29 Маусым, 2010

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАРЛЫҚ АУМАҒЫ – ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ

934 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін
Телекөпір барысында Қазақстанның барлық өңірлерінің әкімдері Президентке еліміздің жеделдетілген индустриялық-инновациялық дамуының бес жылдық бағдарламасының аясында жүзеге асырылған жобалардың іске қосылуы туралы хабарлады. Жамбыл облысындағы Мыңарал цемент зауыты өндірісінің іске қосылу рәсімі өтті. Балқаш ЖЭС құрылысы басталды. Маңғыстау облысындағы Баутино айлағында кеме жөндеу зауытының тұсаукесері өтті. “Ақтөберентген” АҚ “Дженерал электрик” компаниясымен бірлесіп шығарған алғашқы қазақстандық компьютерлік томограф көрсетілді. Телекөпір барысында жалпы құны 381 миллиард теңгені құрайтын 72 инвестициялық жобаның тұсаукесері болып өтті. 68 нысан – жаңа өндіріс орны. Өңірлермен интерактивтік байланысты қорытындылай келе, Президент қазақстандықтар елімізді жаңғыртудың орасан бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскенін атап өтті. Осының нәтижесінде 2020 жылға қарай экономика 150 пайызға артады. Өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 1,8 есе ұлғаяды, ал ауыл шаруашылығында екі есеге дейін артады. – Бұл біздің тек табиғи ресурстарға сеніп қалмай, баламалы эко­но­миканы, жаңа индустрияны құрып отырғанымызды білдіреді. Қа­зақ­стан ешуақытта өз тарихында алдына мұндай міндеттер қойып көр­ген жоқ және ешуақытта оны іске асыра алған жоқ. Сондықтан мен Қа­зақстанның басшылығы атынан облыстардың, қалалар мен аудан­дар­дың барлық әкімдерін, барлық еңбекшілерді, инженерлік-тех­ни­калық құрамды, құрылысшыларды осы міндеттің жүзеге асырылуымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент Қазақстанның барлық аумағы – құрылыс алаңы екенін атап өтті. Әлемде дағдарыс салдарынан кәсіпорындар тоқтап, банкротқа ұшырап, адамдар жұмыссыз қалып жатқанда, Қазақстан заманауи өндіріс орындарын іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып жатқанын атап өтті. – Міне, біздің таңдаған стратегиямыз осындай, – деп қадап айтты Президент. Мемлекет басшысы жаңа жобалардың жүзеге асқанын қа­дағалап отыратынын және бұл жобаларды іске асыру ба­ры­сы туралы Үкімет мүшелері мен өңірлердің әкімдерін жы­лы­на екі рет тыңдайтындығын жеткізді. – Мен барлық қазақ­стан­дықтарды, әсіресе жастарды, Қазақстанды жаңа индустрия­лық-инновациялық экономикалық мемлекетке айналдыру жолын­да­ғы орасан міндетті жүзеге асы­руда күш-жігерлерін жұмылдыру­ға шақырамын. Бұл Қазақстан­ның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуі үшін қажет, – деді Президент. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан телекөпір кезінде “Егемен Қазақстан” газетінің облыстардағы меншікті тілшілері іске қосылған нысандарда болып, тікелей байланыс шараларын өз көздерімен көрген еді. Соған орай олар телекөпірді газет бетінде жалғастырып отыр. Алматы қаласынан – Қорғанбек АМАНЖОЛ: Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен болған телекөпір ба­ры­сында Алматыда “BІRUNІFARM” компаниясының гемодиализ ері­тінділерін өндіру жөніндегі жаңа зауыты ашылды. Оның ашылу салтанатына қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты. Әкімнің атап өткеніндей, бұл кәсіпорын жаңа зауыттар мен компаниялар барған сайын көптеп ашылып, отандық нарықта табыс­ты жұмыс істеп жатқан Алматы­ның жедел дамуы жөніндегі жар­қын мысал. Осы ретте гемо­диа­лиздің құрама ерітінділерін өндіру біздің елімізде ғана емес, сонымен бірге Орта Азияда алғаш рет қолға алынып отыр. Жобаның жалпы құны 370 миллион теңге шама­сын­да. Жарты жыл ішінде салы­нып біткен кәсіпорынның жұмы­сын 15 қызметкер қамтамасыз етуде. Жоба толықтай жергілікті өнім­дерге сүйенген. Өндіріс техно­логиясы суды тазалаудың күрделі құрылымын өткеріп, оны қажетті ингредиенттермен байытады. Дайын өнім құйылған сыйымды­лық­тар елдің “жасанды өкпе” ап­параты қойылған барлық емхана­ларына жөнелтілетін болады. Күрделі химиялық технология жолымен алынатын өмірлік ма­ңыз­ды препарат отандық фарм­ры­ноктың қажетін түгелдей өтемек. Мұнда жыл сайын 600 мың комплекті немесе алты миллион литр ерітінді өндірілетін болады. Елбасы халайықты қазақ­стандықтардың өмірі мен денсаулығы үшін аса маңызды зауыттың ашылуымен құттықтады. Президенттің айтуынша, бұл зауыт еліміздің фармацевтика саласының заманауи дамуының алғашқы қарлығашы. Батыс Қазақстан облысынан – Темір ҚҰСАЙЫН: Новенький ауылының маңайы бүгін қызу қимыл мен қарбаласқа толы. Адамдардың жарқын жүздері мен шалт та еркін қимылдары әлдебір жақсылық пен қуаныштың хабарынан белгі бергендей. Иә, бүгін мұнда газтурбиналы электр стансасының алғашқы блогы іске қосылмақ. Бұл республикалық индустрияландыру кар­та­сына енген маңызды жо­ба­лардың бірі болатын. Міне, осы нысанның іске қосылу рәсімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен “Қуат­ты Қазақстанды бірігіп құ­рамыз!” атты жалпы­ха­лық­тық телекөпірден көр­сетілмек. Ауыл тұсындағы қызу да қарбалас қимыл­дардың сыры осында болып шықты. Стансаның ауласында кең форматты үлкен теледидар қойылыпты. Осы арқылы өз кезегі келгенде Батыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бе­тов Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­пен тікелей тележелі бай­ла­ны­сына шықты. Ол Мемлекет бас­шы­сына өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде айта ке­ліп, жаңа әлемдік озық техно­ло­гияға сәйкес салынған стансаны таныстырды. – Бүгін қуаты елу төрт ме­га­ватты құрайтын газтурбиналы электр стансасының бірінші блогы өз жұмысын бастайды. Жобаның жалпы құны 10,3 миллиард теңге. Мұндағы қазақстандық үлес алпыс пайызды құрайды. Сондай-ақ Сіздің 2005 жылдың мамыр айын­да берген тапсырмаңызға сәйкес өңірдегі ең ірі әлеуметтік жоба – “Қарашығанақ – Орал” газ құбы­ры да іске қосылмақ. Бүгінде об­лыс­та жалпы сомасы 271,5 мил­лиард теңгені құрайтын 49 ірі ин­вестициялық жоба бойынша жұ­мыс жүргізілуде, – деп тіл қатты об­лыс басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына. Ақжайық өңірінде іске асып жатқан мұндай ірі инвестициялық жобалардың жай-күйінен хабары бар екенін жеткізген Елбасы облыс әкімінің еңбегіне оң баға берді. Әрі индустрияландыру бағдарламасына сүбелі үлестерін қосып жүрген барша батыс­қа­зақстандықтарға ризашылығын білдірді. Іске қосылған өндірістік ны­санда 45 адам тұрақты жұмыс­пен қамтыл­мақ. Олардың дені Орал қаласы мен Зеленов ауданының тұрғындары. Мұнда жұмысқа қабылданған мамандардың бәрі де арнайы әзірліктен өткен. Бұл үрдіс олардың шетелдік қондырғыларды тез меңгеріп кетуіне алғышарт қаламақ. Новенький ауылында пайда­ла­ну­ға берілген станса құрылысы­ның тағы бір ерекшелігі – электр қуатын өндіру кезінде пайда бо­ла­тын жылу текке ысырап болмай­ды. Ол облыс орталығында жаңа­дан бой түзеп келе жатқан сегі­зінші және тоғызыншы шағын ауда­ндарды жылумен қамтуға жұмсалмақ. Яғни мұның өзі қал­дықсыз өндіріс жолға қойылады деген сөз. Ең бастысы республика энергия жүйесінен оқшау жатқан Ақжайық өңірі бұдан былай Ресейге тәуелді болмай, өз қа­жеттерін өздері өтемек. Газтурбиналы электр стан­са­сын салтанатты жағдайда іске қосқан Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мұндай маңызды нысанның ашылуы халықты арзан электр және жылу қуатымен, са­палы қызмет түрімен және тұ­рақты жалақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп мәлімдеді. Бұдан соң соғыс және еңбек ардагері Федор Скобичкин осы игілікті істің басы-қасында бол­ғандардың бәріне батыс­қа­зақ­стандықтар атынан алғыс айтты. Сондай-ақ кеше Орал өңірінде іске асқан ірі әлеуметтік жобаға сәйкес Сырым және Қаратөбе аудандарының орталығына газ құ­быры жеткізілді. Ал бүгін облыста мия тамырларын өңдейтін зауыт пен “Жүз мектеп, жүз аурухана” бағ­дарламасы шеңберінде 120 орындық аурухананың ашылу рәсімі өткізілмек. Солтүстік Қазақстан облысынан – Өмір ЕСҚАЛИ: Биыл Солтүстік Қазақстан об­лысында индустриялық-иннова­ция­лық карта бойынша 27,4 мил­лиард теңгенің 13 жобасын іске қосу көзделген болса, оның 6-уы ал­ғашқы жарты жылдықтың енші­сінде. Олардың ішінен “Қуатты Қазақ­стан­ды бірге құрамыз!” атты Президент Н.Назарбаевпен өткен жал­пы­ха­лықтық телекөпірге “ЗИКСТО” акционерлік қоғамы­ның жаңа өнімі – астық таситын вагонның тә­жірибелік үлгісі ұсынылып, та­ныстырылды. АҚ осыдан екі жыл бұрын елімізде бірінші болып жүк вагондарын құрастыруды қолға алып, содан бері 600-ге жуық өнімді өз тұтынушыларына жө­нелт­ті. Вагонның жүк контей­нер­лерін таситын жартылай, бидай мен цемент тасуға арналған жабық түрлері игерілді. Осылайша отан­дық өнімдер шығаруда сапалық көрсеткішке қол жеткізген АҚ “Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар” аталымында жеңімпаз ата­нып, бірінші дәрежелі диплом­мен марапатталды. Мемлекет бас­шысы Қызылжар өңірінде болған жұмыс сапары кезінде зауытқа арнайы келіп, игі бастаманы қол­даған болатын. Облыс әкімі Серік Біләлов жобалардың агроөнеркәсіп кеше­нін­де, мәшине жасау өнеркә­сі­бін­де, металлургияда, құрылыс ин­дус­триясы мен құрылыс материал­дары өндірісінде жүзеге асып жат­қанын, 1700-ден астам адамның жұмыспен тұрақты қамтылаты­нын, жыл