«Таза Қазақстан» • 05 Сәуір, 2025

Абай облысында тазалық акциясы басталды

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы дәл бір жыл болды. Жұрт болып жұмыла атқарған жұмыс осы күні шын мәнінде елдік сипат алып үлгерді.

Абай облысында тазалық акциясы басталды

Расында бұл бір реттік науқан емес, мұны – халықтың экологиялық мәдени санасын қалыптастыратын ұлттық идея деп түсінуге болады. Айтулы акция аясында Семей қаласының тұрғындары сенбілікке шықты.

Абай облысында жалпыөңірлік тазалық акциясы басталды. Сенбілікке мемлекеттік мекеме қызметкерлері, білім беру мекемелері, шағын және орта бизнес нысандарының өкілдері, қоғамдық және жастар ұйымдары, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары және жалпы тұрғындар да акцияға белсенді атсалысты.

Семей қаласында өткен тазалық жұмысында жұртшылықпен бірге облыс әкімі Берік Уәли де қатысты. Аймақ басшысы кеше, 4 сәуірде облыс тұрғындарына арнайы үндеу жасап, жалпыөңірлік тазалық акциясы басталатынын жариялаған еді.

Облыс орталығында өткен сенбілікте аймақ басшысы бұл тазалық акциясы бір реттік емес, жыл бойы жалғасатынын айтты.

«Біз осы жалпыөңірлік акцияны бастаған кезде «Тұрғындар қалай қабылдар екен?!» деп қобалжығанымыз да рас. Бірақ ойлағанымыздан асып түсті. Халық осыны күтіп жүргендей бастаманы іліп әкетті. Тіпті отбасылық чаттарға дейін тарап, бір бірлерін тазалық акциясын қолдауға шақырып жатқан халықтың шынайы ықылас-пейілін аңғардық. Бұл біздің бастамамыздың халықпен үндескенін көрсетеді. Жақсы басталған істі әрі қарай жүйелі түрде жалғастырамыз», деді аймақ басшысы.

Тазалық акциясы қаланың барлық аудандарын қамтыды. Мәселен, Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен оған қарасты мекемелер облыс әкімінің елді абаттандыру жөніндегі үндеуін қолдап, Жаңасемей аумағындағы сенбілікке қатысты.

– Әкімнің үндеуі – әр азаматқа ортақ жауапкершілік жүктейді. Қала тазалығына үлес қосу – біздің азаматтық міндетіміз, – деді Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Еркебұлан Тұрсын.

Ал Семейдегі «Бейбітшілік» аралында өткен сенбілікке 300-ге тарта жас қатысты. «Абай Жастары» ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл іс-шара – аймақ басшысының өңірді көгалдандыру мен тазалықты сақтау жөніндегі үндеуін қолдаудың нақты көрінісі болды.

– Табиғат – ортақ байлығымыз. Әрбір жас ұрпақ оны қорғап, ұқыптылықпен қарауға міндетті. Біз аймақ басшысының бастамасын толық қолдаймыз. Осындай сенбіліктер арқылы өңірімізді көркейтіп, қоғамға үлгі көрсетеміз, – деді «Абай Жастары» ресурстық орталығының директоры Айдос Төлеуханов.

Жастар қолдарына күрек-кетпен алып, арал аумағын қоқыстан тазалап, ағаш отырғызуға да атсалысты

Әкімнің үндеуінде айтылғандай, акция барысында арнайы байқау жарияланып, «үздік аудан», «үздік ауыл», «үздік аула», «үздік университет», «үздік колледж», «үздік мектеп», «үздік балабақша», «үздік көше», «үздік мекеме», тағы басқа да номинациялар бойынша тазалық жанашырлары анықталады. Жыл соңында жеңімпаздарға қомақты сыйлықтар табысталады.

Абай облысы