Өнер • 08 Сәуір, 2025

Барокко музыкасы шырқалды

797 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрында атақты композитор И.С.Бахтың 340 жылдығына арналған «Бах және оның замандастары» атты айтулы іс-шара аясында барокко музыкасының фестивалі өтті.

Барокко музыкасы шырқалды

«Астана Опера» оркестрінің солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айсұлу Байкенова мәдени іс-шараға көптеген дарынды орындаушы қатысқанын жеткізді.

«Біз фестивальге ауқымды бағ­дарлама дайындадық. Туынды­лардың сан алуан түрін сахнаға шығару үшін солистерге ғана емес, оркестрге де айтар­лықтай салмақ түсті. Өйткені оркестр осы байқауға ауқымды үш музыкалық кеш әзірледі», деді ол.

Оның айтуынша, барокко дәуірінің шығармаларын орындау – жеке ғылым. Бұл музыканың мазмұны басқа. Ел­ордадағы музыканттардың тұрақты репертуарына мүлде ұқсамайды. Мұн­дай композиция театр мен концерт залдарының сахналарында сирек ұсы­нылады. Бір жағынан, барокко музыкасын орындаудың өз ерекшелігі бар. Сондықтан бұл кеш көрерменге әдемі әсер сыйлады.

Фестивальдің алғашқы күнінде Айсұлу Байкеновамен бірге концертте жеке партияларды театр әртістері – скрипкашы Ақмарал Жанғазина, виолончелистер Курванжан Ахатов, Диаржан Ахатов, флейташылар Алексей Косырев, Александр Тараскин және шақырылған пианист Анара Камельинова ұсынды. Бұл кеште Бахтың соло виолончельге арналған ­сюитасынан №1 прелюдия, соль ­мажор, 3 бөлімнен тұратын оркестр мен скрипкаға арналған концерт, ля минор, 3 бөлімнен тұратын №4 Бранденбург концерті, соль мажор, 3 бөлімнен тұратын оркестр мен фортепианоға арналған №1 концерт, ре минор секілді шығармалары шырқалды. Бұдан бөлек, А.Вивальдидің 3 бөлімнен тұратын екі виолончель және ішекті аспаптар оркестріне арналған концерті, соль ­минор орындалды.

Ал фестивальдің қорытынды ке­шінде Айсұлу Байкенова өзінің аспапшы әріптестері – скрипкашылар Карина Аникушина, Әсем Жақ­парова, Балнұр Құдайберген және Шалқар Желдібаймен, сондай-ақ ­гобой­лар тобының концертмейс­тері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дамиля Махпировамен, фаготтар тобының концертмейстері Әсет Нелдібаевпен бірге тыңдарманға тамаша тарту жасады.

 

Қайсар ҚҰСАЙЫН