Мирас • 08 Сәуір, 2025

Тағдыры ауыр тұңғыш жинақ (100 жыл бұрынғы жыр кітабының жұмбағы)

317 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің тұңғыш жинағы туралы шындық ешқашан айтылған емес. Кейбір белгілі деген мән-мәнібінің өзін әдейі айтпай, айналып өту не басқаша бейімдеп айту кешегі кеңестік зерттеушілердің амалсыз барған әрекеті болғанын бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін.

Тағдыры ауыр тұңғыш жинақ (100 жыл бұрынғы жыр кітабының жұмбағы)

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жазушы 1957 жылы ақталған сәттен бастап, ол туралы жазылған алғашқы мақала­ларда «Бейімбет 1923 жылы Орын­борда тұңғыш өлеңдер жинағын шығар­ды» деген дерек алға тартылып, кейінгі біріне-бірі жалғанған жарияланымдар осы тұжырымды төрден түсірмеді.

Бейімбеттің бірінші биографы, профессор Темірғали Нұртазиннің өзі ақын­ның 1923 жылы балаларға арналған ертегі кітабы шықты дей келіп, «1925 жылы жаңа өлеңдер жинағы шығады» деп елеусіз жазып өтуге мәжбүр болды. Ал академик Мұхамеджан Қара­таев Бейімбеттің тұңғыш өлеңдер жинағы ­1922–1923 жылдары шықты деп екіұштылау пікір қалдырды.

Белгілі зерттеуші Қайнекей Жарма­ғамбетов «Бейімбет 1922–1923 жылдары республикамыздың сол кездегі астанасы Орын­борға барды, орталықтағы баспасөзге қатыс­ты, өлеңдерінің жинағын бастырды» дейді. Ол осы дерегін 1958 жылы шық­қан «Қазақ совет әдебиеті тарихының очер­кі» кітабындағы Б.Майлин туралы мақала­сында тағы білдіреді. «Мәдениет және тұр­м­ыс» журналында жарияланған «Біздің Бейім­­бет» (1965) мақаласында «Бейімбет өлең­дері» деген жинағы 1923 жарияланды» деді.

«Қазақ әдебиетінің тарихы» кіта­бындағы Б.Майлин туралы мақаласында профессор Сейділда Ордалиев те осылай жазып, бұл пікірін зерттеу кітаптарын­да өзгеріссіз қайталауға мәжбүр болды. Аға зерттеушілердің Бейімбетке, оның тұңғыш жинағына қатысты осындай саналы қарекетке жол беруінің себебін қазір сеземіз, әрине.

Аталған зерттеуші-ғалымдардың еңбек­теріне сүйенген және өз тарапынан нақты ештеңе қоспаған кейінгі кейбір ізденушілер, әрине дайын нәрсені іліп алып, мәселенің мәніне тереңіне бойлай алмады, алғашқы жинақтың ақиқатын ашуға ұмтыла қоймады.

Тұңғыш жинаққа қатысты сол кезде жете мән берілмеген және бір жайт бар. Ол – академик-жазушы Сәбит Мұқанов­тың естелігі еді. Сәбеңнің жазуына қараған­да, жалпы, Қостанайдан Орынборға кел­ген Бейімбет Майлинге редактор Смағұл Сәдуақасұлы қатты көңіл бөліп, «Еңбек­ші қазақ» газетіне оның өлеңдерін, фелье­тондарын, әңгімелерін жиі әрі өте көп жариялап отырған. Мұнымен де қанағаттанбай, Бейімбетке өлеңдер жинағын жасатып, өзі оған кіріспе сөз жазып, тез бастыру үшін Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) баспаханасына Бейімбетті әдейі жіберген. «Бұған дейін Бейімбеттің ешбір шығармасы кітап боп басылған жоқ-ты» дейді Сәбит Мұқанов.