аяғына дейін 9 ин­вес­тициялық жобаның пайдалануға берілетінін баяндады. Астық таситын вагонның жаңа үлгісі өнімнің бәсекелестікке қабілетін арттырумен қатар, шетелдіктердің сұранысын қанағаттандыруға деген батыл қадам болып табылады, – деді өңір басшысы. “ЗИКСТО” акционерлік қо­ға­мы­ның бас директоры Игорь Коровин отандық өнімдердің үлесін көбейту жөніндегі Елбасы тапсырмаларының орындалуын ай­тып берді. “Қазақстан темір жолы” және Ұлттық инно­ва­ция­лық қордың қолдауымен іске ас­қан ұшқыр жобаның құны – 247,5 миллион теңге. Жылына 1000 вагон шығару жоспарланған. Өнім техникалық-экономикалық көр­сет­кіштері жағынан Ресей, Бе­ларусь, Украинамен тайталаса ала­ды. 2015 жылға зауыт жыл сайын 1500-ге дейін вагон құрастыру міндетін қойып отыр. Бүгінде жартылай жүк вагонын шы­ғару­мен 400-дей адам айналысады. Олардың төрттен бірі құрастыру цехтарында еңбек етеді. Тікелей телекөпірде, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Геннадий Зенченко сөз алып, Елбасына мәшине жасау саласын өркен­детудегі шынайы қамқорлығына алғыс білдірді. Был­тыр Қазақстан рекордты астық жинағанымен, тасымалдау ісінде олқылықтардың орын алғаны рас. Енді мұндай кемшіліктерге жол берілмейтініне сенімдіміз. Петро­павл қаласында жұмыс істеп жат­қан кәсіпорын жарқын бастама­лардың бастауына айналары сөзсіз, деді әйгілі аграршы. Президент Н.Назарбаев солтүс­тік­қазақстандықтарға еңбекте табыс, жұмыста сәттілік тіледі. Жамбыл облысынан – Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Еліміздегі серпінді индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ла­масы шеңберінде Жамбыл облы­сын­да 19 инвестициялық жоба жү­зеге асырылуда. Оның 9-ы биыл ел игілігіне пайдалануға берілмек. Мойынқұм ауданындағы Мың­арал цемент зауыты сол тегеурінді тоғыздың бірі. Ол облыс орта­лы­ғынан шалғай орналасқанымен, халықаралық автокөлік және темір жолдың бойында жатыр. Астана мен Қарағанды қаласы да қашық емес. Алматы сияқты үлкен мегаполис тиіп тұр десе де болады. Әйгілі Балқаш көлі зауыттың тап іргесінде. Демек, бұл жобаның болашағы зор. Жоба іске асырылған тұста жылына 500 мың тоннадан аса цемент өндірілетін болады деп күтілуде. Жобаның құны 8 мил­лиард 250 миллион теңгені құрай­ды. Зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде мұнда 300-ден астам адам жұмысқа тартылады. Бюджет­ке түсетін қаржының көлемі 75 миллион теңгені құрайды. Іс басындағы мамандар бүгінде бұл цемент зауытында құрылыс жұмыстарының дені атқарылды деп отыр. Оның ішінде құрылысы то­лық аяқталған үш қабатты зертхана бар. Сондай-ақ өнімді кептіретін камералар мен пештер салынды. Технологиялық желі құрастыры­лып, темір жол тұйығының құры­лысы қолға алынуда. Сонымен бірге зауытқа дейін 2,5 шақырым су құбыры тартылып, төрт насос бекеті қалпына келтірілді. Біз мұнда телекөпір болардан біраз бұрын келгенбіз. Сондықтан цемент зауытының құрылысын жүргізіп жатқан мамандар мен құрылысшылардың жағдайымен танысуға мүмкіндік туды. Қонақ үй, жатақхана, асхана, кеңсе – бәрі де ойдағыдай жабдықталған. Ыстық және суық су, салқындатқыш бар. Әсіресе, құрылысшыларды тамақ­тандыруды өз мойындарына алған компанияның адал ісіне мұндағы әрбір адам риза. Өйткені дастар­қан­дарында тамақтың түр-түрі бар әрі мол және дәмді. Асхана жұ­мысына жергілікті жердің қыз-келіншек­терінің тартылуы да көңіл қуантты. Телекөпір арқылы Елбасымен кездесу кезінде зауыт жұмыс­шы­ла­ры қолдарына “Қуатты Қазақстан­ды бірге көркейтеміз!”, “2020 – жаңа индустрияландыру!”, “Биз­нес­тің жол картасы-2020” – тұ­рақты жұмыс орындарын ашу” және “Экономиканы әртараптан­ды­ру – табыс кілті” деген сияқты ұрандар мен жалаушалар ұстап тұр­ды. Олардың жүздеріндегі қуаныш­тан елдегі индустриялық-инно­ва­циялық саясаттың дұрыс жүргізілуі арқасында өздерінің еңбектері жанғанын білуге болғандай. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа облыстағы инвестициялық жоба­лардың жай-жапсары туралы Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев айтып берді. – Биыл біздің облысымызда тоғыз инвестициялық жоба іске қосылады. Олардың жалпы құны – 62 миллиард теңге. Төрт мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалар металлургия, жеңіл өнеркәсіп, мұнай өңдеу және құрылыс материалдарын шығару саласында қолға алынып отыр. Оның екеуі бірінші жартыжылдықта іске қосылады. Бүгін біз Сізге Мыңарал цемент зауытын көрсетіп тұрмыз. Бұл биылғы ең ірі инвестициялық жоба. Сіз екі жыл бұрын Фран­цияда болған сапарыңызда “Викат” компаниясын Қазақстанға шақыр­дыңыз. Олар Қазақстанға келіп, ха­лықаралық қаржы корпорация­сы­мен және