
Халықаралық іс-шараның басты мақсаты – достық байланыстарды нығайту және жастарды Үндістанның мәдениетімен таныстырып, заманауи дамуын көруге мүмкіндік беру. Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар жастар саясаты, спорт және цифрландыру салаларына жетекшілік ететін министрлермен кездесті. Сондай-ақ олар жергілікті атқарушы органдар мен Үндістанның жетекші оқу орындарының жұмысымен танысты.
Туристік бағыт бойынша жастар Делиге, Гоаға, Аграға сапар шегіп, Тәж-Махал, Агра қамалы және басқа да тарихи орындарды аралады.
Форумның алғашқы күні қатысушылар Аграға сапарлап, әлемнің жеті кереметінің бірі Тәж-Махал кесенесін көрді. Тұтастай ақ мәрмәрдан тұрғызылған сәулет өнері жастарды тамсандырмай қоймады. Келесі күні бес елдің делегациясы Гоа штатына аттанды. Күн, құм және теңіз өлкесі саналатын Гоа Үндістанның ең кішкентай болса да, бай штатының бірі саналады. Орталық Азия жастары Гоаның сауда және өнеркәсіп палатасы басшыларымен, Жастар ісі және спорт министрлігінің өкілдерімен жүздесті.
Сондай-ақ қатысушылар Гоа штатының губернаторы және бас министрдің жеке қабылдауында болды. Кейін жастар Гоа менеджмент институтына ат басын бұрып, плантацияны аралады.
Делиде жастарымыз Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманиям Джайшанкармен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Үндістан арасындағы тарихи, экономикалық және мәдение байланыстар туралы сөз сөйлеп, пікір алмасты. Форумның қорытынды кешінде Жастар ісі және спорт министрі Мансух Мандавия Орталық Азиядан келген жүз жасты қабылдап, сый-сияпат жасады. Әр мемлекеттің көшбасшылары лауазымды тұлғалар алдында сөз сөйлеп, өз елдерінде жастар саясаты қалай жүргізілетінін айтты.
Форум қатысушылары әлемдік үздік оқу орындардың қатарына кіретін Үндістанның технология институтына ат басын бұрып, зертханасын аралап көрді.
– Үндістан мен Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы өте тереңде жатыр. Бұл сапар бізге сол елдің дамуы, инфрақұрылымы, кедейлік деңгейін төмендету жөніндегі күш-жігері және кейінгі жылдардағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістері туралы терең түсінік берді. Сапар барысында алған тәжірибеміз бен әсеріміз Үндістан мен Орталық Азия арасындағы халықаралық байланыстарды нығайтып, ұзақмерзімді байланыстарды орнатуға ықпал етері анық, – деді форумға қатысушы жас Әлжан Шәріпов.