Саясат • 08 Сәуір, 2025

Сьерра-Леоне Республикасының СІМ басшысы Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келді

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға алғашқы ресми сапармен келген Сьерра-Леоне Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Тимоти Муса Каббамен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сьерра-Леоне Республикасының СІМ басшысы Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келді

Сұхбат барысында тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.

Жүздесуде министрлер шарттық-құқықтық базаны жетілдіру және түрлі деңгейлерде сапарлармен алмасу тәжірибесін дамыту бойынша күш-жігер жұмсауға дайын екенін білдірді.

«Географиялық қашықтыққа қарамастан біз сенім мен теңдікке негізделген қарым-қатынас орнатуға қызығушылық танытудамыз. Сауда, көлік және логистика, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салаларда жемісті ынтымақтастыққа зор әлеует бар»,  деді М.Нұртілеу.

Еске салсақ, Қазақстан әлемдегі ең ірі он астық өндіруші мемлекеттің бірі. Кездесуде еліміздің транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдаланып астық, дәнді және майлы дақылдар, жоғары сапалы ет және органикалық өнімдерді Африка елдеріне жеткізуге мүдделі екені айтылды.

Сондай-ақ министрлер ақпараттық технологиялар және цифрландыру саласындағы, оның ішінде Орталық Азиядағы ең ірі IT стартап-парк «Astana Hub» базасын сөз етті. Былтыр осы салада меморандумға қол қойылып, Қазақстан «KazAID» агенттігі арқылы Сьерра-Леонемен e-Gov компоненттік элементтерімен бөліскен еді.

Қазақстан СІМ басшысы өз әріптесіне Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясына қолдау көрсеткені және тең авторы болғаны үшін алғысын білдірді. Ол Астананың тұрақты даму саласында әрі қарай ынтымақтастыққа және халықаралық бастамалар шеңберінде белсенді серікттестікке дайын екенін атап өтті.

Осылайша тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінен  пікір алмасып, түрлі деңгейлерде күш-жігерді үйлестіруді жалғастыруға келісті.

Келіссөздер қорытындысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Сьерра-Леоне Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойды.