Айбын • 08 Сәуір, 2025

Ерліктің ерен үлгісі

209 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың соңында Кеңес одағы ыдыраған соң бірқатар бұрынғы кеңестік республикада әлеуметтік шиеленістер мен экономикалық дағдарыстар орын алды. Әсіресе Ауғанстанмен шекаралас жатқан Тәжікстан Республикасында жағдай қиындап, 1992 жылы азаматтық соғыс өрті бұрқ еткені тарихтан белгілі. Бұл аласапыран 50 мыңға жуық адам өмірін жалмады.

Ерліктің ерен үлгісі

Біріккен бітімгерлік күштің жасақталуы

Тәжік жерінде басталған дүрбелең бүкіл Орталық Азия елдеріне таралу қаупі туындаған соң, оңтүстіктен ағылған қару-жарақ пен есірткіге тосқауыл қою үшін Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан бітімгерлік күштерін құрып, Тәжікстан шекарасын бірігіп күзету туралы шешім қабылдаған еді. ТМД елдерінің оңтүстік шебін күзетуге ауысым бойынша Ішкі әскердің 20 ротасы іріктеліп, 2 мыңға жуық әскери қызметші оқ пен оттың ортасында жауынгерлік қызмет атқарды. Қазақстанның біріккен атқыштар батальоны Тәжікстанда болған жылдары барлығы 43 әскери қыз­метші қаза болып, 100-ден аса бітім­гер жарақат алды.

Соның ішінде осыдан тура 30 жыл бұрын, яғни 1995 жылдың 7 сәуірінде қару-жарақ пен оқ-дәрі тиелген Ішкі әскердің колоннасы Пшихарв шатқалының Пяндж өзені бойында дұшпан тарапынан күтпеген шабуылға ұшырап, 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, өшпес ерлік ескірген жоқ.

 

Қанды шайқас қалай басталды?

1995 жылдың көктемінде шекара барлаушылары Ауғанстан жеріне жақын шатқалда тәжік оппозициясының заңсыз қару­ланған ірі көлемдегі күші шоғыр­ланғанын жеткізеді. Осыған байланысты Тәжікстанда орналасқан біріккен шекара әскерлерінің топ басшылығы айтылған аймақта арнайы шекара бекетін құруға шешім қабылдайды. Бұл жердегі шекара сызығы Пяндж өзені бойы­мен Пшихарв шатқалының ең тар жерінен өтетін.

Сол кездегі 7-ротаның коман­дирі, бүгінгі ардагер, запастағы полковник Ерлан Алданазаровтың айтуынша, 1995 жылдың наурыз айында олар Шымкенттегі жедел мақсаттағы полктен тәжік-ауған шекарасына аттанады. Бұл ауысым бойынша тәжік еліне жіберілген жетінші рота еді.

ап

«6 сәуір күні маған батальон командирі майор Юрий Ло­бачев келіп, бұйрық бойынша Под­кунов шекара заставасынан Пшихарв шатқалына баруымыз керек екенін айтты. Түнімен дайын­далып, автокөліктерге жүк­терді тиедік. Таңғы астан кейін колоннамен жүріп кеттік. Бізге 200-230 шақырым жердегі шат­қалға жету керек. Ондағы мақсат – Пшихарв шатқалында бір взводты қалдырып, әрі қарай Висхарв шатқалында екі взводты орналас­тыру. Содан сағат 12.20-да Пши­харв шатқалына тоқтадық», дейді сол күндерді есіне алған рота ко­мандирі.

Колоннаны бастап келген шекара отряды бастығының техника жөніндегі орынбасары, подполковник Григорий Тихонов, батальон командирі Юрий Лобачев, рота командирі, капитан Ерлан Алданазаров пен оның орынбасары лейтенант Нұржан Байбосынов жоғары көтеріліп, бекеттің орнын белгілеуге кетеді. Шамамен 20 минуттай өткенде колоннаның жанынан жергілікті жедел жәрдем автөкөлігі өткен. Ол шатқалдың қиылысына жете бергенде, айна­ладағы тыныштықты гранатометтен атқан жарылыс бұзып, тау ішін күңірентіп кетеді.

