Маман • 08 Сәуір, 2025

Билік пен бизнес білікті маман даярлауда бірікті

218 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан тәуелсіздік алған соң көптеген ескі зауыттар жекешеленіп модернизациядан өтті. Қаншама жаңа кәсіпорын пайда болды. Бұрынғы технологияның орнына жаңасы келді. Өндіруші кәсіпорындар шетелден заманауи қондырғылар әкеп орнатты. Осының бәрі кейін сол технологияның тілін білетін мамандарды қажет етті. Бастапқыда кәсіпкерлер шетелден шеберлерді шақыртты. Олар жергілікті мамандарға өндірістік желілердің қыр-сырын үйретті. Осылайша елімізде білікті мамандар шоғыры қалыптаса бастады.

Билік пен бизнес білікті маман даярлауда бірікті

Бірақ бұл экономикасы өсіп келе жатқан мемлекеттің кәсіпорындарын жаңаша кадрлармен қамтамасыз етуге жеткіліксіз еді. Сондықтан республикада Дуальді оқыту жүйесі құрылды. Оның артықшылығы университет, техникалық колледжде оқитын студент теориялық біліммен бірге кәсіпорында өндірістік практикадан өтіп, аудиторияда алған ілімін тәжірибемен ұштастыра білді. Оның үстіне оқу орындары заманауи қондырғы, станоктарды меңгерген маман даярлауда талап үдесінен толық шыға алмады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін де теория мен тәжірибені қатар өргізген бағдарлама еліміздің білім жүйесіне енгізілді.

Әсіресе экономикалық өсім динамикасы республиканың өңірлері арасында жоғары қарқын ала бастаған Шымкентте Дуальді оқыту жүйесінің пайдасы жақсы сезіліп жатыр. Мегаполис жастар қаласы. Демографиялық ахуалдың оң нәтижесінің арқасында шаһарда халық саны жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл өз кезегінде жастардан құралған жұмысшылар армиясының қатарын арттырып отыр. Жыл сайын мыңдаған бала техникалық мамандық бойынша оқу бітіріп шығады. Оларды жұмысқа орналастырудың өзі оңай шаруа емес. Дегенмен оқу орындарының басшылығы соған мұрындық жасап, кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бұл бір жағынан оқу орындарының сапасын анықтайтын рейтинг үшін де керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек нарығын қажетті мамандықтармен қамтамасыз ету бойынша қойған нақты талабы бар. Осы тапсырманы орындау мақсатында қала әкімдігі шаһардағы 40 колледж директорларымен мәселені талқылап, шешу жолдарын зерделеді. Алдын ала жүргізілген зерттеу нәтижесінде Шымкентте мәдениет ошақтарында декорация әзірлеуші, бутафора жасаушы, дыбыс, жарық қоятын мамандар жетіспейтіні анықталды. Аталған мамандықтар тапшылығын жою үшін жергілікті атқарушы билік Қастеев атындағы көркемсурет пен Саз колледжіне арнайы тапсырма берді. Соған сәйкес аталған оқу орындары алдағы кезде мәдениет ошақтарына қажетті қосымша жұмысшы мамандықтарын оқытуға кіріседі.  Сонымен бірге әкімдік тарапынан техникалық мамандықтарға бөлінетін грант саны көбейтіледі. Және қала билігі жүргізген келіссөздер аясында бірнеше кәсіпкер 53 студентті өздерінің есебінен тегін оқытып, жұмысқа орналастыруға уағдаласты.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жыл сайын еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтар сұранысын саралау үшін кәсіпорындар арасында сауалнама ұйымдастырады. Оның қорытындысы кейін жергілікті бюджетті бекіту барысында  есепке алынады. Былтырғы сауалнама 4 мыңға жуық бизнес өкілдерін қамтып, мегаполисте 16 мыңнан астам жұмысшы мамандықтарына тапшылық бары анықталған. Негізінен құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету салалары жұмысшы мамандықтарына көбірек мұқтаж екен.

Кәсіпкерлер құқын қорғаушы ұйым Дуальді оқыту жүйесін жетілдіру керектігін айтады. Ол үшін арнайы ұсыныстар әзірлеген. Оның ең басында оқу орындары мен кәсіпорындардың байланысын нығайту мәселесі тұр. Кейінгі ұсыныс бағалау шкаласын енгізу мен мониторингті күшейту. Бұл дуальді жүйенің тиімділін арттырып, сапасын жақсартпақ. Кәсіпорында айлық жоғары болса оқу бітірген түлек міндетті түрде сонда қалуға тырысады. Жалақыны көтеру жұмыс берушіге қиынға соғар. Сондықтан палата мемлекет жұмыс орындарын субсидияласа деген ұсыныс тастап отыр.

Дуальді оқыту жүйесіне байланысты бизнес өкілдерінің айтар өз уәждері бар. Мәселен ДДЭК компаниясының басшысы Мұрат Жұматаев жастар токарь мамандығын игеруге құлшыныс танытпайды, жол алыс болғандықтан студенттер зауытқа келіп-кетуден қиналады, олардың өндірістік оқу практикасын оқу орындарының басшылығы дұрыстап қадағаласа екен дейді. «Janna Eltanova» ЖШС директоры, креативті индустрия саласының өкілі Жанна Елтанова «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысатын жұмыссыз жастарды мемлекет жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде тоқыма өнеркәсібіндегі фабрикаларға жолдаса екен дегенді айтты.

Жергілікті атқарушы билік студенттердің қатынау мәселесін шешу үшін жолаушы тасымалдаушы компаниялармен келіссөз жүргізуге әзір. Қала әкімдігі шәкірттерді сапалы маман етіп даярлап шығару үшін кәсіпорындарға өз қаржысы есебінен тәжірибелік оқу курсынан өткізуге ұсыныс жасады.

Жалпы Президент тапсырмасына сай Жұмысшы мамандықтар жылын нәтижелі өткеру үшін бизнес саласы, қала билігі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірлесіп тиянақты жұмыс атқаруға уағдаласып отыр.  

Қорыта айтқанда қарапайым жұмысшы мамандықтары еліміздің экономикасын көтеретін алып күш. Сондықтан мемлекет тарапынан оларға қамқорлық әрдайым жоғары болу керек. Қарап отырсақ күнделікті ішетін асымыз, киетін киіміміз жұмысшылардың қолымен жасалған. Тұрып жатқан баспана, ғимаратты да қарапайым құрылысшылар салған. Ал діттеген жерімізге уақытылы кешікпей баруымыз жолаушы тасымалы қызметіндегі жүргізушілердің еңбегінің арқасы. Қысқасы адамзатқа қызмет етіп, керектінің бәрімен қамтамасыз етіп отырған жұмысшылар класы. Сол себепті де олардың күндіз-түнгі еңбегі ерлікпен пара-пар. Жұмысшысын бағалаған ел әрдайым озады. Ал қарапайым еңбеккерге керегі жасаған ісіне сай маңдай терінің ақысын алу, әлеуметтік, құқықтық тұрғыдан өзін қорғанышта екенін сезіну. Елімізде жүзеге асып жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының көздеген мақсаты да осы. Яғни әрбір жұмыскер өзінің еңбегіне қарай лайықты әрі әділ бағаланғанын қалайды. Бұл мәселеде әлемде үлгі болған мемлекеттер жетерлік. Мәселен Жапонияда қарапайым көше тазалаушылардың айлығы ең жоғары жалақылардың қатарына кіреді екен. Сондықтан бұл елде жұмысшы мамандығына деген көзқарас ерекше. Қазақстан да келешекте жұмысшы мамандығын қадірлеген қуатты мемлекет боларына сенім мол. Ең бастысы сол мақсат жолындағы алған бағытымыздан таймауымыз керек.