, Шымкент қаласының бір көшесі мен өнер мектебі Батыр Өтеп атымен аталыпты, оның туындыларына арналып өнер мектебінен мұражай ашылыпты. – Батыр Өтептің «Түркі дастан» атты суреті «өмірдің өзгеретінін, бәрі адамның өзіне байланысты екенін, тек қана алға, жақсылыққа ұмтылу керегін, кім де кім шынайы өмір заңдылығымен санаспаса, қиын жағдайға ұшырайтынын алға жаяды. Суреттегі қылыш – имандылық, садақ – ақыл, найза – көкіректің тазалығы. Адамдар бес қаруын – бес сезімін шыңдауы керек. Қазақтың бес қаруың сай болсын дегені – бес сезімің сай болсын дегені. Дүние – кезек, бәрі қайта айналып келеді. Біздің ата-бабамыздың салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында ешқандай өтірік жоқ. Өтірік – тірі өлік деген сөз. Бізде автомат, пулемет, зеңбірек болған емес. Қазақтың қаруы – ақыл мен иман. Сондықтан біздің өмірімізде рухани даму, сананың дамуы ерекше орын алған. Мұны суретші гүл бейнесі арқылы бейнелеген. Гүл – мәңгілік өмір. Суреттегі Қорқыт атаның ақ қобызы – тіршіліктің оянуын білдіреді. Біз қазір оянып жатырмыз. Мына көгершіндер жердің оянуының хабаршылары. Қыз – Қыдыр, жаңа өмірдің келуінің көрінісі. Төңкеріліп жатқан қазан – қазынамыз. Мынау семсер – серт. Біз соғысып, ата-бабамыздың салт-дәстүрін қайта қалпына келтіруіміз керек. Сонда қалай соғысамыз? Адамдардың ішкі сезімін тазартып, нәпсімен соғысуымыз керек. Нәпсі – тажал. Нәпсіні имандылық жеңеді. Сонда адамдар дүниеге емес, рухани өмірге ден қояды. Қазақ халқы рухани әлеммен құпия байланысып, қайғы-мұңға берілмеген халық. Біздің барлық ертегіміз де, батырлар жырымыз да, шешендік сөздеріміз де, мақал-мәтелдеріміз де астарлы. Олар сол кезгі қоғамдағы адамдардың ішкі жан дүниесінен хабар береді. Ол кездегі адамдарды қараңғы деп келдік қой. Ол – қате, қараңғы емес, қайта өте таза, әділ, ақылды болған, біреуге жамандық, қиянат жасамаған. Батыр Өтептің «Түркі дастаны» бізге осындай сыр шертеді. Бұл да аз. Суретте мысық тышқан аулап жүр. Қасындағы жолбарыс – ата-бабамыздың батырлық рухы. Ақбоз ат – салт-дәстүріміздің, тіліміздің тірілуі. Таңертең адамдар ұйықтап жатқанда құс сайрап, кім-кімді де рахатқа бөлейді ғой. Мына суретте сол сәт бейнеленген. Жас жігіттің ту сыртындағы көкке ілініп, сайраған бозторғай – келе жатқан жаңа өмірдің хабаршысы. Ана киіз үйдегі ата мен ана, бала көрінісі – салт-дәстүріміз, мәдениеттілігіміз жағынан ең таза, рухани бай халықпыз, салт-дәстүрімізді, тілімізді толық жандандыра алмай жатқан кезіміздің өзінде мықты халықпыз деген ойды аңғартады. Қазақтың «малымды да ал, жанымды да ал, пейілімді алма» дегені жайдан-жай айтылмағанын, дүниеқоңыздық қатыгездікті тудырып, адамгершілікті жоятынын суретші түрлі құбылыс арқылы әйгілей түскен. Мұны сізге неге айтып отырмын? – Бәсе, неге? – 1997 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шымкентке келді. Қасында Иманғали Тасмағамбетов бар. Суретші Батыр Өтептің кілемге жіппен