Бейімбет Майлин ақталғаннан кейін іле-шала оның таңдамалы шығармала­рын, көптомдығын шығару басталғанда, өкінішке қарай, академик-жазушының осынау түпқазық болатын дерегі негізге алынған жоқ. Жазушы шығармашылы­ғын зерттеушілер де, жинақтарын құрас­тырушылар да оның осы тұңғыш жинағы туралы әңгімені айналып өтті.

С.Мұқанов жоғарыда аталған еңбегін­де: «Мен Қызылордаға 1926 жылдың жазында келгенімде Бейімбеттің баспадан екі кітабы шыққан екен: біріншісі – 150 бет­тік өлеңдері мен поэмаларының жина­ғы, екіншісі «Күлпаш» атты әңгімелер жи­нағы» дейді. Бұл «өлеңдері мен поэ­ма­ларының жинағы» деп отырғаны – «Бейімбеттің өлеңдері» деп аталған тұң­ғыш кітабы болатын.

Ал Бейімбеттің Үпі медресесіндегі сыныптасы, башқұрттың классик жазушы­сы Сайфи Құдаш өз естелігінде: «Менің хатым мен кітабымды алғаннан кейін Бейім­бет 1927 жылы 2 февральда маған арнаулы хат жазып, өзінің «Бейімбеттің өлеңдері» деген жинағы мен «Шұғаның белгісі» кітабын жіберді» дейді.

Алғашқы жинақтың ашылмай қалған (келген) шындығы, анығында, жазушы зертханасының, белгісіз туындыларының шығармашылық тарихын таразылау­дың қағидатты мәселесі еді. Мұның анық-қанығын білмей тұрып, жазушының көзі тірісінде шыққан кітаптарын саралап шығу мүмкін емес-ті.

Бейімбет Майлиннің тұңғыш жинағы­на кешегі кеңестік қоғамның мүлде назар аудармай келуінің ең басты себебі – оның көрнекті мемлекет, саяси және мәдениет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының (1900–1933) алғысөзімен («Сөз басы») жариялануы еді. Голощекиннің «Кіші қазан» саясатына қарсы шығып, қазақ еліндегі нақты жағдайды дәл көрсете білген, елін сүйген, ұлтжанды, жиыр­ма бес жастағы кемең­гер Смағұл Сәдуақас­ұлына «ұлтшыл-укло­нист» деп айып тақ­қан кеңестік-партиялық Қазақ­стан­дағы қаһарлы қоңыраудың ­даусы төл­басы жи­нақтың төркінін тануға мүмкін­дік бер­меді. Саяси өмір мен баспасөз беттерінде «сәдуақасовшыл­­дық» термині пайда болып, бұл басқаларға құбыжық ретінде көрсетілді.

Ал «халық жаулары» саяси тұр­ғы­да ақтала бастаған 1957 жылдан кейін Бейімбеттің әдеби мұрасына қай­та ора­лу мүмкіндігі туған кезде, аға буын зерт­теушілерде ұлтшыл Смағұл Сәдуа­қа­с­ұлымен байланыстырып, Бейімбеттен тағы да айырылып қалармыз деген орынсыз қауіп, әсіре сақтық болған сияқты.

Смағұлдың тұмса жинаққа жазған «Сөз басы» – бейімбеттанудың бастауын­да тұрған, шын мәнінде, бейімбеттану ғылымының негізін қалаған шығарма. Әдебиет әлеміне Бейімбет (шын аты Бимұхамет) есімді қаламгердің кіріп келе жатқанын және қазақтың болашақ көркемсөз өнерінің туын ұстайтын тұл­ғаның бірі осы отыз жастағы Бейімбет болатынын жиырма бестегі жас Смағұл жазбай таныды (Смағұлдың жинаққа жазған алғысөзі 1925 жылғы қыркүйекте «Жас қайрат» газетінде де жарияланды).

