Аймақтар • 04 Сәуір, 2025

Мұқтаж жандарға баспана сыйлады

59 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінің жастары қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болу керек емес, ең бастысы мейірімді жүрек пен таза ниет болса жеткілікті деп есептейді. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әртүрлі бағытта көмек қолын соза алатынын нақты істерімен дәлелдеп те жүр.

Мұқтаж жандарға баспана сыйлады

Мысалы, жуырда қасиетті Рамазан айын­да ізгі амал жа­сауды дәстүрге айналдырған түркістан­дық жастар 4 бөлмелі үйді Асылбековтер отбасына табыс етті. Жылдағы үрдіс бойынша Түркіс­тан қаласы «Бекзат» шағын ауданының 1994 жылы туған ер-азаматтары, яғни үш мек­тептің 150-ден аса түлегі ауызбіршілік танытып, бас­пана салып, оны тұрмыстық техникалармен жабдықтаған. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігін өз күшімен асар­латып жүргізген. Жас­тар­дың арасында құрылыс жұ­мыстарын жетік меңгергендер белсенділік танытқан. Осы­лайша, жинал­ған қар­жыны үнем­деуге, тиімді жұмсауға жағдай жасалған.

Құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң баспанаға мұқтаж жандарды анықтауда шағын аудан тұрғындары­ның, қала әкімдігінің кеңе­сіне жүгінген. Сондай-ақ көп­ші­ліктің ұсыныс-пікірін ескерген. Төрт бөлмелі үйді алған Құрбанәлі Серікбайұлы мен Мөлдір Фархатқызы 9 пер­­зентімен бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген екен. Қайырымды істің шарапатын көрген отбасы жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын білдірді.

Баспананы табыс ету рәсі­міне қатысқан ауыл ақса­қалы Дәулет­керей Оспанов, Бекзат Саттар­ханов­тың анасы Сырлыкүл Адыр­бекқызы және ел аға­лары, мәслихат депутаттары құт­тықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады. Ал игі істі ұйымдастырушылардың бірі Бексұлтан Әбішов ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қы­сылтаяң шақтарда ауыз­бір­ші­лікті, адалдықты, ынты­мақты ту етіп көтергенін айтады.

ва

«Адам тағдыры ұлыс тағды­рымен тығыз байланыс­ты екенін қапысыз таныған, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған аға буыннан үлгі алып өстік. Бұл баспананың құрылыс жұмыстарын түгелдей өзіміз жүргіздік. Ақылдаса келе жаңа үйді көпбалалы отбасына сыйлауды жөн санадық. Баспаналы болып, төбесі көкке екі елі жетпей тұрған отбасы мүшелерінің жүзіндегі қуанышты көріп, мар­қ­айып қалдық. Көпшілікпен жи­нал­ған қаражатқа үйді заман та­ла­­бына сай етіп тұрғыздық. Атса­­лыс­қан барлық азаматқа Алла разы болсын. Бұл – осы күнге дейін­гі мұқтаж отбасыларына арнап с­а­лынған 18-үй», деді Бексұлтан Әбішов.

Осындай қайырымдылық істердің басы-қасында жүрген әріптесіміз Нұртас Мұхтарұлының айтуынша, Бекзат Саттарханов атындағы шағын ауданының 1982 жылы туған азаматтары 20 жылдық түлектер кездесу кешінде мұқтаж отбасына баспана сыйлап, жастарға осылайша үлгі көрсеткен. Бұған қоса 1988 жылы туған азаматтар да Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында бір отбасының баспаналы болуына себепші болыпты. Былтыр 1993 жылғылар Ақмешіт имамына 4 бөлмелі үй табыстады. Енді келесі жылы 1995 жылғы азаматтар игі істі жалғастырмақ. Ал алдағы мамырда 1987 жылғылар тағы бір баспананы мұқтаж отбасына табыс етеді.

Тек облыс орталығында емес, барлық ауданда да жас­тар қайы­рым­дылық іс­тері­мен ел алғысына бөле­ніп жүр. Мысалы, Төлеби ауда­ны Ақбастау ауылының жас­та­ры асарлатып, 7 балалы жалғыз басты әйелге үй соғып берген еді. Созақ ауданы Шолаққорған ауы­лындағы Ы.Алтынсарин мек­те­бінің, Созақ ауылындағы Науайы мектебінің түлектері де тұрмысы төмен, жал­ғызілікті анаға үй табыс еткен. Арыс қала­сының №32 Ә.Жангелдин атын­дағы жалпы білім беретін мектебін 2004 жылы бітірген түлектер де игі іске қолдау танытып, мұқтаж отбасыны баспаналы еткен еді.

Айта кетелік, өңірде 2018–2024 жылдар аралығында кезекте тұрған азаматтарға бюджет есебінен 16 925 (9 308 – арендалық, 7 617 – кредиттік) пәтер пайдалануға берілген. Өткен жылы 47,8 млрд теңгеге 2 590 арендалық пәтер сатып алынған. Облысқа 2025 жылы 578 арендалық пәтер сатып алуға 7,7 млрд теңге бөлінді.

 

Түркістан облысы