Digital • 04 Сәуір, 2025

Стартап. Сенім. Серпіліс

146 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде түрлі салаға серпін әкелетін технологиялық стартаптар көбейіп келеді. Жас кәсіпкерлер жасанды интеллект пен цифрлы шешімдер арқылы қоғамның нақты мәселелерін шешіп, нарықта өз орнын қалыптастырып жатыр. Бұл үрдіс әсіресе білім, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында ерекше бай­қалады. Мәселен, «Quoku» қосымшасы талапкерлерге жоғары оқу орындарына түсу жолын жеңілдетсе, «Baibolsyn.kz» платформасы фермерлер мен ауыл кәсіп­керлерін қажет мамандармен байланыстырады. Ал «Biny.co» стартабы жүк тасымалдау үдерісін ашық, қауіпсіз әрі тиімді етуге бағытталған.

Стартап. Сенім. Серпіліс

«Quoku»

17 жастағы ақтөбелік Алпамыс Саржігітов – мәнерлеп сырғанаудан бірнеше мәрте жүлдегер атанған спортшы. Алайда ол үш жыл бұрын мүлде басқа бағытқа бет бұрды. Жеке мектепке түсуді көздеген Алпамыс веб-бағдарламалауды өз бетінше меңгеріп, осы күні жасанды интеллектіге негізделген ерекше стартап жасауды қолға алды. Жас өнертапқыш тіпті осы жобасын дайындау барысында Шанхайдағы беделді Нью-Йорк университетінен шақырту алған.

«Үш жыл бұрын халықаралық жеке­меншік «Ақбөбек» мектебінің оқу жүйе­сімен танысқан едім. Ол жерде тегін оқу орындары қарастырылған, бірақ ол үшін іріктеуден өтіп, білімнің жоғары деңгейін көрсету қажет еді. Басқа үміткерлерден қалайда ерекшеленгім келді. Сөйтіп, ойлана келе, мектепке жаңа сайт жасап беруді ұсындым, өйткені мектептің бұрынғы сайты жаңартуды қажет етіп тұрғанын байқадым», дейді ол.

Бір қызығы, бұл уақытта Алпамыс бағдарламалау тілін мүлдем білмеген. Оқуға деген қызығушылығы ғана оны алға жетелепті. Содан, қайсар бала веб-бағдарламалауды тегін плтаформалар арқылы үйрене бастайды. «YouTube»-тегі сабақтарды көріп, «Reddit» пен «Stack Overflow»-дағы жазбалармен танысады. Сағаттап отырып, тәжірибелі мамандардың жобаларын зерттеп, өз бетінше түрлі тәжірибе жасап та көреді. Ақырында, еткен еңбек еш кетпей, Алпамыс мектеп әкімшілігіне жаңартылған сайт жобасын таныстырады. Олар қуана қабылдап, алғыр оқушыға грант ұсыныпты.

Осылайша, жасөспірім бірте-бірте IT-саласын табыс көзіне де айналдырған. Алдымен графика мен UX/UI-дизайннан бастап, кейіннен фронтенд әзірлеуге көшкен ол фриланс арқылы айына 350 мың теңгеге дейін табыс тапқан. Алайда 10-сыныпта Алпамыс бар зейінін оқуға шоғырландырады.

«Алдыңғы қатарлы оқу ордасында білім алғым келді. Сол кезде өте көп әрі шашыраңқы ақпаратпен бетпе-бет келдім. Университетке түсуге қандай құжаттар қажет? Оны өткізудің соңғы мерзімі қа­шан? Файлдарды қай форматта тапсыру керек және эссені қалай дұрыс жазуға бо­лады? Мінекей, осындай сұрақтардың бәрі – талапкерге кедергі. Осы лабиринттен өте алмай талай оқушы қолын бір-ақ сіл­те­ген де болуы мүмкін», дейді ол ағынан жары­лып.

Осы мәселеден кейін Алпамыс талапкерлерге көмектесетін «Quoku» атты қосымша әзірлеуге кіріскен. Қосымша жасанды интеллект арқылы пайдаланушының академиялық профилін талдап, талапкердің қызығушылығына сай шетелдік университеттерді ұсынады, құжаттар мен дедлайн туралы ескертеді, эссе, мотивациялық хат, тестке дайындық туралы кеңес береді, керек десеңіз дайындықтың жеке жоспарын жасап береді. Қосымшаның тағы бір маңызды артықшылығы – оқуға түсу мүмкіндігін бағалайтын жүйе, ол машиналық оқытуға негізделген. Бұл алгоритм бұрын университетке түскен студенттердің деректерін талдай отырып, қабылдану ықтималдылығын болжайды. Осылайша, қосымша күн са­йын жаңа мәліметтер арқылы жетіліп, талапкерге дәлірек болжамдарды айтады.