«Сөз басында» сол тұстағы көркем әдебиеттің көбі өлең екенін, сыншылар­дың ақынның затын сынамай, атын сынап жүргенін, жалпы кез келген ақын шығармашылығына бірер өлеңмен «толық сын» беруге болмайтынын ескерте келіп, Смағұл былай дейді:

«Бейімбеттің бұл басылып отырған өлеңдері – 1915 жылдан бері жазғандары. Әрине, бұл өлеңдердің ішінде нашары да бар, жақсылары да бар, тіпті жақсылары да бар. Бейімбетті толық білу үшін, оның ақындығын толық сипаттау үшін оның өлеңін түгел оқып шығу керек».

Смағұл алғаш рет Бейімбетті ауыл ақыны ретінде бағалай келіп, «бізде шын жұмыскер өмірін жазған ақын әлі шыққан жоқ. Ондай ақынның аяғы аспаннан салбырап түспейді. Ондай ақын Қазақстанның туып келе жатқан кәсіп шаруасымен бірге туады. Бейімбет сияқтылар сол болашақтың ұйытқысы» деп көрегендікпен жазды.

«Бүгінгі күнсіз ертең жоқ, – дейді, Смағұл бұдан әрі. – Тарихтың ілгері басқан адымын жылдамдатуға шамамыз келсе де, тарихты мүлдем өші­ріп тастай алмаймыз. Олай болса, Бейім­бет қазіргі тарихтың ең алдыңғы қатарлы ақындарының бірі». Бұл сөздер Бейімбетке арналып отырса да, жалпы алғанда, сол тұстағы әдебиеттің эстетикалық мұратын таңдауға таразы бола алатын еді.

Тұңғыш жинаққа жазған дәйек­теме­сінде С.Сәдуақасұлы өзі ұстанған бағыт­тың дұрыстығын Бейімбеттің алғашқы өлеңдерінен тапты. Азамат соғысына соқтыратын экспроприациядан гөрі ауыл­ды білім-ғылым жолымен жаңартудың маңызды екенін Бейімбет жазған жырлардан аңғарды.

Жас ақын өз өлеңдері арқылы ел-жұрты хақында нақты көріп-біліп, түй­сінген топшылауын білдірді. Бейімбет ауылдың ғасырлар бойы орныққан ішкі-сыртқы келбетін, саяси болмысын еңбек пен білім арқылы жаңарту жолын таңдады, бұл жолдың өзіне жат еместігін жырлады. Сондықтан Смағұл: «Бейім­бет ауылдың ақыны, бірақ ол өзгеріп, түрленіп келе жатқан ауылды біледі... Бейімбеттің ауылы – еңбекші ауыл. Мұның ауылының кісіле­рі бұрынғыдан басқаша нұрдың адамдары... Бейімбеттің ауылдың ғана ақындығы болғандығы оның өлеңдерінің бағасын жоймайды...» деген қорытындыға келді.

Жас қаламгер бойынан Смағұл тап басқан талант табиғатын, жазуға құмар қаламының өзіне тән ерекшеліктерін («Бе­йімбет ілгері өрлеп, өсіп келе жат­қан ақын; Бейімбет – ауыл ақыны; Бейім­бет – қалың бұқараның бел баласы; Бейім­бет­тің бір тәуір мінезі: таныс емес нәрсе­сі­не ұмтылмайды. Жоқтан бар ғып, күше­ніп қызармайды; Бейімбеттің ауылы – соқалы-сайманды ауыл; Ақынның ақындығы рас болса, айтқаны да рас болады; Бейім­бет – анық ақын. Оның айтқаны өтірік ­емес», т.б.) жалпы жұртшылық күні кешеге дейін ести алмай келді. Шындап келгенде, осы жинақтағы алғысөзі арқылы Смағұл бірінші рет Бейімбетті елге таныс­тырды; оның шығармашылығын зерделеу мен зерттеудің, талдау мен танудың болашақ бағытын көрсетіп берді.

