Туризм • 08 Сәуір, 2025

Ұлттық парктерге кіру жүйесін цифрландыру қажет - министр

853 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Оның негізгі міндеті – тау туризмін дамыту, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық парктерге кіру жүйесін цифрландыру қажет - министр

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Жоспарды іске асыру нәтижесінде ұзындығы 150 шақырым болатын әлемдік деңгейдегі тау шаңғысы курортын салу жоспарланған. Жаңа курорт жылына 5 млн-ға дейін туристерді тарта алады деп күтіледі.

Кешенді жоспардың тағы бір жобасы «Маңғыстау» туристік аймағын дамытуға бағытталған. Ол бойынша Тұзбайыр, Қызылқұп, Торыш, Айрақты сияқты бірегей орындарға қол жеткізуге болады және жаңа нысандардың ашылуына жағдай жасалған.

Сонымен қатар экотуризмді ілгерілету мақсатында Ұлттық саябақтарды дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары базалық инфрақұрылымы бар 8 туристік визит-орталық салынған.

«Біз еліміздің ұлттық парктеріне келген экотуристердің тұрақты өсуін байқап отырмыз. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14 ұлттық паркке 2,8 млн адам барып, келушілердің саны 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға өсті. Артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әрбір ұлттық паркті негізгі туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жаңа сапар-орталықтарын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар барлық ұлттық парктерде Бурабайдағы секілді кіру жүйесін цифрландыру қажет», деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Осындай жұмыс туризмнің әртүрлі түрлерін дамыту  басқа өңірлерде де жүзеге асырылады. Әсіресе, туризмнің этно-мәдени, балалар мен жасөспірімдер, медициналық, сауықтыру, іскерлік, караванинг және автотуризм секілді түрі басымдыққа ие.