жергілікті инвестор­лармен бірігіп осы зауытты салуда. Зауыттың қуаты – жылына бір миллион екі жүз мың тонна цемент шығаруға жетеді. Үш жүз елу жаңа жұмыс орны ашылады. Цемент “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолы және Балқаш электр стан­сасы құрылыстарына пайдаланыла­тын болады. Бүгіннен бастап тех­но­логиялық кешенді сынақтан өткіземіз. Ал екі айдан кейін зауыт өнім шығара бастайтын болады, – деді облыс әкімі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Балқаш электр стансасы құрылысы туралы ойын айтқанда, оны салуға қажетті цементті жақын жерден, яғни Жамбыл облысындағы Мың­арал цемент зауытынан тасымал­дау­ға болатынын ескертіп өтті. Бұ­ған мыңаралдық цемент зауыты­ның жұмысшылары қуанып қалды. Өйткені, цемент бізде тек Өске­менде өндіріледі. Басқалары им­порт – Қытай, Ресей және алыс шет елдерден тасымалданады. Өндіріс іске қосылған кезде цементтің сапасын қатаң бақылауда ұстау көзделуде. Мұны облыс әкімінің өзі қадағалап отырмақшы. Өйт­кені, сапалы өнімге деген сұ­ра­ныс қай кезде де жоғары болады. Алматы облысынан – Күмісжан БАЙЖАН: Қазіргі кезде жетісулықтар әр күнді еңбектегі ерен жетістік­тері­мен атап өтіп, нақты істердің тия­нағын келтіріп, жаңашылдық танытуда. Энергиялық мәселені түбегейлі шешуге қатысты серпінді жобалардың тех­ни­калық-экономикалық негіз­демелеріне байланысты жұ­мыстар одан әрі өрістетіліп, кеше Қаратал өзенінің ағысын бөгеу арқылы са­лын­ған төртінші шағын су электр стансасының тұсауы тікелей телекөпір кезінде кесілді. Биылғы жарты­жыл­дыққа ойластырылған алты жобаға бөлінген 8,4 млрд. теңге толық игеріліп, бұл бағыттағы жұмыс кестесі сақталғаны осының дәлелі. Талдықорған мен Текелі қала­лары­­ның оңтүстігінен салынған нысан жанына жиналғандар “Қуат­ты Қазақстан үшін!”, “Бірлігіміз жарасқан!”, “Біз әрқашан Елба­сы­мен біргеміз!” деген ұрандармен мереке мерейін тасытты. Қара­тал­дың ұрымтал тұсын бөгеу арқылы “АСПМК-519” компаниялар тобы жыл сайын бір шағын су электр стан­сасын іске қосса, бүгінгі ны­санның жұмысын Елбасы телекөпір арқылы тамаша­ла­ды. Облыс әкімі Серік Үмбетов 2016 жылға дейін өңірде қуатты­лы­ғы 326 МВт бо­ла­тын 28 шағын су электр станса­ларын іске қосу жос­парланғанын, соның тағы бірі бүгін ел игілігіне айналғанын жеткізді. Бұдан кейін “АСПМК-519” компаниясының бас директоры В.Сычев алдағы жылдары осындай бірнеше шағын су электр стан­са­лары іске қосылатынын, индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ламасына өзіндік үлестерін қоса­тындықтарын жеткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірде атқарылған жұмыстарға өз бағасын берді. Энергия жүйесінің қолданыстағы активтерін жетілдіру мен қайта құру, жаңа қуат көздерін іске қосу, электр тасымалдаудың қосымша желілерінің жүйесі, баламалы жаңа қуат көздерін енгізу мен дамыту тәрізді аса маңызды жобалар осылайша өмірге берік еніп келеді. Ескелді ауданының аумағында іске қосылған Қаратал №4 су электр стансасының құрылысы өткен жылы басталып, өңірдің электр қуатына деген сұранысын қанағаттандыруға осылайша жол ашты. Бағдарлама құрылысына 968.8 млн. теңге қаржы жұмсалып, құрылыс жұмыстарына 60 адам тартылыпты. Станса құрылысын “АСПМК-519” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз есебінен жүргізіп, белгіленген мерзімде тиянағын келтіргені де жақсы істің бірі деуге болады. Аталған нысан 3,5 МВт қуат өндіріп, өз жұмысын осылайша бастап кетті. Атырау облысынан – Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ: Бұрын өнеркәсібімен танылған Атырау енді медицина саласында қолданылатын бір реттік шприцтер шығарумен аты шықпақ. Өткен жылы Атырауда осындай өнім шығаратын зауыттың технология­сын құрастыру басталған болатын. Оны іске асырған “Брандо” ЖШС директоры Дәулет Досалиевтің түсіндіргеніндей, зауыттың жылдық қуаты 250 миллион дана шприц шы­ғаруға негізделген. Сұраныс көбейген сайын оның көлемін екі есеге дейін арттыруға болады екен. Елбасымен тікелей желіде іске қо­сылған 72 инвестициялық жобаның қатарында аталған зауыт та то­лыққанды жұмыс жасай бастады. – Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде сан түрлі өнімдер шығарып жатыр. Бір реттік шприц өндіру жобасы Атырауда алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл Атырау­дағы инвестициялық жобалардың бірі, – деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев Елбасына аталған зауыттың өнім өндіру үдерісі туралы баяндап. Елбасына тікелей желі арқылы ризашылығын білдірген жаңа зауыттың директоры Дәулет До­са­лиевтің айтуынша, инвестициялық жобаның құны – 6 