Кино • 04 Сәуір, 2025

Солтүстік Қазақстан облысында Қазақ киносының күндері басталды

500 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің өңірлерінде отандық киноны насихаттау жұмысы жалғасуда. Бұл — аса маңызды міндет, оның орындалуы қазақстандық киноиндустрияны жаңа деңгейге көтеріп, әрбір фильмнің өз көрерменін табуына мүмкіндік береді, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Солтүстік Қазақстан облысында Қазақ киносының күндері басталды

Мемлекет басшысы бұл бағыттың маңыздылығын Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында ерекше атап өткен болатын.

4 сәуір күні Солтүстік Қазақстан облысында Қазақ киносының күндері басталды.
Негізгі мақсат — жергілікті талантты режиссерлер мен олардың туындыларын халыққа таныстыру. Бұл фильмдерде қазақ халқының мәдениеті мен рухы, тарихымыздың маңызды кезеңдері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметі көрініс табады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева қазіргі уақытта кино саласының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр.1

«Біз орталықтың қолдауымен түсірілген барлық жобалар әрбір көрерменге жетуін қалаймыз. Тек облыс орталықтарында ғана емес, аудандар мен ауылдарда да көрсетілуі тиіс. Бұл жұмысты тұрақты түрде жүргіземіз. Бір ретте 10–15 фильм көрсетілсе, артынан жаңаларын жібереміз», – деді «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

 

Киноны насихаттау жұмыстары республикалық ғана емес, өңірлік телеарналармен де бірлесіп жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан облыстық телеарнасы бірнеше жылдан бері отандық фильмдерді көрсетіп келеді.

Қазақ киносы онкүндігі аясында «Qyzyljar Creative Center» шығармашылық орталығында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» мен «Carat-Прогноз» ЖШС («Первый Северный» телеарнасы) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Онкүндіктің алғашқы күні көрермендерге режиссер Серікбол Өтепбергеновтың «Уақыты келген патриоттар» фильмі ұсынылды. Бұл — терроризммен күрес пен отбасы құндылықтары туралы сапалы экшн жанрындағы туынды.2

Фильм әскери қызмет атқаратын екі бауыр туралы. Үлкені – барлаушы, кішісі – истребитель ұшқышы. Әкелері шайқаста қаза тапқан. Араларында түсініспеушілік болғанымен, ел тағдыры таразыға түскен сәтте олар бірігіп, халықты құтқаруға атсалысады.

«Моральдық идея – біз қандай жағдайда болсақ та, ұлтқа, дінге бөлінбей, бірлік пен ынтымақта болуымыз қажет. Фильмді жасауға бір жылдай уақыт кетті, әсіресе компьютерлік графика көп уақыт алды, бірақ соның арқасында фильм көркем әрі әсерлі шықты», – деді режиссер Серікбол Өтепбергенов.

 

Кино күндерінің ашылу рәсіміне СҚО әкімінің аппараты жетекшісі Руслан Алишев қатысып, қатысушыларды облыс әкімінің атынан құттықтап, отандық киноны насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

3

«Бұл – өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен қоғамдық сананы қалыптастыру үшін аса маңызды жұмыс. Мемлекет қаржысымен түсірілген фильмдерді өңірлерде көрсету – өте орынды бастама. Біздің кинокомпаниялар сапалы контент жасап отыр, ол әлемдік нарықта да өз орнын табуда. Осыған сай жаңа Креативті орталығымыз ашылып, кино саласына бар жағдай жасалған. Бізде үлкен жоспарлар, тың идеялар мен кәсіби мамандар бар», – деді Руслан Алишев.

 

Көрсетілімге ұсынылған фильмдер әртүрлі жанрды қамтиды:

«Жамбыл. Жаңа дәуір» және «Дос-Мұқасан» – атақты тұлғалардың өмірі жайлы.

«Бауырына салу» – қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттайды.

Балалар үшін – «Тайқазан» анимациялық фильмі көрсетілді.

5

Жалпы, Киноны қолдау орталығының көмегімен 117 фильм түсірілген:
- 72 – көркем фильм,
- 37 – деректі,
- 8 – анимациялық.