
20 млрд долларлық сирек металл
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу бағытына тың серпін беру қажет деген еді. Сондықтан халыққа Жолдауында Үкіметке 2026 жылға қарай геологиялық, геофизикалық барлау көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу міндеті жүктелді. Сәуір айының алғашқы жексенбісі – геологтер күні қарсаңында, геология саласының ілкімді мәселелеріне аздап ой жүгіртіп көрген едік.
Жақында елімізде жаңа геологиялық зерттеулер нәтижесінде 38 перспективалы алаң анықталды. Бұл алаңдар қатты пайдалы қазбаларға бай көрінеді. Осы жаңалыққа байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Кеңесте геологиялық зерттеулердің аясын кеңейту, жаңа жобаларға инвестиция тарту және саладағы тиімді бастамаларды іске асыру жайы талқыланды.
Ең басты мақсат – 2026 жылға дейін геологиялық зерттелген аумақты 2,2 млн шаршы шақырымға арттыру. Үкімет «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясымен бірігіп, ұлттық байлықтарды зерттемекші. Алдымен министрлік зерттеу жүргізіп, болашақта тиімді болатын аумақтарды анықтайды. Содан соң ұлттық компания сол жерлерді игеруге инвестиция тартуға барлық қажетті дайындық жұмыстарын жасайды. Қазір бірнеше қанатқақты жоба іске асырылып жатыр. Олардың ішінде Қаратас (мыс), Жосабай (алтын), Солтүстік Катпар мен Жоғарғы Қайрақты (вольфрам) сияқты жобалар бар. 2024 жылы Қарағанды облысында ашылған Құйрықтықөл кен орны сирек жер металдарына бай және олар жоғары технологиялық құрылғылар, жартылай өткізгіштер мен қуатты магниттер жасау үшін қажет. Мұндай жобалар еліміздің жоғары технологиялық салаларын дамытуды жеделдетпек.
Ал Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Құйрықтықөл учаскесінде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 20 млрд долларға бағаланатын сирек жер металдары табылған. 2022 жылы басталған іздестіру жұмыстары 64,2 шаршы шақырым аумақты қамтыды және кешенді әдістер арқылы жүзеге асырылды. Зерттеулер барысында 126 шақырымдық бағыттар белгіленіп, 33 ұңғыма бұрғыланды (жалпы ұзындығы – 5 237 м), сондай-ақ 4 713,3 п.м керн алынды. 1 228 геохимиялық және 1 124 керндік сынама да жиналды.
Зерттеулер нәтижесінде төрт болашағы зор алаң анықталды: Дос 1, Дос 2, Дос 3 және Иргиз. Бұл аумақтарда 935,4 мың тонна көлемінде ресурстық қор мен 795,8 мың тонна нақты есептелген қор анықталды. Алдын ала есептеулерге сүйенсек, қор көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік бар.
Геологиялық барлауға басымдық берілсе
Сала ардагерлерінің айтуынша, біздегі шетелдік компаниялар тек нақты есептелген қорларға қызығады, себебі олар тұрақтылық пен қаржылық қауіпсіздікті талап етеді. Ал болжамды қорлар тек теориялық мәліметтер болғандықтан, олар инвестиция тартуға қиындық туғызады.
– Өкінішке қарай, геологиялық барлауға бөлінетін қаржы мардымсыз. Бізде бұл салаға жылына небәрі 8–12 млрд теңге бөлінеді. Шын мәнінде, нақты нәтиже көрсетуге бұл соманы кемінде 70–80 млрд теңгеге дейін көтеру қажет. Аустралияда геологиялық зерттеуге бір шаршы метрге 70–80 доллар жұмсалады. Бізде бұл көрсеткіш небәрі 3–6 доллар. Мұндайда геология саласын дамыту туралы айтудың өзі қиын. Еліміздің пайдалы қазбаларға бай екенін бәрі біледі. Бірақ инвесторлар үшін басты мәселе – тәуекел. Оларға нақты барланған, дәлелденген қор керек, – дейді Минералдық ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі Олжабай Исмаилов.
Геологиялық кеңесші, ардагер Серікбек Жүсіпбекұлы қазіргі қиын ахуал саладағы кәсіби біліктіліктің төмендеуіне, сондай-ақ геологиялық жобалардың сапасына кері әсер етеді дейді.
– Қазіргі геология ғылымының халі өте ауыр. Қаржыландыру жоқтың қасы. Экспедициялар қысқарып, салаға жастар келмей қалды. Себебі геологияға деген насихат, қызығушылық жоқ. 2002 жылдан бастап Геология министрлігі таратылды. Мұнай – Энергетика министрлігіне, руда – Өнеркәсіп министрлігіне, су ресурстары – Табиғи ресурстар министрлігіне берілді. Ал Геология комитеті жалғыз қалды, әрі оған нақты өкілеттік те берілмеді. Жер қойнауын қорғау қызметі жойылды. Бұл өте қауіпті. Қазір кен орындарында сапасы төмендеу кен алынбай қалып жатыр. Оларды қосымша өңдеп, кешенді игеру қолға алынбай отыр. Бай кен орындарын ғана игеріп, өзгесін тастап кетуде. Бұрын ондайды бақылап отыратын инспекциялар болатын. Енді ол жоқ. Бұл жер қойнауын тиімсіз пайдалануға алып келіп отыр, – дейді геолог.
Жаңа әдіс пен технология қажет
Олжабай Исмаиловтың айтуынша, қазір геологиялық жобалармен көбіне құрылысшы, аграршы, тіпті заңгерлер айналысады. Себебі олар қағаз жұмысын жақсы меңгерген. Ал нағыз геологтер уақытын кең даланы аралап, пайдалы қазба іздеуге жұмсайды. Нәтижесінде, көптеген жоба геологиялық тұрғыдан әлсіз дайындалады. Жер қойнауын пайдалану саласында ғылыми негізі жоқ, тәжірибелік маңызы төмен жобалар көбейіп кетті.
«Ғылымсыз геология дамымайды. Геологияны дамыту үшін ғылымға негізделген жаңа әдістерді енгізу қажет. Бүгінде біраз елде жасанды интеллект, геофизикалық модельдеу, қашықтықтан зондтау әдістері кеңінен қолданылады. Біз де осы бағытқа бет бұруымыз керек», дейді ол.
Сала өкілдерінің сөзінше, геология саласын дамыту үшін ғылымға негізделген жаңа әдістерді енгізу – маңызды әрі қажетті қадам. Алдыңғы қатарлы жаңа технологияларды әкелу және оны тиімді пайдалана білу салаға серпіліс әкеліп, геологиялық зерттеулерді жаңғыртады.