тоқып салған, жоғарыда астарлы сырын мен аздап сөз еткен «Түркі дастан» атты аса үлкен, көлемді суретін Президентіміз бірден ұнатты. – Айтты-айтпады, Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев – берен мылтық, – деген Асқарбек ойын былай жалғады. – Берен мылтық дегенімнің ма­ғы­насын көп адам түсінбейді. Себебі, оның оғының ұшқанын ешкім көрмейді, нысанаға тигенін бір-ақ көреді. Сол тәрізді Елбасымыздың қасиеті – берен мылтықтың қасиетіндей. Анасы әулие Райымбек бабамыздың қабірі басында түнеп, түсінде су түбінен мылтық тауып алғаны тегін емес. Нұрсұлтан Әбішұлы алдағы өмірді – стратегияны керемет болжай біледі. Мысалы, Астананы алайық. Оған көп адам алғашында қарсы болды, салынғанда ғана мойындады. Нұрсұлтан Әбішұлы көрінбейтін болашақ өмірді, болашақ қазынаны жасап жатыр. Оны көп адам әлі түсінбейді. Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен болашақтың іргетасын қалады. Қазақтар «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» деп бекер айтпаған. Жолбарыс – батырлардың рухы. Нұрсұлтан Әбішұлында да батырлардың рухы бар. Атасы Жамбылдың қызыл жолбарысы осы Нұрсұлтанда қазір. Ол ешкімнен қорықпай, елді тек алға бас­тап келеді. Байқасаңыз, Нұрекең ескі дүниені қиратып, жаңа дүниені жасаушы. Қиындықты елемей, астанамызды да ауыстырып, бәрімізге жаңа ой, жаңа арман сыйлады. – Маған сенің Нұрсұлтан Әбішұлы қасиетін берен мылтық қасиетімен салыстыра түсіндіргенің ғажап әсер етті. – Шынында біз оқтың ұшқанын көрмейміз, нысанаға тигенін бір-ақ көре­міз ғой. Сол сияқты Нұрсұлтан Әбіш­ұлы бастамасының нәтижесін бір-ақ білеміз. Ол кісі ата-бабамыздың ғасыр­лар бойғы арман-қиялын жүзеге асырушы. Астананы аз жылдың ішінде-ақ әлем таң­ға­ларлық Ақ ордаға айналдырып жіберді. Бұл Алланың мейірімімен, Алланың қолдауымен жүзеге асты. Астана алда салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды қал­пына келтірер ілімнің ордасы болады. – Асқарбек, Нұрсұлтан Әбішұлы қа­сиетін берен мылтық қасиетімен салыс­тыру тәрізді ой басыңа қалай келді? – Өткен-кеткенді сан мәрте ой елегі­нен өткіздім. Берен мылтық – қасиетті қару ғой. Ол жеті қазынаның бірі. Біз жер бетіндегі ерекше халықтың санатындамыз. Басқа халықта аруақ деген ұғым бар ма, жоқ па? Меніңше, ондай ұғым жоқ тәрізді. Нұрсұлтан Әбішұлын бірінші Алла, екінші аруақ қолдап тұр. Қазақта «Аруақ ұрған оңалмайды, Құдай ұрған оңалады» деген сөз бар. Сонда бізді бірінші таразылайтын ата-бабамыздың аруағы. Ата-баба аруағы арқылы Аллаға сиынамыз. Қазақтар ада болма, адам бол дейді ғой. Адам бол деген сөз – біздің салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды біл, сақта деген сөз. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы ылғи да ескеріп келеді. – Берен деген сөз қандай мағына береді? – Берен деген сөз, менің түсінігімде, көрінбеген нәрсені көрмей біледі, болашақты болжай алады деген ұғым береді. Мысалы, Нұрсұлтанның істеп жатқан тіршілігінің бәрі – болашақтың тіршілігі. Ол – өмірді өзгертуші, болашақты жасаушы. Анасының түсінде суды көруі де ғажап. Су – тазартушы, оятушы. Су – Нұрсұлтанның көңілі, ойы. Ол қандай бастама бастаса да, бәрі іске асып жатыр. Ертегіміздегі самұрық құс – құтқарушы ғой. Нұрсұлтан сол самұрық құсқа ұқсап әрекет етіп келеді. Бір ғана Бәйтеректі алыңыз. Бала кезімде Кенен Әзірбаевтың самұрық құс туралы өлеңін оқып, таңғалған едім. Кенекең де тегін емес, өте қасиетті кісі. Жамбыл бабамыз да әулие болатын. Ол кісілердің ертегі-аңыз­дарындағы көп құбылыстарды бүгін Нұрсұлтан өмір шындығына айналдырды. Жәкең де, Кенекең де өз кезеңіндегі өмір сырын жақсы білген. Оны ол кезде ашық айту мүмкін емес еді. Айтса, жоқ болып кетеді. Қараңғыда жарықты айтуға болмайды. Жарықтың заманы келді. Енді ойыңды ашық айта беруіңе болады. Жарық деген сөз рухани даму деген сөз. Қазақ қуанышта шашу шашқан ғой. Бүгін шашу шашуға болады. Жер бетіндегі халықтың көбісі өз салт-дәстүрін ұмытып кетті. Құдайға шүкір, біз ұмытқан жоқпыз. Құпиялардың бәрі бізде. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деп бекер айтылмаған. Барлық сөздің түбірі халқымызда. Байқасаң, біз көп нәрседен алға кеттік. Қазір өзгерістер өте тез. Бірде уақыт жай жүреді, не тоқтап қалады, бірде тез, шапшаң жүреді дейміз ғой. Біздің заманымыз шапшаң жүріспен келеді. Әр күніміз мың күнге татиды. Сағат сайын өзгеріс, жаңалық болып жатыр. Оны телевизор мен компьютерге енгізіп үлгере алар емеспіз. Өкінетінім, адамдар майдаланып барады. Материалдық байлыққа құныққандардың ары күл астына көміледі, рухани құндылықтарға ұмтылғандардың ары жеті қат көкке көтеріледі. «Аруақ ұрған оңалмайды, Құдай ұрған оңалады» дегеннің мағынасы осы шығар деп ойлаймын. Біздің тапқан байлығымызды шашып, халқымызды сатып, шетелде тайраңдап жүргендер – аруақ ұрғандар. Бала кезімде ақсақалдар қияметте тажал шығады деуші еді. Сол тажал – ақша екен. Ақша әзәзіл – адамды бұзып, бойындағы барлық қасиетін жойып жіберетін көрінеді. Өлі тіріге мұқтаж. «Өлі риза болмай тірі байымайды» дейміз. Біздің парызымыз – аруақтарды сыйлау. Ата-бабамыз не үшін өлді, не үшін қырылды? Олар біздің өмірімізді қанымен, жанымен қорғады емес пе? Олар тек жерді ғана сақтап қалған жоқ, бізді де сақтап қалды. Кім өзінің тілін, рухын сақтаса, ол әрі қарай дами береді. Кім дүниеқоңыздыққа салынса, ол әрі қарай жоғала береді. Кеңес Одағы ыдырағанда ең бірінші ұры-қарылар көзге түсті емес пе? Қазір олар жоқ, тез жойылды. Көбісі өліп кетті. Озбырлықпен жинаған дүниесі шашылып әр жерде қалды. Милиционерге дейін ұры-қары атанды. Әкім-қаралар да шетелге қашып, масқара болып жатты. Сол кезде өзім: – Ойпырым-ай, жер бетінен біржола жойылып кетпесек екен. Құдай оның бетін ары қылсын, – деп қатты уайым жеп, қорықтым. Халқымыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын алтын ғасыр келсе екен деп армандаған. Алтын ғасыр дегеніміз – қасиеттер ғасыры, адамдардың қасиеттері ашылатын ғасыр. Оның негізі біздің ертегілерімізде, батырлық жырларымызда, салт-дәстүрімізде сақталған. Біз өте талантты халықпыз. Қазір екі тіл, үш тілді білу қазақтың жастарына сөз болмай қалды. Ілім елімізге ұя салды. Көктемде құстар бізге кеп, көбейеді де, басқа жаққа ұшып кетеді ғой. Олар бізге көбею үшін келеді. Сол сияқты, Құдай қаласа, ілім бізден тарайтын болады. Ілім – біздің бес қаруымыз. Қырсықтың бәрін қылышпен кесеміз. Қылыш – имам. Имам халқымыздың жүрегінде сақтаулы. Ол болмаса, дін болмайды. Дін имам бар жерде болады. Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Біз Құдайдан, сөздің киесінен қорыққан, сөздің киесін ұстаған халықпыз. Сөздің киесін Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сақтаған. Бір суретшінің Ордабасы биігіндегі айдаһардың үстіне үш биді отырғызып салған суретін көрдім. Айдаһарды байлаған үш би екен. Біз айдаһардан қорықпаймыз. Қазақтар жыланда сүт жоқ деген. Сондықтан жыланда рух жоқ. Ол жер бауырлап жүреді, көкке көтеріле алмайды. Барысымыздың да оянатын кезі келді. Барыс – қазақтың салт-дәстүрі ғой. Нұрсұлтан барысты бекер таңдаған жоқ. Құдай қаласа, барыс оянады. Ата-бабаларымыздың істеген істері, сөйлеген сөздері, ертегілеріміз, аңыз әңгімелеріміз, батырлар жырлары, салт-дәстүріміз – бәрі біздің асыл қазынамыз. Ол таусылмайтын байлығымыз, мәңгі байлығымыз. Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алады. Тоғыз сан қазақта киелі сан. Қыз ұзатқанда жасауды тоғыз-тоғыздан жасайды. Тоғыз саны бәрін біріктіруші. Құдай қаласа, Қазақстан әлемді біріктіреді. Тоғыз жолдың торабына салынған Астананың бейнесі, болмыс-бітімі аңыздағыдай, мүлде бөлек. Қазір барлық жағынан дамитын мемлекет Қазақстан болып тұр. Бізде жаңа өмір, ол дами береді. Келешек ұрпақтар да жаңа. Олар біздің өмірдей өмір сүрмейді. Оларға біздің бүгінгі тәрбие жүрмейді. Олар рухани байлықты – бірінші, екінші, материалдық байлықты – үшінші орынға қоятын мүлде басқа адамдар. Дүниеқоңыз жандар ешуақытта жақсы болған емес. Адам неғұрлым материалдық байлыққа ұмтылған сайын солғұрлым рухани кедейленіп, азып-тоза береді. Оған жол бермей, салт-дәстүрімізді сақтап, келер күнге аман алып бару – біздің азаматтық борышымыз. Өйткені, ол сан ғасыр сыннан өткен. Біздің ғана емес, қай халықтың салт-дәстүрін алсаңыз да, керемет. Салт-дәстүр әркімге қуаныш сыйлайды, әркімді адамдық қалыпты сақтауға бау­лиды. Салт-дәстүр – заң. Құдай қаласа, біз рухани жағынан қатты дамимыз. Себебі, өз салт-дәстүрімізге, тілімізге, дінімізге қайта оралып, оны қастерлеп, қадірлеуге жіті көңіл бөліп отырмыз, көкірегі ояу, намысшыл жастарымыздың қатары барған сайын көбейіп келеді, Берен мылтығымыз бар кезде көбейе береді... – Менің ой көкжиегімді кеңейтіп жібердің. Рахмет саған, Асқарбек, – дедім мен қатты толқып-тебіреніп… Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы. Алматы.