
Суретте: Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың атақты шопан Шоман Шәріпбаевқа марапат тапсырып тұрған сәті.
...Сонау шалғайдағы Мойынқұм ауданындағы Хантауында қой бағып, шопан атанған марқұм Шөкеңнің өмірі де кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай. Ол «Малшылардың маршалы», екі мәрте Еңбек Ері, әйгілі Жаз-ата – Жазылбек Қуанышбаевтың ізін басқан, жолын қуған сенімді шәкірті ретінде жақсы танылған еді.
Алғашында «Көктерек» кеңшары, Коминтерн бөлімшесінің,соңынан оның негізінде құрылған «Хантау» кеңшарының аға шопаны болған, үш Ленин орденді және «Октябрь революциясы» орденді, республика Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Шоман Шәріпбаевтың дәреже даңқы бір басына жетерліктей еді. Дегенмен 1981 жылы ақпан айында Шөкеңе Кеңес одағындағы ең жоғарғы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Иә, «Еңбек ер атандырады» деген халық сөзінде нағыз шындық, ақиқат бар. Шоман аға шопанның құтты таяғын қолына ұстап жүріп, Мәскеудегі кәсіподақтар съезіне де қатысты, Моңғолияға да сапарлады, бірақ бәрінен де төбесіне көтеріп,төрге шығарған туған елі мен халқының ықыласын айтсаңызшы! Бүгінде аудан орталығындағы Батырлар алаңында шопан Шоманның да кеуде мүсіні көз тартып,көңіл қуантып тұр.
Кезінде қазақтың аса әйгілі композиторының бірі Ескендір Хасанғалиев шығарған «Шопан даңқы» әнінде (сөзін жазған белгілі ақын Әбдірахман Асылбек) былай деп айтылғандай:
Жарқыраған кеудесінде жұлдызы,
Жадыраған жаз күніндей нұр жүзі.
Жазылбектің жалынды сол шәкіртін
Ардақтаған ауылдың бар ұл-қызы!
– мойынқұмдықтар әлі күнге дейін ол кісінің есімін ерекше еске алып, атын әрдайым ұлықтап келеді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
ардагер журналист
Қарасай ауданы
Алматы облысы