Қоғам • 08 Сәуір, 2025

Бала жанының бағбаны

104 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжардың Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар және жасөс­пірімдер кітапханасында белгілі балалар жазушысы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайымның «Құс ұясы» атты жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Бала жанының бағбаны

Қазақ балалар әде­биетінің тарихы ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннен басталып, бүгінге дейін ауыспалы табыс­пен жалғасып келеді. Бір кезде оны дүниежүзі балалар әдебиетінің майталмандары да жоғары бағалап, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» хикаяты талай елдің төрінен орын алды. Бүгінде бұл салаға талап жоғары, жас саналарды еліктіретін заманауи ІТ-дің жасайтын бәсекелестігі орасан.  Саналы ата-аналар мен салиқалы ұс­таз­дардың қолдауымен ба­ла­­лардың әдебиетке деген құштарлығы өлген жоқ. Бірақ бәсекелестікке төтеп беріп, шы­найы, тартымды, бала психологиясына шақталған дүние жазу оңай емес. Шу дегенде балалар әдебиетін оңай деп ойлағандар замана дөңгелегі шабақтарының қақпақылына ұшырап, мұрттай ұшып жатты. Ал Толымбек Әбдірайым сол қақпақылға төтеп беріп, 1996 жылы шыққан алғашқы кітабы «Еркешорадан» бері талмай 30 жылда он бес шақ­ты жинақ шығарып, еңбе­гімен елге танылған жазушы. Оның балаларға арнаған «Мақтаншақ сары сағат», «Ине мен жіп», «Әуелеп ұшқан тырналар», «Аю құлақ», «Жал­қаулыққа кім үйір?», «Алабұға аулаған күн», «Ақ­­­қоян­ның үй­шігі», «Ақ кептер», «Ле­тя­т журавли», т.б. жинақтарын оқыр­­­­мандары жылы қабыл­даған. Біраз әңгі­мелері оқу­лықтарға да енгізілген.

пр

Астаналық баспалардың бірі «Ар­дадан» шыққан 367 беттік «Құс ұя­сының» бас­пагерлік шеберлігінде мін жоқ. Жинаққа топтастырылған 54 әң­гіме, 16 ертегі және 3 хикаяттың бәріне оқушыға түрлі ой салып, мәтіннің маз­мұнын аша түсетін түрлі-түсті, әдемі суреттер салынған. Әңгімелерінің бәрі де көр­кемдігі жоғары, тағлымы зор, баланың қабылдауына ықшам. Белгілі әдебиетші-профессор Серік Не­ги­мов кітапқа жазған алғы­сөзінде: «Әңгімелері оймақтай, оюлы, сырлы, мағыналы һәм маз­мұнды. Бала­лардың жанын керемет түсінеді. Кәдімгі Ыбырай Алтын­са­риннің алақандай әңгімелері бар ғой, сол сияқты», депті.

Тұсаукесер рәсі­міне қызылжарлық әдебиетсүйер қауым қатыс­ты. Ғалым Зарқын Тай­шы­бай Т.Әб­дірайым шығар­ма­шы­лығын көптен бері білетінін, оның қалыптасуы мен өсу жолдарына куә екенін айтты. Жазушы Жарасбай Сүлейменов, кәсіп­кер Жомарт Омаров, әнші, актер Құмарбек Қалқатай, ақын Аманжол Зағыпар, т.б. кітап ­авторы және жаңа жи­нақ туралы жылы лебіз­­де­рін білдірді. 3-сынып оқушысы, жас ақын Сарыбай Абзал жа­зу­шыға арнауын айтты. «Бала жаны­ның бағ­баны» аталған кешті облыс­тық «Солтүстік Қазақ­стан» газе­тінің бас редакторы Нұр­гүл Оқашева ашып, жүргізіп отырды. Қаламгер мен оның жұбайы Кәмилә Мұқашеваға кітапхана ұжы­мы сый-құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты. Сөйтіп, бала­лар әдебиетінің қоржынына тағы бір сүбелі еңбек жол тартты.

 

ПЕТРОПАВЛ