Сұхбат • 15 Сәуір, 2025

Серікбек ДӘУКЕЙ: Геология – стратегиялық сала

25459 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Геология, минералды ре­­сурс­тарды игеру ғы­лым­дарының докторы, ака­­демик Серікбек Дәу­кей ғылым мен өнер қиылы­сындағы геологияны «поэзия» деп атап, өмірін жер қойнауындағы құндылық­тарды зерттеуге арнаған жан. Үш мәрте министр болып, Ұлттық ғылым академиясын басқарды. Жақында майталман маманмен сұхбат құрудың сәті түсті.

Серікбек ДӘУКЕЙ: Геология – стратегиялық сала

– Сізді геологияға жетелеп әкел­­ген нендей қызығушылық, аға?

– 7 жасымда Делбегетей та­уында геолог-студенттер ай жары­ғымен оттың айналасына жиналып, ән айтып, көңіл көтеріп отырды. Осы көрініс менің көз ал­дымда өмір бойы сақталды. Бола­шақ мамандығымды сол кез­де-ақ таңдадым. 14 жасымда ата-анама айтпастан, Семей геоло­гиялық барлау техникумына құжат тапсырдым. ҚазПТИ-де физиканы құныға оқыдым. Профессор Гульницкийдің дәріс­тері әлі есімде. Ол ғылыми ізде­­ністі, шығармашылықты және жаңа­шылдықты үйретті, сол ар­қы­лы ғылыми ойлаудың мәнін түсіндік.

Институтты аяқтаған соң Орал жақтағы экспедицияға инженер-гео­физик болып жұмысқа қабыл­дандым. Кейін аға геофи­зик, бас гео­физик, партия басты­ғы, бас ин­женер, экспедиция бас­шысы болдым. Он бес жыл­дай Мойын­құм, Жамбыл, Шым­кент, Ақтөбе маңында түрлі геоло­гия­лық аймақты зерттедік. Кейіні­рек бірлестікте бас геофизик, сосын бірінші орынбасар болдым. 42 жа­сымда министр болып та­ғайын­далып, 9 жыл бойы Геология және жер қой­науын қорғау министрі қызметін атқардым. Егемен­дік алған күрделі кезеңде министрлік жұмысын басқару маған жүктелді. Сол кезде барлық кен орынын жүйелеп, каталог жасадық. Шетелдік инвесторларға инвестициялық пакет дайындадық. Геологиялық кодекске «Кен орнын алғашқы ашушы» деген ерекше мәртебе енгіздік.

– Қазіргі геология саласы­ның жағдайы мәз емес екенін білеміз. Ахуалды оңалту үшін не істемек керек?

– Салада қаржыландыру жоқ­қа тән. Экспедициялар қысқа­рып, геологияға жастар келмей қалды. 2002 жылдан бастап министрлік таратылып, Геология комитеті жалғыз қалды, оған нақты өкілеттік те берілмеді. Жер қойнауын қорғау қызметі жойылды. Қазір кен орындарында сапасы төмен рудалар алынбайды. Оларды қосымша өңдеп, кешенді игеру жүргізілмейді. Бай кен орындарын ғана игеріп, өзгесін тастап кетуде. Бұрын ондайды бақылап отыратын инспекциялар болатын. Енді ол жоқ. Бұл жер қой­науын тиімсіз пайдалануға алып келіп отыр.

Экономиканың 70-80%-ы жер қойнауындағы байлыққа тәуелді. Геологияны қайта жан­дандырмасақ, 10 жылдан кейін салдары өте ауыр болады. Гео­ло­гия – стратегиялық сала. Ми­нистрлік, Стратегиялық жоспар­лау агенттігі осыны ескеріп, дә­лел­ді саясат жүр­гізуі керек.

– Геологтердің ең күрделі әрі маңызды жұмысы – дала­дағы барлау. Оны сіздер «да­ла жұ­мысы» деп айтады екенсіздер.

– Геофизиктер түрлі аспаппен – гравиметрия, магнитоме­трия, электрзондтау, радиоме­трия­мен зерттеу жүргізеді. Жинал­ған мә­ліметтерге компью­терлік өң­деу, интерпретация жасалып, гео­логиялық карталар құрасты­ры­лады. Бірақ геологтің нағыз тәжі­рибесі далада қалып­тасады. Бұл мамандық ерекше адамдарға арналған. Ақындар сияқ­ты. Жердің құрылымын түсініп, сол жерде нақты қандай кен барын болжай алу – дарын иелерінің ісі. Сондықтан «Кен орнын алғашқы ашушы» деген ерекше атақты заңда бекіткен едік. Өкінішке қарай, 2004 жылы бұл атақты заңнан алып тас­тады. Біз әншілерді, шоу-бизнес өкілдерін білеміз, ал ел экономикасын көтеріп тұрған – Қарашығанақ, Қашаған сияқты ірі кен орындарын ашқан геологтердің аты-жөнін ешкім білмейді.

– Өзіңіз қай өңірлерді зерттеп, шыңдалдыңыз?