Осы сәтті сол кездегі 7-рота командирінің тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыстар жө­ніндегі орынбасары, запастағы полковник Берік Омаров былай деп еске алады: «Көрші қышлақтан келе жатқан «Уазик» автокөлігі жанымыздан өткен соң, бізден 200-300 метрдей қашықтықта жарылды. Мен рота командирінің орнында қалған орынбасары ретінде дереу «Ұрысқа!» деп пәрмен бердім. Бұйрықты естіген сарбаздар машинадан секіріп түсіп, қорғанысқа көшті. Сол кезде қатардағы жауынгер, пулеметші Анатолий Меш­ковтың қаза болғаны туралы хабар жетті. Мен «Атыңдар!» деп үлгергенде алғашқы снаряд дәл жанымызда жарылды. Түтін сейілгенде сағатыма қарасам, 12.20-ны көрсетіп тұр екен. Содан басталған атыс-шабыс бәсеңсімей 3-4 сағатқа созылды», дейді ардагер.

7-рота жауынгері, ардагер Мұрат Сатиев «Ұрысқа!» деген бұй­рықты ести сала көліктен секіріп түсіп, атысты бастап кеткенін айтады.

«Бір-екі жауынгер көлік үс­тінде жарақат алды. Дастан деген жігіт көз алдымызда ажал құшты. Жаралылардың ішінде жез­қазғандық Еркебұлан деген жігіт бар еді. Екі аяғы мен қолынан оқ тиген оны істен шыққан тех­никалардың арасымен көтеріп әкеліп, сау көлікке орналастырдым. Жалпы саны 30-дан аса адам жараланды. Ішімде «Осы жерде өліп кетсем, әке-шешем қандай күйге түсер екен» деген ой ғана болды. Ол кезде ата-анам 60-тан асып қалған қарт кісілер еді», дейді оқиға куәгері.

пр

Алғашқы жарылыстан кейін іле-шала әскерилер колоннасына шабуыл басталып, оқ қарша борайды. Жаңа ғана тауға көтерілген офицерлерді жаудың мергендері көздеп атып, төменге түсірмейді. Сарбаздардың бірі, старшина Дәурен Есполов көліктен секірген бойда артқы дөңгелекке жасырынып ата бастағанын еске алады. Өзімен бірге Әлихан Өгіз­баев, Ербол Исабаев, Еркін Бай­ғабылов секілді сарбаздар болған. Бір уақытта басқа таса жерге орын ауыстыруға тұра жү­гір­ген­де, жаңа ғана қасында отырған жауынгерлердің жанына снаряд түсіп, бәрі де тіл тартпай кетіпті.

«Мен де талып қалыппын. Есімді жисам, үсті-басым қан, аяғымды баса алмаймын. Төрт жерімнен оқ тигенін кейін білдім. Есімді бір жиғанда «келесі ма­шинаға өтіңдер!» деп біреу айқайлап жатыр екен. Өрмелеп, көлікті тасалап, көпірдің астына өттім, сол жерден атыса бастадық», дейді ол.

Алғашқыда абдырап қалған жеке құрам тез есін жиып, рота командирінің орынбасары, лейтенант Берік Омаров бірден бұйрық беріп, ұрысқа жетекшілік етеді. Онымен бірге взвод командирлері, лейтенант Игорь Дьяченко, Әбен Жайлыбеков пен Қайратбек Сәтбаев бастаған сарбаздар да ұрысқа кіріседі. Бұрын соғыс көрмеген жауынгерлерден мұндай қарсылық боларын содырлардың өзі күтпесе керек. Кескілескен ұрыс Калай Хумбтан қосымша көмек жеткенше 5 сағатқа жуық уақытқа созылған.

Шайқастың нәтижесінде содырлар Пшихарв шатқалының сағасынан қазақстандық шекарашыларды ығыстыра алмай, 15 шақты адамы мен қару-жарағынан айырылып, кейін шегінеді. Ал біріккен шекарашылар күшінің қатарынан 20 жауынгері мерт болып, 47-сі жараланған. Қаза тапқандардың 17-сі Ішкі әскердің жауынгерлері еді. Олардан бөлек, 33 әскери қызметші түрлі дәрежедегі жарақат алды.

