Оқиға • 09 Сәуір, 2025

Салықтық жеңілдіктерді қайта қарау маңызды - депутат

69 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев Салық кодексінің жаңа жобасына қатысты өз ұстанымын білдіріп, депутаттар мен Үкімет тарапынан айтылған ұсыныстардың қаншалықты ескерілгеніне тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы салық реформасының маңыздылығын ерекше атап өтіп, оған нақты талаптар қойған болатын. Президент салық жүйесі әділ әрі тиімді болуы керектігін нақты тапсырған, деп жазады Egemen.kz.

Салықтық жеңілдіктерді қайта қарау маңызды - депутат

Фото: Ашық дереккөз

Елнұр Бейсенбаев бірінші кезекте ел бюджетін арттыру үшін ішкі ресурстарды тиімді пайдалану және салықтық жеңілдіктерді қайта қарау қажет екенін айтты. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінің жобасында жер қойнауын пайдаланушыларға ұсынылған салықтық жеңілдіктер тым көп.

«Бұл тұста біраз түйткіл бар. Жаңа Салық кодексінің жобасында жер қойнауын пайдаланушыларға өте көп салықтық жеңілдіктер ұсынылған. Мұны әріптестеріміз бірнеше рет көтерді. Мәселен, қолданыстағы кен орындары бойынша жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылып, 10 пайыз жеңілдік көрсетілген. Бұл дегеніңіз – 100 миллиард теңгедей қаражат. Ал кейбір ірі компаниялардың мысалында бұл сома тіпті триллиондаған теңгеге жетуі ықтимал», деді депутат.

Мәселен, тек «Қазақмыс» компаниясының екі жобасына қатысты салық жеңілдігі бес жыл ішінде 343 миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Сонымен қатар, қатты пайдалы қазбаларды өндірушілер еңбекақы қорынан басқа барлық салық түрінен босатылған. Бұл да мемлекет қазынасына айтарлықтай зиян келтіретіні айтылды.

Депутат салық реформасы нәтижесінде бюджетке 4 триллион теңге түседі деген болжамның нақты дәлел-дәйексіз ұсынылғанын айтып, бұған сенімсіздік білдірді. Оның айтуынша, мұндай маңызды мәселе жан-жақты сараптауды талап етеді.

Елнұр Бейсенбаев Ұлттық Қордың қаржысын жиі пайдалану мәселесін де сынға алды. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қордан 28 миллиард доллар алынған, бұл — кейбір мемлекеттердің бүкіл бюджетіне парапар сома.

Депутат сонымен қатар аңшылық пен жануарлар әлемін пайдалану үшін төленетін алымдардың тым төмен екенін сынға алды.

«Қарапайым мысал - қоян аулау. Аңшылықтың қазіргі құны небәрі 177 теңге. бұл дүкендегі су бағасынан да арзан. Бірақ дүкенде бір картридж 500 теңге тұрады. Бұл жағдай халық арасында табиғатқа деген жеккөрінішті көзқарасты қалыптастырады. Бұл саланы элиталық қызмет түріне айналдыруға болады. Африкада аңшылық — туризмнің маңызды көзі. Қазақстан да осы кластерді дамытып, бюджет кірісін арттыра алады», деді Бейсенбаев.

Салық кодексі жобасында сыртқы жарнамаға салынатын алымды алып тастау ұсынылған. Алайда депутат бұл ұсынысты орынсыз деп есептейді.

«Бұл алым жергілікті бюджетке жыл сайын 7-8 миллиард теңге кіріс әкеледі. Егер ол жойылса, бұл шығын республикалық бюджеттен өтеледі. Мұндай шешім қала көркін бұзып, бақылаусыз жарнамаға жол ашуы мүмкін. Сондықтан бұл төлемді қалпына келтіру қажет», деді ол.

Бейсенбаев Қазақстанның географиялық орналасуы транзиттік әлеуетті дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Мәселен, Стамбул қаласы қазіргі таңда батыс елдері үшін маңызды транзиттік хабқа айналған.

«Біз де осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Авиатасымал саласында ішкі рейстердің бағасын төмендету үшін транзиттік рейстерге жанармайға ҚҚС-ты қайтару, импортталатын авиаотынды салықтан босату қажет. Бұл — ел экономикасын дамытудың нақты жолдарының бірі», деді депутат.

«AMANAT» фракциясы салық кодексін талқылау кезінде Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп, көптеген маңызды ұсыныстарын жеткізген. Соның нәтижесінде қосымша құн салығының шекті мөлшерін көтеру туралы ұсыныс қолдау тапты. Бұдан бөлек, фракция 7 бағыт бойынша ұсыныс берген, оның басым бөлігі ескерілген.

«Денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі, отандық кітап шығару мен археология саласы ҚҚС-тан босатылды. Шағын және орта кәсіпкерлік үшін арнайы салық режимі енгізілді. Ең бастысы — адал еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен қарапайым халыққа қосымша ауыртпалық түспейді», деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат өз сөзінде ұсынылған Салық кодексінің жобасы әлі де пысықтауды қажет ететінін атап өтті. Бірақ алғашқы оқылымда қолдауға лайық екенін айтты.

«Біз жаһандық тұрақсыздық жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жағдайда салық реформасын оңтайлы жүргізу — үлкен міндет. Ұсынылған кодекс осы түйткілдерді шешуге бағытталған. Сондықтан «AMANAT» фракциясы бірінші оқылымда құжатты қолдайды және әріптестерімізді де қолдауға шақырамыз, деп сөзін түйіндеді.