– Еңбек жолымды Іле геофизи­ка­лық экспедициясында бастадым, жетекшісі Төкіш Ақышев өте қатал басшы және табыс­ты гео­­физик, зерттеуші-ғалым еді. «Қаз­ге­офизика» өндірістік геоло­гия­лық бірлестігін құрып, соны басқарған. Қазақстанның ми­не­рал­ды-шикізат базасын да­мы­туға үлкен үлес қосты, бі­рақ өмірінің соңғы жылдарында еленбей қалды. Еңбек жолымда тарифтік-біліктілік анықтамалығындағы барлық дең­гей­­­ден өттім – далалық сейс­ми­ка­лық партияның геофизигінен бастап, «Қазгеофизика» өндіріс­тік бірлестігінің бас геофизи­гіне дейін. Жас кезімде Жам­был, Шымкент облыстары аума­ғындағы Чусо ресурс, Кавказин секілді өңірлерде жұмыс істедім. Кейін Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында да гео­ло­гиялық барлау жұмысын жүр­гіздік. Сол жылдары алғаш рет газ кен орны ашылып, мен «алғашқы ашушы» атағына ие болдым. Қазір сол газ Жамбыл, Шымкент, Алматы облыстарын газбен қамтып тұр.

Маңғыстау мен Ақтөбеде жұ­мыс істеу қиын болатын. Құм, аяз, күрделі климаттық жағдайлар ар­найы әдістемені талап етті. Сол кезде біз ерекше методикалар­ды енгізіп, қолдандық. Соның нәти­жесінде нақты табыстарға жеттік. 1984 жылы алғаш рет «Гипро­сейс­мический комплекс» жүйесін іске қостық. Бұл – теле­мет­риялық стан­салар, цифр­лық вибраторлар және суперкомпьютерлермен жабдықталған заманауи кешен. Ол кезде «цифр­ландыру» ұғымы енді ғана пайда болғанымен, біз геофизиктер соны тәжірибеде пайдаландық. Бұл тех­но­­логиялық серпіліс еді.

– Ерекше зерттеулеріңізді еске түсіріңізші?

– Кандидаттық диссертациям­ды дайындау кезінде елдегі «Межго­родные впадины» атты геологиялық құрылымдарды зерттедім. Бұл жұмыста Торғай ойпаты, Шығыс Лейская, Павлина секілді шағын құрылымдарда мұнай мен газ болу мүмкіндігін ғылыми негіздедім. Ол кезде бұл аймақтарда көмірсутек қоры бар деген болжам ғана болатын. Бірақ мен өз еңбегімде нақты дәлелдер келтіріп, геологиялық жағынан негіздеп бердім. Қазір сол аймақтарға бірқатар компания келіп, барлау жұмысын бастап жатыр. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Ғылымда болжамыңның расталуы – нағыз марапат.

– Геологиялық барлау са­ласындағы деңгейіміз қандай?

– Кеңес кезінде Қазақстан геологтерінің деңгейі өте жоғары болды. Одақта үздік үштікке ендік. Өкінішке қарай, қазір тех­никалық жарақтану жағынан артта қалдық. Аппаратура жаңар­­­­тылмаса, зерттеу сапасы да тө­мендейді. Шетелдік компа­ния­­лар дайын, барланған кен орын­дарына ғана келеді. Олар ешқашан «тақыр жерге» инвестиция құймайды. Сондықтан алдын ала геологиялық зерттеу жұ­мыс­тарын мемлекет өзі қар­жы­лан­дыруы керек. Жуырда «Центр Геосъемка» экспедициясы мемле­кеттік қаржыландыру аясында сирек кездесетін эле­мент­тердің кен орнын тапты. Бұл – әлемдік деңгей­дегі бірегей жаңалық.

– Бір сөзіңізде «Геология мен геофизиканы поэзия ретінде қабылдаймын» депсіз?

– Рас, поэзия сияқты. Өлшем­дер, сынамалар жасап, оған шығар­машылық және ғылыми өнерді қоссақ, одан шығатын мәлі­меттер белгісіз дүниелерді, Жер­дің құпия сырларын ашу­ға мүм­кіндік береді. Өз басым лауа­зымға қызығушылық таныт­қан емеспін, олар маған ауыр сал­мақ салатын. Бар болғаны – гео­физикалық партияның бас инже­не­рі болуды армандадым. Бұл лауазым­ға тағайындалған кезде қатты мақтандым және түпкі арма­ным­ның шегі осы деп ойладым. Одан кейінгі лауазымдар өздері келді: министр, облыс әкімі, Ұлттық ғылым акаде­миясының президенті және бір мезгілде Қ.И.Сәтбаев атын­дағы Геология ғылымдары инс­ти­­туты­ның директоры. Мен бұл лауа­зымдардың бәріне сабырмен қарадым, бірақ өзімді әрқа­шан тау-кен инженер-геофи­зигі ретінде сезінетінмін. Әри­не, қызметтерімді шын ықылас­пен, қуана атқардым. Өйткені геологиялық орта біздегі адами және кәсіби моральды анықтап, өмірде адал еңбек етуге, жасаған ісімізге аналарымыз бен балаларымыздың алдында ұял­мауға мүмкіндік беретін құнды­лықтарды бойымызға дарыта білді. Осының бәрі сүйікті сала­ма поэтикалық көзқараспен қараған­нан деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Елігімай ТӨҢКЕР

«Egemen Qazaqstan»