«Қазіргі таңда стартапты өзім қаржы­ландырып жатырмын, техникалық шығын­дарға шамамен 300 доллар жұмсадым. Мақ­сатым – 2025 жылдың екінші немесе үшінші тоқсанында тұрақты айлық қайталанатын табысқа (MRR) шығу. Ал ұзақмерзімді жос­парда «Quoku» толық­қан­ды экожүйеге айналуы керек. Ол талап­керді бүкіл қабылдау үдерісінен жетелеп өткізуге тиіс. Болашақта «Quoku» — жай ғана платформа емес, талапкерлерге көмектесетін белсенді студенттер қауым­д­астығы болады. Тағы бір маңызды мақ­сатым — еліміздегі университеттер­мен әріптестік орнату. Талапкерлер шет­ел­дік оқу орындарын ғана емес, еліміз­дегі мүмкіндіктерді де көріп, өзіне ең қо­лайлы нұсқаны таңдай алуға тиіс. Менің ойымша, бастысы — жастарға ақпа­­раттың қолжетімді болуы. Сонда олар өз мүмкіндігін дәл бағалап, дұрыс шешім қабылдай алады», дейді Алпамыс Саржігітов.

 

«Baibolsyn.kz»

«Baibolsyn.kz» – ауыл шаруашылығы сала­сындағы түрлі қызметтер мен өнім­дерді бір орталықтан басқаруға мүм­кіндік беретін платформа. Мұнда фер­мерлер мен кәсіпкерлер өзіне қажетті маман­дарды, жабдықтарды, қызметтерді оңай таба алады. Қалай дейсіз ғой? Мысалы, ауылдағы шаруаларға шөп шабатын техника керек делік немесе жер өлшейтін геодезист, вакцина салатын мал дәрігері қажет. Көп жағдайда сапалы техника мен мықты мамандар дер уақытында оңайлықпен табыла бермейді. Ал «Baibolsyn.kz» мұның бәрін бірнеше минут ішінде тауып береді. Тіпті қажет болса, ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын интернет-дүкендерге дейін сілтеме ұсынады.

Платформаның мақсаты – ауыл шаруашылығын цифрландыру арқылы шаруалар мен қызмет көрсетушілерді тікелей байланыстыру. Бұл – бір жағынан уақыт үнемдеу, екінші жағынан ауыл тұрғындарының табысын арттыратын тиімді жоба.

«Baibolsyn Solutions» компаниясының бас директоры және тең құрылтайшысы Абылайхан Ахметжановтың айтуынша, платформаның біраз қызметі сұраныс негізінде пайда болған. Өйткені кейбір жобаға инвестиция салғанда ол идеялар көрші елдерде қарқынды жұмыс істегенімен, біздің елде жүзеге аспай қалған жағдайлар да болыпты. Сондықтан қазір компания иелері шаруаларға шынымен не қажет екенін қарастырып, сол жағын қамтуға кіріскен.

«Ауыл шаруашылығы қайтадан ел экономикасының қозғаушы күшіне айналып, өркендеп, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алса дейміз. Одан бөлек, қоғам тарапынан шаруаларға көзқарастың өзгергенін қалаймыз. «Фермерлер ауылда келешегі жоқ жұмысты істейді, көп уақытын далада өткізеді, ал кеңсе қызметкерлері әдемі киініп, өте маңызды нәрсе жасайды» деген таптаурын түсінік әлі де бар. «Baibolsyn.kz» – тек платформа ғана емес, ауылды жаңғыртудың жаңа жолы. Біздің миссиямыз – заманауи технологиялардың көмегімен ауыл шаруашылығы кәсібін жеңілдетіп, оны тартымды әрі тиімді ету. Платформа атауы – «Baibolsyn». Бұл сөз – байлықты, молшылықты білдіреді, тілек ретінде де айтылады. Сол себепті стар­тап­тың атауы қазақ диқандарының өнімі мол болсын, ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ел экономикасы өркен­десін деген ниетте қойылған», дейді А. Ахметжанов.

Платформа жұмысының тағы бір ерекшелігі – ол ауыл кәсіпкерлеріне де, қызмет көрсетушілерге де тең мүмкіндік береді. Яғни «Baibolsyn.kz» тек ақпарат ұсыну құралы емес, нақты әрекет алаңына айналған. Мұнда тіркелген қолданушылар өз қызметін жарнамалап, клиентпен тікелей байланыс орната алады. Бұл – делдалсыз, ашық және тиімді жүйе.

