20 Маусым, 2015

Олег Дымов – орден иесі

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Қазақстан халқы Ассамблеясы залында ҚХА Төрағасының орынбасары, болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Олег Дымовты Болгарияның мемлекеттік наградасы – І дәрежелі «Святые Кирилл и Мефодий» ордені – алқызыл ленталы алтын айшықпен салтанатты марапаттау рәсімі өтті.    Орденді Болгария Респуб­лика­сының Қазақстан Республикасындағы елшісі Васил Петков тақты. Нақтырақ айтсақ, «Святые Кирилл и Мефодий» ордені – Болгария Республикасының мемлекеттік наградасы. Бұл орденмен мәдениет, өнер, білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан болгарлық және шетелдік азаматтар марапатталады. Шара барысында «Қазақстан-Болгария мәдениет орталығы» АҚ төрағасы, ҚХА мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Олег Дымовтың өмірінен алынған бейнебаян көрсетілді. Сал­та­натты жиынды Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов ашып, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.  Көп ұзамай, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жүрекжарды құттықтауы да келіп жетті. Сондай-ақ, О.Дымовқа президенттік сайлау науқанындағы белсенділігі үшін «Нұр Отан» партиясының атынан алғыс хат табыс етілді. Ол – 45 жылдан астам өмірін мемлекеттік қызметте, оның 14 жылын Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығында өткізген  қоғам қайраткері. Сондай-ақ, оннан астам кітаптың, үш өлеңдер жинағының авторы. 2005 жылы Олег Дымов  Со­фия қаласында (Болгария) Н.Назар­баев­тың болгар тіліне аударылған «Сын­дарлы он жыл» кітабының таныс­ты­рылымын өткізді. Ал 2007 жылы болгар тілінде «Мы народ Казах­стана» атты кітабы жарық көрді. Қысқасы, бұл кеште танымал тұлға туралы ұлтты ұйытатын небір ұлағатты сөздер мен естеліктер айтылды. Соның бір айғағы ретінде, замандас-досы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлы кеш иесіне арнап өз өлеңін оқыды.  Іс-шараға ҚХА мүшелері, «Нұр Отан» партиясының, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, қалалық этномәдени бірлестіктердің басшылары қатысты. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.