
Мәулен Әшімбаев Кнессет Спикеріне ілтипат білдіріп, қазіргі таңда Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынас көптеген салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол жоғары деңгейде сындарлы саяси диалог жолға қойылғанын айтып, Израиль Президентінің Астанаға жасайтын алдағы ресми сапары екі елдің байланысын әрі қарай дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың іске асырылу барысына да баса мән берілді. Израиль Кнессетінің Спикері Амир Охана аталған реформалардың нәтижелерін жоғары бағалап, барлық бағыт бойынша байланысты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың маңызына назар аударып, алдағы уақытта заң шығару саласындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне тоқталды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ұлттық экономиканы әртараптандыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға арналған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Осы орайда біз Израиль Кнессетімен инновациялық даму, су ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларда заң шығару бағыттары бойынша тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Мұндай нақты қадам Сенат пен Кнессеттің салалық комитеттері мен достық топтары арасында тұрақты байланыс орнатуға жол ашатыны анық. Сондықтан алдағы уақытта екі ел депутаттары арасындағы диалогты жүйелі түрде жалғастырамыз деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесу барысында сұхбаттасушылар бірлескен жобаларды да талқылады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын және агроөнеркәсіптік секторды дамыту, заманауи жылыжай кешендерін және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыт салу, сондай-ақ, су инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жобаларды іске асыруда өзара жәрдемдесу мәселелері сөз болды.
Бұдан басқа, тараптар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған VIII съезіне тоқталып, аталған форумның күн тәртібіндегі басым бағыттардың өзектілігін талқылады.