Сондай-ақ платформа ауыл шаруа­шы­лығына арналған маркетплейс қызметін де дамытып келеді. Мұнда фермерлерге қажетті ты­ңайтқыш, жем­шөп, техника бөлшектері сияқ­ты тауарлар да сатылады. «Baibolsyn.kz» командасы болашақта платформаны мобильді қосымша түрінде кеңейтіп, еліміздің барлық өңірін қамтуды, ауыл шаруашылығына қатысты кеңес беру, оқыту курстары мен онлайн семинарлар енгізуді жоспарлап отыр.

 

«Biny.co»

Қазір жүк тасымалдаумен айналысатын көптеген ком­пания алаяқтардың арбауына жиі түсе­ді. Компаниялар осын­дай келеңсіз жағ­дайлардан орасан шығынға ұшы­рап, тасы­­малдау жүйе­­сіне деген сенім төмен­­дейді. Бұл ретте «Biny.co» жүйесі осындай тәуе­кел­дердің алдын алуға бағытталған кешенді шешім ұсы­нып отыр.

Көлік-логистика са­ласының түйткілді тұс­тарын шешуге бағыт­талған отандық «Biny.co» стартабы жүк тасы­мал­даудағы ашықтық пен қауіп­сіз­дікті арттыруды мақ­сат етеді. Жобаның негізін қалаушы – Әсет Хасенов. Ол бұл платформаны құрғанда алдымен еліміздегі логистиканың өзекті мәселелеріне терең талдау жасаған. Аталған жүйе тасымалдау үдерісін толықтай цифрландыруды көздейді. Жүк жөнелтуші, көлік компания­сы және жүргізуші – осы үш тараптың әрқайсысына арналған жеке қосымша бар. Жөнелтуші тапсырысты рәсімдейді, жүргізуші оны қабылдайды, ал компания үдеріс барысын бақылап отырады. Барлық байланыс тікелей, делдалсыз, артық шығынсыз жүзеге асады.

Қосымшаның қауіпсіздік жүйесі ерекше назар аударарлық. Жүргізушілер «Face ID» арқылы тіркеліп, мемлекеттік деректер базасымен салыстырылады. Бұл – жалған құжатпен жұмыс істейтін немесе сенімсіз тасымалдаушыларға қойылатын тосқауыл.

«Biny.co» платформасының тағы бір артықшылығы – әрбір тасымал үдерісін онлайн режімде бақылауға мүмкіндік беруі. Қай жүк қашан, қай бағытта кетіп бара жатқаны қосымшада нақты көрініп тұрады. Бұл – компанияларға ғана емес, тапсырыс берушілерге де үлкен сенім ұялатады.

Бұдан бөлек, жүйеде рейтинг пен пікір қалдыру функциясы бар. Жүргізушілер мен компаниялардың беделі де осылай қалыптасады. Сенімді қызмет көрсетуші жоғары бағаланады, ал нашар қызмет көрсеткендер жүйеден автоматты түрде шығып қалады. Бұл – бәсекелестік пен сапаны арттыратын әділ механизм.

«Biny.co» бүгінде елімізден бөлек, Ресей мен Өзбекстанда жұмыс істейді. Енді Қырғызстан нарығына шығуға да­йындалып жатыр. Болашақтағы мақсат – Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия және MENA аймақтарына кеңею. Бұл – Еуразия кеңістігін­дегі логис­тикалық ағындарды біріктіру бағытындағы маңызды қадам. Компания сонымен қатар шағын көлемдегі жүк­терді біріктіріп жеткізу, цифрлық қойма қызметі, кедендік құ­жат­тарды автоматты түрде тол­тыру сынды жаңа функция­ларды енгізуді жоспарлап отыр», дейді компанияның негізін қалаушы Әсет Хасенов.

«Biny.co» халықаралық деңгейдегі логистикалық платформалармен бә­се­­­келесе алатын то­лық­­қанды отандық жоба. Оның бас­ты артықшылығы – жер­гі­лікті нарықты жетік білуі мен нақты мәсе­лелерге икемдел­ген шешімдер ұсы­нуы. Мысалы, елі­міз­дегі тасымалдау жол­­­дарының жағ­дайы, құ­жат рәсімдеу ерек­ше­ліктері не­месе ауыл-аймақ­тардағы интернет қолжетімділігі – осының бәрін ес­ке­ріп жасаған жүйе бәсекелестерден оқ бойы озық.