Сұхбат • 15 Сәуір, 2025

Қоғамға профориентологтар өте қажет - Динара Төлеуқызы

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз бойынша 20 пайыз жастардың еңбек етуі – мамандық бойынша емес. Ал осындай жастардың саны артпауы үшін мәселенің шешімі табылған секілді. Жуырда орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілгені зор қуаныш болды. Аталған сала бойынша елімізде жалпы жағдай қандай? Осы орайда сарапшы, педагог-кәсіптік бағдар беру ісінің маманы Динара Төлеуқызымен сұхбаттасқан едік.

Қоғамға профориентологтар өте қажет - Динара Төлеуқызы

– Әңгімемізді елімізде профориентация саласының дамуы қаншалықты деген сұрақпен бастайық...

– Ойымша, қазақ қоғамы профориентацияны енді ғана ұғып, бет бұрып келе жатқан сияқты. Бірақ, көрсеткіш көңіл көншітпейді. Оқушылар мен ата-аналардың 100%-дан 15%-ы ғана профориентациядан өтіп, өз бағытын анықтап жатыр.

Ел көлемінде профориентация туралы көбірек әрі кеңірек ақпарат берілсе екен. Қоғамға профориентологтар өте қажет, айтпағым, аталған мамандық тұрғысында жай ғана курстарда оқытып, сол біліммен ғана жүре беру деген сөз – дамуды шектейтін ой. Жоғары оқу орындарында осы мамандық арнайы оқытылса немесе педагогтеріміз қайта даярлаудан өткізілсе деген ойдамын.

– Түлектің мамандығын қате таңдап, уақытын жоғалтпауы үшін мектепте мамандық таңдау қай кезде іске асуы қажет?

– Айтар едім, тіптен мамандық бойынша бағыт беру балабақшадан басталып, алғашқы мағлұматтар там-тұмдап беріле бастауы керек. Мектептерде профориентологтың жұмысын 9-11 сыныптарда ғана бастамай (әдетте бізде солай), 1 сыныптан бастаған жөн. Профориентолог маманның жұмысын еліміздің мектептерінде директордың оқу-тәрбие орынбасарлары немесе психологтар атқарып жүр, бұл – зор қателік. Бөлек жүктемесі бар мамандар дайындаған ләзім. Әр мекемеде бір емес, бірнеше кәсіби педагог болуы қажет, сол кезде ақылы профентологтарға жүгіну азаяды.

Мамандық таңдауға байланысты оқушылар 6-сыныптан бастап бағыт-бағдар алғаны дұрыс. Одан кейін күрделі физика, химия, биология, тарих, шет тілі терең оқытылып, құқық негіздері, сызу секілді пәндер оқытылады. Осы кезеңде балалар мықты тұсын сезініп, сол арқылы өз мамандығына жол таба бастайды. Тек мектепті аяқтар кезеңде мамандық таңдауға мән беру – үлкен қате.

– Динара Төлеуқызы, жалпы жастар мамандық таңдауда нені ескеруі керек?

– Түлектер оқу орындарына грант санына қарап немесе қаражаты жетеді-ау деген мамандықтарды таңдап немесе ата-анасының қалауымен түсіп жатады. Салдарынан оқу жылының ортасында «бұл менің салам емес» деп, білім ордасынан шығып кетіп немесе 4-5 жылдық оқуын аяқтаса да, басқа мамандықты таңдап, қайтадан білім алуға мәжбүр. Талапкерлер конкурсқа қатыспас бұрын білім алатын мамандық пен университет мәселесін шешіп алғаны жөн. Себебі «грантта оқысам болды» деген таптаурын түсініктен түлектер арылып, «Менің қабілетім осы мамандыққа сай ма?», «Арман-мақсатыма жетелей ала ма?», «Қоғамда маман ретінде сұранысқа ие бола алам ба?», «Бұл мамандыққа түсу үшін не істеуім керек?», «Қазір оқуға түсуге дайынмын ба?» деген сұрақтарға барынша ашық жауап беруі тиіс. Олар өз қалауындағы мамандығын жоғары деңгейде оқытатын университет таңдап, ЖОО-лардың рейтингін салыстырып, педагогикалық-профессорлық құраммен танысып, материалдық базасын зерттеп, осы уақытқа дейін сол университетті аяқтаған түлектердің жұмыспен қамтылу дәрежесін біліп, қазір оқып жатқан білім алушы студенттермен жүздесіп, оқу орны туралы ақпарат жинап, саралағаны абзал.

– Бастапқы сұраққа жауабыңызда Сіз елімізде профо­риентациялық үдеріс енді-енді ғана дамып келе жатқанын айттыңыз. Ал, озық елдерде қалай?

– Финляндияда бала 9-сынып бітіріп, әлі де өзінің қай салаға барғысы келетінін білмесе, мектеп тағы бір жыл уақыт береді. Сол уақыт аралығында баламен кәсіби кеңесшілер жұмыс істейді. Сонымен қатар 7-сыныптан бас­тап кәсіби бағдар курстары өтеді. Курс негізінде әр оқушы міндетті түрде 1-3 апта өзі қалаған сала­­да жұ­мыс істеп көреді. Ал Жа­­понияда оқушылардың маман­дық таңдауында үш фактордың маңызы зор: өзіңді зерттеу, ма­ман­дықты зерттеу және кәсіби сынақ. Әр жылда 7-9 сынып оқу­шылары 16 салада бақ сынай­ды. Осылайша, үш жыл ішінде әр бала 48 саланы ішінара зерттей­ді. Нәтижесінде, оқушы алған тә­жірибесін анықтайтын тест тап­сырады. Сондай-ақ оларды бақы­лаған мұғалімдері де ба­ға береді. Екі бағалау тестінің нәти­жесі са­лыс­тырылып, бала­ның жеке баға­лау индексі көрсе­тіледі. Осы индекске сәйкес әрі қарай оқу бағ­дар­ламасы ұсы­нылады.

Кейбір елдерде оқушының гуманитарлық бағытқа бейім екені анықталса, жоғарғы сыныптарда жаратылыстану пәнде­рінен босатылып, өз саласында жетілуіне себі тиетін 4-5 пәнді ғана оқиды.

– Осы салада жүргенінізге 17 жыл болған сіздің айтарыңыз мол екені анық, әлі әңгімелесеміз деген ойдамын. Ендеше өзіңіздің түйінді сөзіңізбен аяқтайық...

– Ғалымдардың зерттеуінше, сүйікті мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер көптеген ауруға шалдығады екен. Ал мамандығын жақсы көретіндер өз ісінен ләззат алып, жұмысын тамаша етіп істейді. Адам өз бағытын дұрыс таңдаса, өмірге деген құштарлығы артып, жаны тыныштық табады. Ал профориентологтар адамдардың өз мамандығын дұрыс таңдауы үшін көмекке келеді. Ендеше, қоғамға профориентологтар өте қажет.

Әңгімеңізге рақмет!