
Қаныш ағаны ойлағанда, «Біздің Қазақстанда Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар» деген сөзді жиі айтамыз. Соның бәрін атақты ғалым тауып берген соң солай дейтін болармыз. Ал енді ортамызға бүгін жеткен осынау онтомдық та сол Менделеевтің элементтер кестесі секілді әсер қалдырады. Мұнда да бәрі бар. Қазақстанның бүкіл байлығы осында тұр. Жер байлығы. Ел байлығы. Кен байлығы. Сөз байлығы. Соның бәрін Қаныш Имантайұлы тірнектеп тұрып жинаған. Жинаған да ел-жұрттың ырыс-несібесіне айналдырған. Сол сияқты осы онтомдықты құрастырушылар мен әзірлеушілер де орасан зор жұмыс тындырыпты. Баспалық сапасы да, ғылыми деңгейі де көңіл толтыратын елеулі еңбекті оқырманға ұсынды. Ұлт жанашыры, сенатор, академик Алтынбек Нухұлының елге пайдалы тағы бір бастамасы жүзеге асқанын айта кеткен ләзім.
Біз онтомдықты ертерек қолға алып, асықпай қарап, оқып шықтық. Енгізілген дүниелермен түгел таныстық. Таныса келе, Қаныш Имантайұлының көп саланы қамтыған еңбектерінің ішінен тек ғылымға қатысты мақалаларына ғана тоқталуды ұйғардық.
Атақты академик Ғылым академиясы құрылған күннен бастап өзі басқаратын әйгілі мекеменің нағыз жаршысы болды. Ол оқырманының жас мөлшеріне, өзінің лауазымды тұлға екеніне қарамастан, қазақ ғылымының жетістіктерін үздіксіз насихаттаумен айналысты. Ғылымда төңкеріс жасаған адамның сол саланы дәріптеуі жағынан да алдына ешкім түсе қоймас. Мәселен, Қаныш Имантайұлы «Пионер» журналының 1946 жылғы бірінші санында жарияланған «Қазақ Ғылым академиясы» деген мақаласында былай деп жазады: «Ғылым академиясы дегеніміз не? Біздің заманымызға дейінгі дәуірдің IV ғасырының соңғы кезінде ежелгі грек елінде Платон деген атақты оқымысты болған. Оның түрлі ғылымдарды зерттеп, дамытатын өз алдына мектебі болған, сол мектебін «академия» деп атаған. Содан бері «академия» деген сөз жер жүзіне тарап, ғылыми мекемелерді, кейбір жоғары дәрежелі оқу орындарын «академия» деп атайтын болып кеткен. Бірте-бірте «академия» деген сөз кең ұғымға ие болды». Міне, сол арқылы академик ғылым туралы, ғылыми мекеме туралы түсінікті өскелең ұрпақтың санасына сіңіреді. Қаныш ағамыз жастай берген тәрбиенің маңызы артығырақ болатынын есте ұстаған тәрізді. Сондай-ақ баланы кішкене кезінен ғылыми ойлауға бейімдеудің бір үлгісі деп ұққанымыз дұрыс шығар.
Қаныш Сәтбаев осы мақаласында «Балалар, 1946 жылғы бірінші июнь күні қазақ халқының тарихынан ерекше орын алатын күн болып қалады. Бұл күні сүйікті астанамыз Алматы қаласында тұңғыш Қазақ Ғылым академиясы құрылды», – дейді қайта шегелей түседі. Сонымен қатар, аталған дүниесін қандай мақсатпен жазып отырғанын түсіндіре кетуді де ұмытпайды. Оларды өзімен қатар құрбы-дос санап, жанына жақын тарта отырып, ой салады: «Бұл жаңа академия – болашақтағы ғылым иесі – сендердің академияларың. Сендер ғылымға жан-тәндеріңмен беріліп, өздеріңді ғылым адамы болуға бейімдей беруге тиіссіңдер», – дейді ол 1946 жылы бала санатында жүрген ұл-қыздарға. Кейін бұл буыннан танымал ғалымдар қаулап шыққаны баршаға мәлім. Сөйтіп, Қаныш Имантайұлы жұртшылықты 1932 жылы орталық академияның филиалы ретінде құрылған қазақ ғылым ордасының дербес шаңыраққа айналғанға дейінгі тыныс-тіршілігінен мол хабардар етеді.
