
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Полицейлер зардап шеккен шетелдік азаматты тез арада ауруханаға жеткізді. Оған медициналық көмек көрсетілді. Жәбірленуші ауруханаға жатудан бас тартты, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Күдікті оқиға орнынан қашып кетпек болған, алайда ол тез арада ұсталып уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы менің жеке бақылауымда», деді министр.
Желіде оқиғаның видеосы пайда болды. Кадрда мотоцикл жүргізушісінің жанармай құю бекетіне қарай келе жатқанын, оның артынан ер адамның ілескенін көруге болады. Бір кезде ер адам қалтасынан пышаққа ұқсас затты шығарып, мотоциклшіге бірнеше рет сұғып алады.
Видеодан олардың арасында бұрын да жанжал болғаны байқалған. Алайда жәбірленушінің мұндай шабуылды күтпегені анық. Артынша қаскүнем ақ түсті көлікке отырып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пышақ жарақатымен 32 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілген.
«Ол 13 сәуірде сағат 16:10-да Меркі аудандық орталық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілді. Диагноз - кеуде аймағының оң жағы және бел аймағындағы пышақ жарақаты. Алғашқы медициналық көмек көрсетілді, тігіс салынды», деп хабарлады Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жәбірленуші кейіннен амбулаторлық емдеуге жіберілді.