 

Олар шетте жүріп, елді қорғады

Жаудың алдын ала қолайлы жерді таңдап, қапысыз келе жатқан колоннаны жоямыз деген жоспары жеке құрамның жоғары жауынгерлік дайындығы мен ержүректілігі арқасында жүзеге аспаған. Ерен ерліктің біріне Петропавл қаласының тумасы, қатардағы сарбаз Николай Жигаликтің қарулас достарын құтқаруда көрсеткен батылдығын айтуға болады. Ол қарша бораған оқтың астынан бірнеше жаралы қаруласын алып шыққан. Сонымен қатар взвод командирі лейтенант Әбен Жайлыбековтің қол астындағы жауынгерді жанып жатқан техникадан құтқарғаны да екінің бірінің қолынан келмейтін батыл әрекет еді. Одан басқа сержант Марат Ахметов, қатардағы жауынгер Нұрлан Ақметов сынды жауынгерлердің жаралы қаруластарын шайқас алаңынан қауіпсіз жерге алып шығуы – нағыз достық пен батылдықтың айғағы.

Президент Жарлығымен ТМД елдерінің сыртқы шекарасын қорғаудағы әскери борышын адал атқарғаны және кө­р­сеткен жанқиярлық ерлігі мен батылдығы үшін қаза болғаннан кейін 5 адам II дәрежелі «Айбын» орденімен, 12 адам «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды. Олардың есімдерін ел білуге тиіс. Атап айтқанда, старшина Қалмақан Бақбаев, сержант Радик Каймулдиев, кіші сержант Әлихан Өгізбаев, қатардағы жауынгерлер Ержан Байбағысов, Ербол Бекебаев, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматов, Қанат Едірішов, Ербол Исабаев, Ержан Әбдиев, Еркебұлан Мақажанов, Михаил Мартыненко, Анатолий Мешков, Дастан Нұрметов, Еркін Байғабылов, Тахир Райымжанов әскери антына адал болып, Отан қорғау жолында өмірін қиды. Шайқаста аман қалғанымен, кейін алған жарақатының салдарынан көз жұмғандар да бар. Бірнеше жылдан кейін сұм ажал арамыздан офицерлер Валерий Лысенко мен майор Марат Ахметовті алып кетті.

Ардагер, запастағы майор Қанат Қамалов сол ауыр күндер жайында былай деп еске алады: «Бізге ең ауыры – қаза болған жігіттердің сүйегін еліне жеткізу болды. Аман-сау аттандырған балаларын ата-анасына табытпен тапсыру қиынның қиыны еді. Осы 17 жігіттің бәрін өзім жуып, арулап табытқа салдым. Ербол Исабаев деген жігіттің аяғына сегіз оқ тигенін байқадым. Кейін естігенім, ол жарақат алғанда, құтқаруға барам деген жігіттердің көбін снайпер атып түсіріп отыр­ған».

Бүгінде қаза болған сар­баз­дардың есімі еліміздің әр аума­ғындағы көшелер мен мектептерге, музейлер мен саябақтарға берілген. Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімінде жауынгерлердің есімдері жазылған ескерткіштер орнатылған.

«Біздің Ербол өте пысық бала болды. Мектепте жақсы оқыды, өжет, ештеңеден қаймықпайтын жан еді. Отан алдындағы борышын аяқтап, елге қайтуы керек-тін. Әке-шешесінің алып кетеміз дегеніне көнбей, өз еркімен тәжік-ауған шекарасына аттанды. Содан 7 сәуірде қаралы хабар естідік», деп еске алады марқұм болған Ербол Исабаевтың немере апасы Гүлжанат Гайфуллина.

Қазақ жауынгерлерінің ер­лігіне тәжік халқының шексіз алғысы ретінде 2007 жылдың желтоқсанында Душанбе қала­сында батырлардың есімдері ойып жазылған ескерткіш орнатылды. 17 боздақтың ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді. Сол жылдары біздің жауынгерлер буырқанған Пяндж өзені мен таулы Памирдегі шекарада бауырлас тәжік халқын ғана қорғаған жоқ, олар өз Отанының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қорғады.