
«Қазақстан халықаралық ресурстармен байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Мәселен, өткен жылдың тамыз айында біз Астана қаласында Орталық Азия бойынша «Euronews»-тің өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойдық. «Euronews» командасы біздің халықтардың өнері, мәдениеті мен өмір салты туралы «Модерн номадс» телешоуын, «Орталық Азиядан шыққан дауыстар» тақырыптық сериясын – өңірдің белгілі қайраткерлерімен сұхбаттарды, ірі өңірлік іс-шараларды қамтитын «Фокус» репортаждарының бірқатарын көрсетуге кірісті», деді А. Балаева.
Сонымен қатар ол министрліктің Орталық Азия елдерімен тарихи және мәдени мұрамызды, сауда-экономикалық және туристік әлеуетімізді көрсетуге бағытталған бірлескен медиажобаларды жасау бойынша халықаралық әріптестерді тарту жұмысын жүргізуге ниетті екенін жеткізді.