29 Маусым, 2010

ЕЛ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНІҢ АЙҚЫН АЙҒАҒЫ

471 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімі еңбек жолы өсуі басында теміртаулықтарға ғана емес, ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлеріне де ерте та­нылғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Бұған тікелей куәгерлердің бірі ретінде сүй­сі­ніс­пен еске алып отырамын. Өткен ғасырдың 70-жыл­да­рын­да Теміртаудан оншалықты алыс емес тұста, Нұра өзенінің мал-жанға жай­лы бойында Аман­гелді атындағы кеңшар ашыл­ған болатын. Дәл сол кезде жоғары оқу орнын бітірген маған бас агроном мін­деті жүктелді. Екі ескі бөлімше біріктіріліп, құ­рыл­ған жас ша­руа­шылыққа басшылық жасау ел іші­не сыйлы азамат Төлеутай Шәкіровке тапсырылды. Іс жаңадан ұйымдастырылып жатқан жерде бірқатар қиындықтар ұшырасатындығы белгілі. Осын­дай кезде шаруамыздың алға басуына Қа­ра­ғанды металлургия комбинатының көп көмегі тиді. Бұған дейін де ауылымызға келіп тұратын, жер­гі­лікті жұртқа етене танымал, аталған өндіріс орны­ның жауапты буыны қызметіндегі Нұр­сұл­тан На­зар­баевтың қолдауы бізге тілегендей бол­ды. Тұрғын үйлер, мектеп, монша, астық қой­ма­сы, қымыз өн­діру цехы бірінен соң бірі бой көтеріп, тез шаңырақ биіктетіп қалдық. Ауыл тұр­ғындарына мәселелерді шешу жолын көр­се­тіп, талап-тілектері орындалуын тұрақты бақы­лау­да ұстап, өндірістегі онсыз да қат-қабат жұ­мыс­тарға қарамастан, қашанда көмекке келуге уақыт табатын. Амангелділіктер барынша қам­қорлық көрсетуге аянбайтын жігітті өз адам­дарындай көріп, бауырға басты. Тұрғындар ой-ұсыныстарын, мұң-мүдделерін алдымен Нұрсұлтан Назарбаевқа жайып, сөздері жерде қалмайтындығын білетін. Бір кездесуде 1100 тонналық астық қоймасын салу жайлы айтылды. Оның жобасын мамандарға жасатып, сметалық құнын есептетіп, құрылыстың белгі­лен­ген мерзімде бітуіне мүмкіндік туғызды. Жасыратыны жоқ, ол уақытта негізінен байыр­ғы халық шоғырланған шаруашылықтарға ынта-ниет ықыласты бола қоймайтын. Аудан басшылары қолұшын созбақ түгілі, айлар бойы атізін сал­май­тын. Әбден еркінсінген олар қара­жат­ты, техника­ны, жұмысшы күшін, маман­дар­ды өздері қалауын­дағы кеңшарларға үйіп-төгіп жіберіп жататын. Мұндай салқын қабақ Нұр­сұл­тан Әбішұлының облыстық деңгейдегі жауапты қызметке тағайын­далуынан бастап сап тыйыл­ға­нын бірден байқадық. Бір біз емес, Амантау, Ба­лықтыкөл, Маржанкөл сияқты қазақы ауыл­дар дамуы жеделдеген еді. Ол кісінің үлкенді сыйлау, кішіні қадірлеу, ашық, қарапайым, жанына жақын тарта білетін мінездері бәрімізге үлгі болатын. Бірде асығыс болса да менің де отауымды аттамай, жас отбасымызға құрмет көрсеткені өмірімізде ұмытылмастай сақталып қалды. Бүгінде әлем таныған, халқымыздың бақы­ты­на айналған Тұңғыш Президентімізді біз ертеден білетіндігімізді мақтан тұтамыз. Жақ­сы­лық нұрын себуге жаратылған жүректің жылы лебін күнбе-күн сезініп келеміз. Осындай бас­шы­сы бар еліміз бере­кесі берігіп, мәртебесі өсе берері сөзсіз. Биік адам­гершіліктен, асқан мәде­ниет­тіліктен, халық алдын­да кішіліктен айны­ма­ған азаматтық қасиетін жа­қындағы шешім тағы бір айғақтады емес пе. Елба­сының Отаны­мыз­ды гүлдендіру жолындағы ерен еңбегі, қалт­қысыз қызметі барынша аян. Соған орайғы құр­мет-мәртебені айрықшалау жөніндегі ұсынысқа ұстамдылық көрсетуі парасаттылықтың үлгісі деп білеміз. Қазір көріп-танып жүргеніміздей, қа­лың қауымның Президент қарапайым­ды­лы­ғы­на разылығы тіпті бөлекше. Халық сүйіс­пен­ші­лігінен артық ештеңе жоқ. Оған ел куә. Бейсембек ӘЛКЕНОВ, кәсіпкер. Қарағанды облысы. ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛАУЫН БІЛДІРЕДІ Еліміздің одан әрі тұрақты дамуы мен бірлігі және болашағы үшін өте қажетті Конституция­лық заң қабылданғаны барша қазақстандық­тар­дың ойынан шыққаны күмәнсіз. Осы арқылы Қазақстан атты мемлекет әлемдік деңгейде өзі­нің абыройы мен салмақты орнын сақтап қала бермек. Жас мемлекеттің осындай әлем таныған дең­гейге жетуі үшін Елбасы өзінің ақыл-ойы мен парасатын және тәжірибесін жұмсап жүргені аян. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі Парламент қабылда­ған заңды бекітуден бас тартса да, халық сайлаған Парламент пен Үкімет басшылары қол қойып, оны заңды күшіне енгізді. Мұны Мемлекет басшысының елдің Ата Заңын жоғары тұрғыда мойындай білуінің керемет көрсеткіші деп қабылдауымыз керек. Заңның аты – заң. Оны Президент те, елдің бар­ша азаматтары да бұлжытпай орындауы қажет. Әрі мұны екінші жағынан азаматтардың парызы мен айнымас борышы деп қарастырғанымыз да орынды. Бұл – барша қазақстандықтар іс-қимы­лы­ның бағдары. Оның үстіне қабылданған Конс­ти­туциялық заң халықтың еркі мен қалауын біл­дір­ген заң болса, оның қадір-қасиеті одан әрі арта түседі. Яғни, жоғарыда айтып өткенімдей, Парламенттің қос палатасының төрағалары Қ.Тоқаев пен О.Мұхамеджанов және Премьер-Министр К.Мәсімов қол қойған заң халықтың еркін білдіре алуымен құнды деп есептеймін. Әлібек СӘТБАЕВ, Батыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы, Президент белгілеген “Алтын барыс” белгісінің иегері. Батыс Қазақстан облысы. ПРЕЗИДЕНТ ҚЫРАНДАРЫ ҚАНАТ ҚАҚТЫ Қазақстан Республикасы Қорғаныс ми­нистр­лігінің Кадет корпусы – ел Қарулы Күште­ріндегі кәсіби сержанттар мектебі. Қазақтан шыққан тұңғыш кадет Шоқан Уәлихановтың есімін иеленген болашақ Отан қорғаушылары өздерін “Президент қырандарымыз” дейді. Бұл күндері Кадет корпусын бітірген жүздеген кәсіби сержанттар Қарулы Күштер сапында абыроймен қызмет атқарып жүр. Кадет корпусы 1996 жылғы 1 шілдеде Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің Жарлы­ғы­мен құрылған. Аталған оқу орнының түлектері жауынгерлік бөлімдерде кіші командирлер лауа­зы­мына тағайындалады. Кейіннен взвод, рота, батальон, бригада сержанты сынды жауап­кер­ші­лігі мол лауазымдарға бекітіледі. Осы уақытқа дейін осы оқу орнын 1286 кадет бітіріп шыққан. 26 маусымда Кадет корпусының 12 түлегі жаңа өмірге жолдама алды. Ашық есік жағ­дайында өткен мерекеге олардың ата-аналары, туған-туыс­тары көптеп қатысты. Жергілікті басқару орган­да­рының, қоғамдық ұйымдар мен Қорғаныс ми­нистрлігінің өкілдері кадеттердің қуанышын бірге бөлісті. Салтанатта сөз алған Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагерлері кадеттерге сәт сапар тілеп, ақ бата­ларын берді. Антқа адалдық, сертке беріктік сияқты ұғымдар ақсақалдар тарапынан молынан айтылды. Мереке меймандары кадеттердің тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысуға мүмкіндік алды. Әскери оқу орнының офицерлері қонақтарға жау­ынгерлік даңқ мұражайы мен қару-жарақ пен әскери техника түрін көрсетті, деп хабар­ла­ды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.