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл отандық инвестордың қаржысы. Зауытқа өнім өндіру үшін қажетті шикізат­тар Корея, Бельгия, Ресей елде­рінен әкелінеді. Шикізат алғашқы сатыда арнайы аппаратпен өңде­леді. Сонан соң шприцтердің қа­лыбы жасалып, басқа да бөліктері дайындалады. Зауытта жұмыс жасайтын 25 маман медициналық шприц өндірудің барлық үдерісін қатаң бақылайды. Арнайы жабдық­тар арқылы шығып жатқан шприц­тер қалыптарын мамандар микро­скоппен тексеріп, жарамдылығына көз жеткізіп барып жинақтау цехына жібереді. Соңынан 3, 5, 10, 20 грамдық шприцтердің барлық бөлшегі құрастырылып, залалсыз­дан­дыру мәшинесінде 10 сағатқа дейін сақталады. Мамандар шприцті осындай залалсыздандырудан соң ғана пайдалануға болатынын айтады. Өнім өндіру үдерісі толық автоматтандырылған. – Зауыттың барлық қондыр­ғылары Кореядан алынды. Соны­мен бірге бұл зауыттағы өнім шы­ғарудың барлық үдерістері халық­аралық ІSO-9001 және ІSO-14001 стандарттарына сәйкес атқарылады. Сол себептен 6 маманды Кореяға жіберіп, арнайы курста оқыттық. Олар сондағы зауытта өнім өндіру үдерістерін атқару, басқару тәсіл­дері технологиясын меңгеріп келді. Енді осындағы мамандарды үй­ретуде, – деді директор Д.Дос­а­лиев. Зауытта Корея технологтары қазақстандық мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибелерімен бөліскен. Солардың бірі – Чань У Ли қазақстандық жастардың жаңа мамандықты Кореяда жедел мең­геріп, енді жаңа өндіріс орнында тәжірибе жинақтауда біліктілік та­нытқанын айтады. Мұнда жұмысқа алынғандардың барлығы жергілікті жастар. Бір сағатта 60 мың дана, жылына 250 миллион дана әр мөлшердегі шприцтерді шығаратын зауыттың экологияға зияны жоғына сендіреді мамандар. Тек шприц шығаруға қажетті шикізат – поли­пропилен әзірге Қазақстанда өнді­рілмейді. Осы өнімді Атыраудан шығаратын жобалар кешеуілдеп жатыр. Сол себептен шикізат Корея, Бельгия және Ресей секілді алыс-жақын елдерден алынады. Соған қарамастан 5 грамдық шприцтің өзіндік құны 5 теңгеден аспайды, өзгелерінің құны мөлше­ріне байланысты бұдан сәл қым­баттау. Дегенмен, бұл шприцтер бәсекеге қабілетті болуымен ерек­шеленеді, деп пайым жасайды зауыт басшылары. Атырауда өндірілген отандық шприцтердің алғашқы легі сарап­тамадан сәтті өткізілген. Тегінде өзіміз куә болып жүрген Аты­рау­дағы дәріханаларда өзге елдерден, соның ішінде алыстағы Германия­дан жеткізілген 5 грамдық шприц 15 теңгеден сатылуда екенін ескер­сек, тұтынушы үшін дәл осындай жоғары сапалы отандық өнімнің бағасы одан әлдеқайда арзанға түседі. Қызылорда облысынан – Еркін ӘБІЛ: Кеше еліміз бойынша өткен “Күшті Қазақстанды бірігіп құ­рамыз!” атты жалпыхалықтық те­лекөпірде Қызылорда облысындағы Ақшабұлақ кенішінде ілеспе газды өңдеу кешенінің екінші кезеңі пайдалануға берілді. Сыр өңірінің жалпыхалықтық телекөпірге қосылуы “Қазгер­мұ­най” біріккен кәсіпорнына қарасты Ақшабұлақ кеніші аумағынан таңдалуы тегін емес еді. Тәуелсіз Қазақстан үшін энергетикалық сая­саттың салмағы анық сезіле бас­та­ған 2000-шы жылдары республика Үкіметі Оңтүстік Торғай ойпаты­ның ілеспе газын игеру және Қы­зылорда қаласын газдандыру тура­лы қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес айдалада алау болып жанып жатқан “көгілдір отынды” ел игі­лігіне жаратуға алғаш қадам жаса­ған осы “Қазгермұнай” компания­сы болатын. Осылайша 5 жыл бұрын Ақшабұлақта газ өңдеу қондырғысы орнатылып, жылына 420 млн. текше метр газ өткізетін 124 шақырымдық “Ақшабұлақ-Қызылорда” газ құбыры жүргізілді. Ал жалпы құны 10 млрд. 275 млн. теңге болатын мына екінші газ өңдеу зауыты өңірде индус­триялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағдарламасы аясында салынған іргелі өндіріс орны. Құ­рылысын “НГСК Казстройсервис” АҚ жүргізген жаңа зауыт облыс орталығына жеткізілер “көгілдір отын” көлемін жылына 550 млн. текше метрге дейін ұлғайтады. Оған қоса 30-ға жуық адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Осы өндіріс басында облыс әкімі Болатбек Қуандықов Елбасын ерен еңбегімен ел дамуына үлес қосып келе жатқан Сыр жұртының табысымен таныстырды. – Сіздің бастамаңызбен Ақшабұлақ кенішінде ілеспе газды өңдеу кешенінің екінші кезеңі қысқа уақытта іске қосылды, – деді облыс басшысы. – Осының нәтижесінде тұрғындардың жылуға кететін шығындары еселей азайып, бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар осы жоба биыл қуаттылығы 87 мВт газ­турбиналық электр станциясының құрылысын бастауға мүмкіндік беріп отыр. Біз ол станцияның құрылысын келер жылы еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай тарту етеміз. Биыл аймақта