Қаныш аға өзінің осынау мақалалары арқылы қазақ ғылымының өсу эволюциясын жасады. Мысалы, 1948 жылғы 1 маусымда «Социалистік Қазақстан» газетіне «Қазақ ССР Ғылым академиясына – екі жыл» деген мақала жазып, аз ғана кезеңдегі жоғары жетістіктерді ауыз толтыра айтты. Тәй-тәй басқан бөбегінің әр қадамына қуанатын әке секілді кеше ғана шаңырағын тіктеген академияның даму жолына сүйсіне қарап отырды. Екі жылды артқа тастағанына көңіл демдеген Қанекең үшінші жылы да үнсіз қалған жоқ. «Егер 1939 жылы қазақтан шыққан бірде-бір ғылым докторы болмаса, қазір Ғылым академиясының құрамында 15 қазақ ғылым докторы қызмет істейді. Оның 10-ы – академияның толық мүшелері мен корреспондент-мүшелері», деп жазады 1949 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы хабаршысының 3-санында жарияланған мақаласында.
Қаныш Сәтбаевтың мақалалары тосын толғамдарымен, дәйекті деректерімен, өзгеше мәнерімен ерекшеленеді. Жазу тәсілі ешкімге ұқсамайды. Туындысын оқылымды етіп ұсынуы жағынан кәнігі қаламгерлерден кем соқпайды. Ол «Социалистік Қазақстан» газетінің 1961 жылғы 27 желтоқсанда жарияланған «Ғылымның кең өрісі» деген мақаласында былай дейді: «Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесінде дейін көтеріледі. «Тамшы тасты жарады, Күшпен емес, көп тамып. Адам ғалым болады, Күшпен емес, көп танып». Осы бір ежелден келе жатқан латын мәтелі бұл күнде де өз күшінде». Ашығын айтайық, мұндай мәліметтерді гуманитарлық сала ғылымдарының да жедел тауып айта қоюы екіталай. Демек, ол – сонысымен де Сәтбаев.
Жер байлығы мен кен байлығын игерген Қаныш Имантайұлы сөз байлығынан да кенде болған жоқ. Сөз өнеріне бас иді. Сөз өнерінің серкелеріне құрметпен қарады. Өзі де сөз өнеріне ат қосты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы одақтың мемлекеттік сыйлығын иеленгенде ҚазССР ҒА хабаршысына туындыны терең талдап, байыпты мақала жазды.
Сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезде Маңғыстаудан 81 жастағы Мұрын жырау Сеңгірбаевты Алматыға шақырды. Ол «Қырымның қырық батыры» цикліне қарасты батырлар жырын түгел білетін әйгілі жыршыны жырлатып, стенографиялық жазбаға түсіріп алу үшін 1942 жылғы 12 қаңтарда академик Нығмет Сауранбаевпен бірлесіп, Үкімет басшысы Нұртас Оңдасыновқа хат жолдайды. Соның арқасында халқымыз ұмыт бола жаздаған жәдігерліктерімен қайта қауышты.
Қаныш Сәтбаев өзі құрған ғылым саласының әрбір адамына қамқор болды. 1958 жылы РСФСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрі Нонна Муравьеваға хат жазып, қазақ фольклоры мен музыкасының құндылықтарын жинауға өлшеусіз еңбек сіңірген Александр Затаевичтің Мәскеуде тұратын қызы әрі әдеби хатшысы, әке жолын жалғастырып, қазақ руханиятына қызмет еткен зерттеуші Ольга Александровна Затаевичке республикалық көлемде зейнетақы белгілеуді сұрайды. Бұл хат «Лениншіл жастың» 1965 жылғы 31 қаңтардағы санында жарық көрді. Ал 1948 жылы ұшақ апатынан қаза болған Кәрім Мыңбаев бастаған ғалымдар туралы жоқтау түріндегі мақаласы елді егілткені баршаға мәлім. Ол осылайша ғылымның әр сарбазын түгелдеп, барын баптап, жоғын жоқтап отырды.
Сондай-ақ оның академиядан бұрын да қазақ топырағында ғылым болғанын дәлелдейтін жазбалары баршылық. Осыған қатысты бірсыпыра ой-пікірлері 1945 жылы СССР ҒА Қазақ филиалы хабаршысында жарияланған «Қазақстан ғылымы 25 жылда» деген мақаласында көрініс тапты. Ол СССР Ғылым академиясының құрылғанына 220 жыл толып жатқанын айта келіп, өз жеріміздегі қазба байлықтарға байланысты ғылыми ой-тұжырымдардың ілгеріде-ақ басталғанын астарлап жеткізеді.
Қорыта айтқанда, Қаныш Сәтбаев қазақ ғылымының бас насихатшысы болды. Яғни қазір тұтас компания болып жұмылатын жалынды жарнаманы, пәрменді пиарды бір өзі жасады. Сондықтан қиярды да пиармен жейтін бүгінгідей заманда Қаныштай алыптың ғылымды әлемге таныту үшін атқарған еңбегін осылай атап көрсеткенді жөн санадық!
Ой салатын онтомдық құтты болсын! Оқырманның қолынан түспесін!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