
Шаруа қожалығының төрағасы Нұрлыбек Жайынбаевтың айтуынша, 45-50 күнде пісетін «Пекинка» қырыққабатының алғашқы өнімі жиналып жатыр. «Ақпан айының соңында 1 гектарға қырыққабаттың ерте пісетін «Магнус» сортын ектік. Өнім ойдағыдай болып отыр. Бұл кеткен шығындарымыз бен төккен теріміздің толықтай ақталғанын білдіреді. Қырыққабатты Ресей федерациясының Пермь қаласына жөнелтіп жатырмыз», дейді қожалық төрағасы. «Магнустың» әр келісін егістік басынан 250 теңгеден саудалап жатқан шаруа жақында 2 гектар егістігіне еккен «Зарисма» орамжапырағынан да өнім алатынын айтады. Одан бөлек, тағы 6 гектарға қауынның «Аэропорт» сортын егуге дайындалып жатыр.
Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің мәліметінше, биыл 1158 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егіліп, болжам бойынша 50 мың тоннаға жуық өнім алу жоспарланып отыр. «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Ринда», «Заказ» сынды қырыққабат сорттары егілген алқаптың 893 гектарына су үнемдеу технологиясы енгізілген. Негізінен ерте пісетін қырыққабаттың басым бөлігі Ресей, Белорусь және Еуропа елдеріне экспортталады.
Түркістан облысы