Ғылым • 03 Сәуір, 2025

С.Сейфуллин университетінде жылқы ауруын анықтайтын зертхана құрылады

414 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы қаржыландыратын және Қытайдың Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Харбин ветеринария ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жүзеге асырылатын Twinning-жобасын іске асырып жатыр. Жоба Орталық Азия елдері үшін Қазақстанда жылқының инфекциялық анемиясы бойынша референс-зертхана құруды көздейді. Жобаның егжей-тегжейлері Харбин ветеринария ғылыми-зерттеу институтының өкілдерінің қатысуымен Сейфуллин университетінде талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

С.Сейфуллин университетінде жылқы ауруын анықтайтын зертхана құрылады

Жоба 2018 жылы Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім және Қытайдың Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Синьцзян аграрлық университеті мен С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында құрылған қазақстан-қытай биологиялық қауіпсіздік зертханасының базасында жүзеге асырылады.

Қазақстан мен көршілес елдер үшін бұл аурудың өзекті мәселе болып қала беретіні атап өтілді. Инфекциялық анемия жылқыларды, есектерді және қашырларды зақымдайды. Қазақстанда жылқы популяциясы 4 миллион басты құраса, Орталық Азияда 10 миллионнан асады.

университет

Қазіргі уақытта Еуропа мен Шығыс Азиядан тыс жерде жылқының инфекциялық анемиясы бойынша WOAH референс-зертханасы жоқ. Жоба аясында 2028 жылға дейін Харбин ветеринария ғылыми-зерттеу институтының мамандары аграрлық университет өкілдерін ауруды диагностикалау мен емдеудің қажетті білімдері мен дағдыларына үйретеді.

Жоба аяқталған соң, ҚазАТЗУ жылқының инфекциялық анемиясына ISO 17025 стандарты бойынша тестілеу жүргізетін болады, бұл зертханаға референс-зертхана мәртебесін алуға мүмкіндік береді.

Харбин ветеринария институтының өкілдері университетке жануарлардың инфекциялық ауруларын диагностикалау бойынша аккредитация сертификатын табыстады.