Тәуелсіздік таңы атқан кезде біз «Сма­ғұл Сәдуақасұлының дәйектемесі қо­сылды» деген тақырыпшасы бар, алты бөлімге бөлінген, араб қарпімен басылған «Бейімбеттің өлеңдері» деп аталатын тұңғыш жинақты өз үйіріне қосып, әдеби-ғылыми айналымға енгіздік.

Жинақта Бейімбеттің 1915 жылдан бас­тап 1925 жылға дейінгі он жыл ішінде жа­­зылған 58 өлеңі бар. «Аспан бұлт», «Жаз­­­ғы кеш», «Мұқтаждық», «Бұлтты күні», «Ке­дей», «Би», «Нан», т.б. сияқ­ты ал­­ғаш­қы өлең­дерінен бас­тап, «Өтірікке бәй­ге», «Байдың қызы», «Рә­зия қыз», «Қаш­­­қан келін­шек» секілді танымал туындыла­рына дейін бірінші рет осы алғашқы жинақ­та топ­тас­тырылды. Бұлардың дені (екі-үш өлең­нен басқасы) кейінгі жыр жинақ­тары­на қосылып, оқырман назарына толық жетті.

Еркін дәуір туғанда ғана кеңестік заманның қалыптасқан құрсауынан сытылып шыққан «Бейімбеттің өлеңдері» деп аталатын, 1925 жылы Қызылорда қала­сында басылып шыққан аталған тұңғыштан тәбәрік деп, соған енген, бірақ бұдан кейін қайта жарияланым көрмеген, жазушының кейінгі бірде-бір жинағында жоқ, 1922 жылы жазылған «Екеу едік» өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз (Өлеңнің үшінші шумағындағы соңғы екі жолға кітаптағы нұсқасында көп нүкте қойылған; бұл әдіс арқылы ақын әлдебір әдемі сәттің тілмен айтып жеткізіп болмайтын жай-күйін бейнелегісі келді ме, әлде баспа тарапынан жасалған әрекет пе, ол жағы белгісіз және де автор осынау махаббат лирикасына қайта оралмаған, жинақтарына қосуды мақсат тұтпаған). Міне, сол өлең:

 

Екеу едік

 

Екеу едік біз шыққанда далаға,

Қыбырлаған мал жатыр ед далада.

Түтінменен жердің жүзі мұнартып,

Күн батып ай туды ол, екі арада.

 

Екеу едік, оңашада сырластық,

Сыбырластық, жыбырластық, сырды аштық.

Екеумізді байлап-матап еріксіз,

Құшақтатып сүйістірген бір жастық.

 

Екеу едік ұжмақ желі ескенде,

Бір болайық, бірге өлейік дескенде,

.........................................................

........................................................

 

Екеу едік сыр айтылып тұрғанда,

Алдағы іске айқын пылан құрғанда.

Серт байласып, қол алысып, анттасып,

Жар жолына жанды құрбан қылғанда.

 

Екеу едік шын құмардан шыққанда,

Көңіл сырын, жүрек шерін ұққанда.

Мең-зең пішін, сұрғылт түсі биязы,

Не айтпап еді, көп сөз бар ед ұққанға.

 

Бүгін жалғыз не екенім біле алмай,

Ойнап күліп бұрынғыдай жүре алмай,

Шерлі жүрек, келді жүдеп томсарып,

Бір жұбанбай, жұбатқанға тіл алмай.

 

Бүгін жалғыз көзге елестеп өткен күн,

Бір қайырылмай алды-артына кеткен күн.

Балдай тәтті су орнына у беріп,

Опасыздық уәдеге жеткен күн.

 

* * *

Екеу едік біз шыққанда далаға,

Қара құрым мал жатыр ед далада.

Бүгін жалғыз малсыз, жансыз қайғырам,

Кім тұз сепкен қанды жүрек жараға?

 

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

бейімбеттанушы, филология ғылымдарының докторы