индустриялық-инновациялық бағдарлама бойын­ша жалпы құны 21,6 млрд. теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 615 жұмыс орны ашы­лады. Облыс басшысынан кейін “Қазгермұнай БК” бас дирек­торы­ның бірінші орынбасары Біржан Дүйсембеков сөз алып, Қызылорда қаласын газдандыру ісіне бас­та­ма­шы болған компанияның жаңа өн­діріс орны арқылы облыс орта­лығына “көгілдір отын” жеткізу 2 есеге ұлғайғанын айтты. Осыдан кейін облыс әкімі Бо­латбек Қуандықов жаңа өндіріс орнын іске қосты. Жылына 300 млн. текше метр газ өндіретін зауыт­тың ашылу салтанаты қол­дарына жалаушалар ұстаған мұ­найшылардың қуанышты үніне ұласты. Зауыт ауласына жиналғандар Сырдағы жаңа өндіріс орны жайлы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының пікірін тыңдады. Мемлекет басшысы ел дамуын­да өзіндік орны бар Сыр жерінде ашылып отырған газ өңдеу зауы­тының экономикалық тиімділігімен қатар, қоршаған ортаны қорғаудағы қызметін ерекше айтты. Соңғы 5 жылдың бедерінде кеніште жанып жатқан “көгілдір отын” ел игілігіне айналуда. Мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарламалардың жергілікті жерде жүйелі түрде жүзеге асырылуының арқасында қазір облыс орталығы тұрғын­дары­ның жылуға жұмсайтын шығын­дары едәуір азайған. Нұрсұлтан Әбішұлы енді ілеспе газды электр энергиясын өндіруге бағыттап отырған облыс басшылығының бастамасына табыс тілеп, Сыр бойы жұртшылығына жылы лебізін арнады. Осыдан кейін облыс әкімі Бо­латбек Қуандықов жаңа өндірістің ашылуына қатысушылар алдында “Қазгермұнай” компаниясы бас­шылығына өңірдің индустрия­лық-инновациялық дамуына қосқан үлкен үлесі үшін алғыс айтты. Аймақтағы өндіріс орындарының қатарына қосылған жаңа кәсіпорын жайлы компанияның техникалық директоры Лю Чжи мен құрылысты жүргізген бас мердігер “НГСК Каз­стройсервис” АҚ бас дирек­торының бірінші орынбасары Шасмайл Гасановтар да қысқаша лебіз білдірді. Өндіріс орнының ашылуынан кейін аймақ басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап сұхбат берді. – Индустриялық-инновация­лық жобаға сәйкес пайдалануға беріліп отырған бұл өндіріс орны облыс орталығын газдандыру ісін толық аяқтауға мүмкіндік береді, – деді Болатбек Баянұлы. – Жалпы облыста осы жылдың алғашқы жартысында биылға жоспарланған 10 жобаның 7-і тұсауын кеседі. Соның алғашқысының қатарында ашылған битум зауыты тәулігіне 500 тонна өнім өндіріп отыр. Осылайша аймағымыздан өтетін “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автобанына қажетті битумның үштен бірін өзімізде шығаруға қол жеткіздік. Сонымен қатар тәулігіне 15 тонна нан өндіретін зауыт ел игілігіне беріледі. Жылдың екінші жартысында Қазалы ауданындағы тауарлы-сүт фермасы ашылып, облыс бойынша осы рыноктағы өнімдер бағасы едәуір түседі деп жоспарланып отыр. Семей қаласынан – Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ: Семейде кабель өндірісімен ай­налысатын жаңа кәсіпорын қатарға қосылғалы жатыр екен деген ха­бар­ды естігенімізге көп уақыт өткен жоқ еді. Сол кәсіпорын кеше Елба­сымыздың қатысуымен өткен “Қуат­ты Қазақстанды бірге көр­кей­теміз!” атты жалпыұлттық теле­кө­пір барысында салтанатты жағдайда ашылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бұл Рес­публикалық индустриялық картаға енгізілген 22 жобаның бірі екен. Бүгінгі күні Қазақстан нары­ғын­дағы кабель өніміне қажеттілік 105,0 миллиард теңгені құраса, ал соның жартысына жуығы шет елдерден әкелінетін көрінеді. Жаңа жобаның ерекшелігі сол, оның ең алдымен жергілікті шикізаттан жа­салатыны және халықаралық стан­дартқа сәйкестігі. Ал кәсіпорын қуатына келетін болсақ, мұнда жы­лына жалпы құны 22,5 миллиард теңгені құрайтын ұзындығы 33,6 мың шақырым кабель өндірілмек. Облыс әкімі Елбасына мәлімдеге­нін­дей, жаңа өндірістің іске қо­сы­луы сырттан келетін өнімдердің 75 пайызын өртке шыдамды кабель­дермен, сонымен бірге кернеулік және бақылау кабельдерімен, сондай-ақ сапалы өткізгіштермен алмастыруға мүмкіндік береді. Телекөпір барысында аталған кәсіпорынның басшысы Кемелбек Құлтаев та сөз алып, зауыттың бо­лашағы туралы Мемлекет басшы­сына қысқаша түсініктеме берді. Осылайша қысқаша сұхбаттасудан соң жаңа кәсіпорын салтанатты жағдайда ашылды. Біз бұдан кейін “Ист индастри компани ЛТД” (Шығыс индустрия­ландыру компаниясы) ЖШС бас технологы Алтынай Қуандықова­мен тілдескенбіз. Ол осыдан үш жыл бұрын құрылған өз серік­тес­тіктерінің Қазақстан Даму банкінен 625 миллион теңге несие алып іске кірісіп кеткендерін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұлардың өнім­дері еліміздің құрылыс, энергетика, темір жол салаларында кеңінен