20 Маусым, 2015

Қос ақынға құрмет

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жақында Ұлттық академиялық кітапхана мен Юнус Емре институтының Астана түрік мәдени ор­талығы бірігіп, аққан жұлдыздай өте шыққан ақын Әмірхан Балқыбек пен түрік ақыны Фарук Нафыз Чамлыбелді еске алуға ар­налған поэзия кешін өткізді. Әдеби кеш Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығының директоры Ибрагим Йылдырымның алғы сөзімен ашылды.«Осман империясы кезінде түріктер өздерін түрік деп айтпады. Империяның құрамындағы барлық халықтар өздерін «османдықтар» деп атады. Түрік сөзі ауылдық жерлерде тұратын халықтың атауы тәрізді еді. «Түрік» сөзін алғаш рет әдебиетте қолданған Нафыз Чамлыбел болатын. Ақынның ерекшелігі де осы болатын. Осман империясындағы барлық халық Ыстамбұл халқына қарап бой түзейтін. Бұл үрдісті де теріске шығарған ақын Нафыз Чамлыбел еді. Осман құрамындағы өзге жерлердің мәдениеті мен дәстүрлеріндегі ерекшеліктерді терең меңгерген ақын оны өзінің жырларына арқау етті. Халық сол өлеңдер арқылы өзге аймақтардың мәдениетімен танысты. Ақын Нафыз Чамлыбелді қазақ халқына алғаш рет таныстырған Әмірхан Балқыбек болатын. Әмірхан Балқыбек Нафыз Чамлыбелдің өлеңдерін аударып, қазақ пен түрік халықтарының ынтымағына зор үлес қосты. Оның бұл еңбегін жоғары бағалаймыз», – деді Ибрагим Йылдырым. Түрік жазушыларының көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударған ақын Маржан Ершу да өз сөзінде екі елдің арасындағы мәдени байланыстардың одан әрі нығая түсетіндігіне сенім білдірді.«Қазақ халқы мен түрік халқының мәдени байланыстарының арта түсуіне Астанадағы Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы көп еңбек сіңіріп келеді. Түрік ақыны Нафыз Чамлыбел мен қазақ ақыны Әмірхан Балқыбекті еске алуға арналған кеш осының айғағы. Алдағы уақытта Әмірхан Балқыбектің бұл бастамасын қазақ пен түріктің өзге ақындары жалғастыра түсері анық. Екі елдің арасындағы мәдени байланыстар одан әрі дами түсетініне сенімдімін», – деді ақын қыз. Мәдени орталықтың директоры Ибрагим Йылдырым қазақ ақы­ны Әмірхан Балқыбектің шығар­машылығын жоғары бағалай­тынды­ғын айтып, ақынның отбасына арнайы Құрмет грамотасын тапсырды. Әдеби кешке жиналған көпшілік қауым Әмірхан Балқыбек пен Нафыз Чамлыбелдің өлеңдерін оқып, өзара пікір алмасып тарқасты. Нұрсерік ЖОЛБАРЫС.