Ғылым • 15 Сәуір, 2025

Алматылық оқушылар NASA байқауында жеңіске жетті

411 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің екі командасы NASA және АҚШ Ұлттық ғарыш қоғамы (National Space Society) ұйымдастырған Space Settlement Contest 2025 халықаралық байқауында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматылық оқушылар NASA байқауында жеңіске жетті

Байқауға әлемнің 25 елінен 26 мыңнан астам оқушы қатысты. «YURT» жобасын ұсынған команданың құрамында алматылық оқушылар Анастасия Цой, Юлия Ким, Камила Ертісқызы және Ілияс Дәулет бар. Олар бірінші орынды иеленді. Команда Юпитердің орбитасымен қозғалып, оның Ганимед және Каллисто серіктеріне жақындай алатын автономды ғарыш станциясының жобасын таныстырды.

Станция 30 мыңға жуық адам тұруға арналған, жасанды гравитация жүйесімен және толықтай дербес тіршілікпен қамтамасыз ету жүйесімен жабдықталған.

Екінші орынды тағы бір қазақстандық команданың «Икарус» жобасы иеленді. 45 мың тұрғынға арналған Ганимедтің төменгі орбитасында орналасқан ғарыш станциясын құрастырушылар - Табылды Асан, Темірбулатов Арман, Інкәрбек Сабыржан, Құзбакова Томирис, Жапаров Мұхидин,
Әлішер Бағдәулет, Берік Уәли, Нұрсұлтан Айсұлу, Таиров Арлан, Бақыт Аслан. Жетекшілері — 12 сынып оқушысы Әділет Сандықбаев.

«Оқушы кезімде World Space Olympiad және QazAstroshift секілді олимпиадаларды ұйымдастырдым. Сол байқауларда мен аэрокосмос саласына шынайы қызығушылық танытатын ондаған шабытты жасты кездестірдім. Бұл қауымдастық әлі де кеңейіп, Қазақстанның ғарыш саласындағы әлеуеті одан әрі арта түсетініне сенемін. Мектепті биыл аяқтап жатқан мен болашақтан қорықпаймын. Керісінше, біз енді ғана бастадық. Алда жаңа белестер мен үлкен жетістіктер», дейді  Әділет Сандықбаев.

Space Settlement Contest — мектеп оқушыларына арналған халықаралық жыл сайын өткізілетін байқау. Ол оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін, креативтілігін және ғылымға ұмтылысын дамытуға бағытталған.