Ғылыми іс-шараға танымал алаштанушы ғалымдар, атап айтсақ, ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, С.Сейфуллин музейінің директоры, міржақыптанушы-профессор Марат Әбсемет, ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессорлары, филология ғылымдарының докторлары Рахымжан Тұрысбек пен Сағымбай Жұмағұл, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Алаш қайраткерінің ұрпағы Қайырбек Кемеңгер қатысып, баяндама жасады.
Дихан Қамзабекұлы Алаш автономиясы мен Түркістан автономиясы арасындағы сындарлы қарым-қатынаста М.Дулатұлының қайраткерлік рөлін сараласа, Марат Оралбайұлы біртуар тұлғаны ақтау үдерісіндегі қиындықтар мен ізденістерге тоқталды. Гүлнар Міржақыпқызы өз қолымен табыстаған қайраткер ата-бабасы шежіресін көрсетті. Қос ғалым да 1988 жылдан кейін отандық ғылымның алаштануды игерудегі талабына, бастамашыл істерге баға берді.
Рахымжан Сағымбекұлы тұғырлы тұлғаның әдеби мұрасының жариялануы мен зерттелуін сөз етсе, Сағымбай Ботбайұлы нақыл сөздерін зерделеп, замана жүгін көтерген мәнін ашып көрсетті. Қайырбек Кемеңгер қалам қайраткерінің елдік тұжырымдары ішінде жастарға қажетті бағыттарды көрсетіп, тарихи «Қайда едің?» өлеңін домбырамен нақышына келтіріп орындап берді.
Ғылыми семинардың ерекше тәжірибелік ерекшелігі сонда – «Alqa» ұйымы мүшелері PhD, аға оқытушы Жанбота Кәріпбайдың жөн сілтеуімен М.Дулатұлы туралы 150-ден астам эссе жазған. Жиын барысында Бексұлтан Бекбау, Елжас Орынбек, Гүлсезім Бақытжан, Арайлым Дәнебек, Әйгерім Қайыр, Қазына Бақытжанқызы сынды студенттер жұмысы үздік деп бағаланды. Топжарғандар эсселерін жиналған жұртқа оқып та берді. Жастардың Міржақып поэзиясы мен прозасын қаншалықты құрмет тұтатынын Анар Бақтығали, Жорабек Қасым, Тілекші Нұралы секілді студенттер оқыған туындыларынан да аңғарылды.
1-курс студенті Бексұлтан Бекенұлының Міржақып рухына арнаған өлеңіндегі мына шумаққа зал риза болып, ұзақ шапалақ ұрды:
«Қараңғыда жол сілтеген жарық шамы,
Күллі ел аңсап күткен алып таңы.
Өлеңімен өнегелі өрнек өріп,
Азат күнге қырандай қалықтады».
Бүгінгі студент-жастар Алаш арыстарының ерлік істері мен жазба мұраларын тәуелсіздік үшін төгілген маңдай тер және әлемдік деңгейдегі қайраткерлік деп санайды.
Аяна Қанатқызы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті