Бұл өзгерістерге цифрландырудың дамуы үлкен ықпал етті. KEGOC-тың IPO-сына қатысқанымда бәрі қағаз жүзінде еді. «Қазпоштадан» шот ашып, сатып алу туралы бұйрық беріп, акция алған едім. Қазір брокерлік шот ашу мен сауда жасау онлайн жүзеге асады. Банктер мен брокерлер ашқан мобильді қосымша мен веб-платформалар танымал төлем жүйелерімен біріктіріліп, мыңдаған жаңа инвестор пайда болды.
IPO алғаш іске қосылғанда Экономика министрлігінде жұмыс істейтінмін. Бағдарламаны халыққа түсіндіру мақсатымен өңірлерге барғанда тұрғындардың пікірінен түсінбеушілік пен сенімсіздік байқалатын. Мен де сол уақытта ұзақмерзімді инвестициялау мәдениеті әлі қалыптаспағандықтан, алғашқы дивидендтерімді алған соң акцияларымды сатып жібердім. Бүгінде жағдай өзгерді. IPO-ны білетін адамдар саны артты, қор нарығы жаңа серпін алды. Қаншама азамат отандық компанияларға инвестиция құйып, одан табыс таба бастады. Қаржылық сауат деңгейі өсті. Ірі компаниялардың капитализациясы артып, бұл олардың ұзақмерзімді дамуына әсер етті. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» IPO-сына 129 мыңға жуық азаматтық өтінім түсті.
Алайда IPO-ға қатысқан азаматтардың барлығы бірдей тұрақты инвесторға айналған жоқ. Көп адам инвестиция құюдың ұзақмерзімді артықшылығын түсінбеді. Екінші себеп – өтімді құралдардың аздығы. Отандық компанияларға инвестиция құям деушілер үшін қолжетімді акция саны шектеулі, инвесторлардың таңдау мүмкіндігі аз. Үшінші фактор – тәуекелден қорқу. Көбі депозитті немесе тұрғын үйге инвестиция құюды қауіпсіз көреді және акцияларға салым жасаудан сақтанады.
Бұл басқа нарықтарда да жиі кездесетін құбылыс. Нарықты дамытуға ұзақмерзімді инвесторларға салықтық ынталандыру, инвесторларға портфельді әртараптандыруға көмектесетін автоматтандырылған инвестициялық жүйе, инвесторды ұзақмерзімді стратегияға үйрету бағытындағы қаржылық сауат бағдарламалары сеп болуы мүмкін. Оның үстіне IPO акциялары инвестиция ретінде әртүрлі нәтиже көрсетеді. Мысалы, ҚМГ акциялары 2024 жылы 26,7%-ға өсіп, инвесторларға тәуір табыс әкелді. Алайда басқа компаниялардың акциясы айтарлықтай өзгеріссіз қалды (мысалы, «ҚазТрансОйл»). «Air Astana» акциялары тіпті 30%-ға түсіп кетті. Акция сатып алмас бұрын компанияның қаржылық жағдайын, нарықтық үрдістерді және макроэкономикалық факторларды ескеру қажет.
Жақында «Отбасы банк» IPO өткізуі мүмкін деген ақпарат шықты. Меніңше, бұл әлі нақты шешім емес. Банк толықтай мемлекет меншігінде және нарықтық банктер сияқты толыққанды коммерциялық негізде жұмыс істемейді. IPO жеке инвесторлардың қызығушылығын тудыруы мүмкін, алайда банк болашақта коммерциялық өнімдер аясын кеңейтпесе, акциялар құны ұзақмерзімді өсім көрсетеді деп сенімді айту қиын. Мұндайда инвесторлар негізінен тұрақты дивидендтік кіріске үміт артады. Халықаралық тәжірибеде мемлекеттік банктердің IPO-сы әртүрлі нәтиже көрсеткен. Қытайлық «Agricultural Bank of China» 2010 жылы IPO өткізіп, рекордтық 22 млрд доллар тартты. Бірақ кейінгі жылдары акцияларының өсімі шектелді, себебі мемлекеттік реттеу мен нарықтық шектеу оның коммерциялық банктермен бәсекелестігін тежеді.
IPO – қор нарығын дамытудағы маңызды қадам, бірақ оның тиімділігін арттыруға қосымша шаралар қажет: қаржылық білім, инвестициялауға ыңғайлы инфрақұрылым және қор нарығының мүмкіндіктерін кеңейту. Биржа арқылы жекешелендіру, әсіресе жеке тұлғаларға басымдық беру нарыққа деген қызығушылықты арттырады. Мұны халықаралық және отандық тәжірибе көрсетіп отыр. Осы бағытты IPO арқылы жалғастыру маңызды.