пайдаланылмақ. Әзірге мұнда жа­ңадан 35 жұмыс орны ашылыпты. Келер жылы ол жүз жұмыс орнына дейін ұлғайтылмақ. Ал кадр мәсе­лесіне келсек, тапшылық жоқ екен. Өйткені, тоқтап қалған бұрынғы кабель зауытының кадрлары жаңа кәсіпорынға көптеп келуде. Жалпыұлттық телекөпір соңы мұнда тағы бір жақсы жаңалыққа ұласты. Яғни, Астана күні қарса­ңында Семейде 72 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша қатарға қосылған бұл үйге негізінен жас отбасылар, мем­лекеттік және мекеме, ұйым қыз­мет­керлері жайғасты. Пәтер иеле­ріне кілттерді табыстаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Семейде тұрғын үй құрылысы зор қарқын­мен дамып келе жатқанын мә­лімдеді. Оңтүстік Қазақстан облысынан – Бақтияр ТАЙЖАН: Бұл күні Оңтүстікте үш ірі кәсіпорын іске қосылды. “Hіll” ЖШС Қазақстандағы халықаралық стандарттарға сай жоғары дәрежелі, сапалы мотор майларын шығара­тын тұңғыш өндіріс орны. 2005 жылы басталып, Елбасымыздың тікелей қолдауымен индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жүзеге асқан зауыты техникалық май­ларды өндіретін қондырғылар­мен және араластыру технология­лары­мен қамтамасыз еткен АҚШ-тың “FMC Технолоджи” компа­ниясы. Зауыттың атқарушы директоры Рақымжан Нүпбаев қазақстандық өнім – “Фастройл” майының са­пасы “Мобил”, “Эссо”, “Шэлл” сияқ­ты әлемге танымал компания өнімдерінен кем түспейді дейді. 2005 жылы Елбасының Жар­лы­ғымен мақта кластерін дамыту мақ­сатында “Оңтүстік” арнайы эко­но­микалық аймағы құрылған бола­тын. Қазақстан диқандары өсірген ақ алтынын шетелге шикізат күйін­де су тегінге беріп, дайын өнім ретінде төрт-бес есе қымбат бағаға келетіндіктен мемлекетіміздің есесі кетіп жүрген жағдайы бар еді. Қазір “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында өндіріс орындарының қазығы қағылып, алды іске қо­сылды. Соның бірі “Хлопкопром-целлюлоза” ЖШС “гидроско­пия­лық мақта-мақта целлюлозасы мен техникалық карбоксиметилцеллю­ло­за өндірісін” жолға қойды. Се­ріктестік бұрын Қытайға сатылып келген қалдық мақтадан 40 түрлі отандық өнім алып отыр. Елбасымен тікелей эфир ар­қы­лы тілдесу “Oxy-Textіle” ЖШС ғи­ма­ратында өтті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мыр­зах­метов сөз алды. – Сіздің елімізді индустриялық-инновациялық да­мыту жөнінде берген тапсырма­ңыз­ды орындау бойынша биылғы жы­лы облысымыздан республикалық және өңірлік индустрияландыру картасына енген 16 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Солардың 6-уы іске қосылды, ал 3 инвестициялық жоба бүгін жүзеге асқалы отыр. Олар: “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймақтағы “Oxy Textіle” мен “Хлопкопром Це­люллоза” фабрикалары және май­лау материалдарын өндіретін “Hіll” зауыты. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында 7 индустриялық нысандар ашыла­тын болады. Аталған жобалардың жалпы құны 51,5 млрд. теңге. Жа­ңадан 2781 жұмыс орны ашылады. Бұл кәсіпорындардың іске қосылуы біздің өңір экономикасының да­муына қомақты үлес қосатын болады, – дей келіп облыс басшысы Елбасыға тұрғындардың ризашылығын жеткізді. Мақта талшығынан жылына 6 мың тонна 20-80 нөмірлі сапалы жіп дайындай алатын серіктестіктің директоры Қанаев Ниетбек серіктестіктегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қазақстан экономиканың қар­қын­ды даму жолына түсті. Мем­ле­кет басшысының тапсырмасымен индустриялық-инновациялық бағ­дарламаны жүзеге асыру барысында осындай алып кәсіпорындар жұмыс жасай бастады. Қарағанды облысынан – Айқын НЕСІПБАЙ: Бұқар жырау ауданының ор­та­лығы Ботақара кентінде жаңадан ашылып жатқан өндіріс орындары жылдан жылға ұлғайып келеді. Мұн­да кеше Елбасының көз ал­дында тағы бір кәсіпорын сапқа қосылды. “ҚазТерм” комбинаты құр­ған болат панельді жылыту радиаторлары зауыты жұмыс істей бастады. Атынан белгілі болып тұрғандай, тұрғын үйлерге жылу та­рататын заттар жасалады. Құрылыс кең қанат жайған аймақ үшін бұл өте қажетті өнім. Облыс әкімі Се­рік Ахметов мәлім еткендей, қазір­дің өзінде тұтынушылар тарапынан 50 миллион теңгеге тапсырыс түс­кен. Оның көлемі алдағы уақытта ұлғая бермек. Республикалық индустрия­лан­дыру картасына енген 18 жобаның жыл аяғына дейін 10-ы іске асырылуға тиіс. Мұның алдында Жаңаарқа, Шет аудандарында көмір және темір концентратын өндіретін кеніштер ашылған болатын. Енді Бұқар жырау ауданында бой көтерген жаңа кәсіпорын өңір экономикасының дамуына, жергілікті тұрғындардың жұмысқа қамтылуына мүмкіндік туғызды. Ақмола облысынан – Бақберген АМАЛБЕК: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­пен өткізілген телекөпір Ақмола облысының басты өнеркәсіпті орталығы Степногор қаласындағы жаңа жылыжай жайлы баянмен бас­талды. Мұнда қазір төрт гектар­ға жуық алаңды алып жатқан ма­ңызды жоба жүзеге асырылуда. Оның бастамашысы да, іске асырушысы да “Қазақстанның тех­никалық технологиясы” жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Мемлекет басшысымен тікелей байланыста Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко мен аталған ЖШС директоры Александр Гри­балов солтүстік өңірдегі заманалық жылыжай туралы кеңінен ақпарат беріп, жаңа өндіріс орнын таныс­тырды. Мұнда қияр, қызанақ, тағамдық жасыл өскіндер облыс тұрғындарының дастарқан мәзірін толықтыратын болады. Өнімдердің жылдық көлемі 1832 тоннаны құрамақ. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 49 миллион теңгеге ба­ғаланған. Қазір жаңа кәсіпорында Голландия мен Ресейден жеткізіл­ген заманалық жабдықтар құрас­тырылуда. Степногор қаласының 60 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған жылыжай жанынан болашақта балық шаруашылығы да қолға алынбақ. Облыс әкімі С.Дьяченко Елбасына сондай-ақ мемлекеттік индустрияландыру бағдарлама­сының орындалу барысы туралы баяндады. Ақмолалықтар бағ­дарлама аясында 83 миллиард теңгенің сегіз жобасын табысты игеруде. Қостанай облысынан – Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА: Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі таяуда ғана іске қо­сылған металл прокаты зауытының атшаптырым цехына телеарналар­дың түсіру камералары орналас­тырылған. Қызыл оттан босанып шығып жатқан сом темірдің қызуы бетке ұрып, цехтың іші ысып тұр. Елімізде тапсырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей эфирде әңгімелеп беру үшін Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин және өндіріс басшысы Мұхамеджан Тұрдахунов металл шығып жатқан цехқа келді. Балқыту және құю пешінен ша­шыраған от мерекелердегі отшашу­ды көзге елестетеді. Осы уақытқа дейін жыныстарды қопарып, кен шығарып келген өн­дірістің енді металл құятын өз зауыты бар. Онда үздік технология қолданылады. Соның арқасында кәсіпорын тек кен байытып қана қоймай, металл өндіруге қол жеткізді. Мұнда шығарылатын шағын прокат темір, құрылыс арматуралары “Соколов-Сарыбай өндірістік бірлестігі” акционерлік қоғамының ішкі қажеттіліктерін өтейді. Жыл тәулігіне өндірілетін 75 мың тонна металл қазақстандық мазмұнды байыта түседі. Осыған дейін ССКӨБ өзі шикізат жіберетін Ресейден жылына 100 мың тонна металл прокатын сатып алатын. Ал бұл өндіріске 60 миллион долларға түсетін! Облыс әкімі Сергей Кулагин Елбасыға облыс экономикасы туралы баяндады. – Нұрсұлтан Әбішұлы, облыс экономикасы ырғақты дамып келеді, – деді Сергей Витальевич. – Үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр аралығында өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 163 миллиард теңгені құрады. Физикалық көлем индексі 130 пайыздан асты. Үсті­міздегі жылы өнеркәсіпке тартыл­ған инвестиция 19,5 миллиард теңге немесе өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 159 пайызды құрайды. Мұндай көрсет­кіш өңірдегі индустриялық-инно­вациялық дамудың қарқын алуына ықпал етеді. Үстіміздегі жылы Қостанай облысында 11 инвести­циялық нысан пайдалануға беріл­мек. Біз соның бірінде тұрмыз. Мұн­дай жобаның жүзеге асуы ұқсату өнеркәсібі үлесін арттыра түседі. Мұнан кейін “ССКӨБ” акцио­нер­лік қоғамының президенті Мұхамеджан Тұрдахунов Елбасына тікелей эфир арқылы темір кені шикізатын өндіретін Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Достастық елдері көлеміндегі ең ірі кәсіпорын екенін айтты. – Бірлестік байытып шығара­тын темір кені жентегі мен кон­центраты нарықта жоғары сұ­ранысқа ие. Бірлестік өз өнімін Қарағанды мен Магнитогорск металлургия комбинаттарына артады. Соңғы жылдары біздің өнімімізге Қытай да мол сұраныс жасап отыр. Бүгін Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі өндірістің жоғары сатысына көтеріліп келеді, ол өндірісті металл прокатпен қамтамасыз етеді. Біздің жаңа зауытымыз инвестициялық жобалардағы қазақстандық мазмұн­ды толықтыра түсті. Сатып алған қымбат, өзің өндірген арзан екенін дәлелдеп берді. Ақтөбе облысынан – Сатыбалды СӘУІРБАЙ: Ақтөбе облысының елімізді индустрияландыруға қосқан үле­сі­нен хабардар ететін тікелей желі байланысы Қазақстандағы меди­цина­лық және өнеркәсіптік рент­ген аппаратын шығаратын бірден-бір кәсіпорын – “Ақтөберентген” АҚ базасында орналасқан-ды. Қашанда жақсылыққа жаны құмар ақтөбеліктер осы бір сәтті асыға күткені жүздерінен аңғарылып тұрды. Мұнда рентген аппараты­ның 28 түрі шығарылады, олар әлемнің 23 елі