
Сурет: abai.kz
Іс-шараға қатысушылар Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық ғылыми мұрасымен танысты. Басылымға 1923–1963 жылдар аралығындағы ғылыми еңбектер, оның ішінде монографиялар, мақалалар, баяндамалар, геологиялық барлау есептері, карталар, ғылыми-техникалық жобалар және рухани мұра саласындағы жұмыстар енген. Барлық материал хронология және тақырып бойынша жүйеленіп, заманауи ғылыми және баспа стандартына сәйкес жасалған.
Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов салтанатты жиын барысында атқарылған жұмыстың маңызы мен оның болашақ ұрпаққа құндылығын атап өтті. Ол Қаныш Сәтбаевтың есімі ел тарихына алтын әріптермен жазылғанын айта келіп, оның ғылыми және адамгершілік мұрасын кеңінен жария ету ортақ азаматтық міндетіміз екенін жеткізді.
Алтынбек Нухұлы ұлттық ғылым, тарихи зерде мен ұрпақтардың рухани сабақтастығын сақтауда жобаның маңызына тоқталды. Оның айтуынша, академиктің еңбектері – жастардың отандық ғылымға және оның негізін қалаушыларға деген мақтаныш сезімін қалыптастыратын ұлттық кодтың бір бөлігі.
«Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағы – бұл ұлы ғалымның ғылыми жолының көрінісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға қосқан маңызды үлесі. Бұл жинақ – ғалымдардың жаңа ұрпағына кең көкжиек ашатын, жастардың ғылымға деген ынта-ықыласын арттыратын және болашақ алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыратын білімнің ең құнды көзі. Оның мұрасы ғылымды одан әрі дамыту үшін берік негіз және жастарды туған жерін зерттеуге, ашуға және оған қызмет етуге құлшындырады», деп атап өтті депутат.
Іс-шараға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басшылығы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым және білім саласындағы жетекші мамандар қатысты.
Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінен қолдау тауып, «Халықаралық Сәтбаев қорының» атсалысуымен және Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басшылығымен жүзеге асып отыр.