Кеңшарда ұзақ жыл шопан болған анам отбасындағы үйелмелі-сүйелмелі он перзенті туралы «жыл бойы төрт-бес рет көшіп-қонып жүрсек те, күні ұзағына отар соңында болсақ та, құдайға шүкір, біреуіңнің саусақтарыңның ұшын да күйдірмеген екенбіз», деп тәубе етіп отырады. Өзіміз аурухана есігін аттамасақ та, аудандағы білімді, білікті дәрігерлер туралы біліп өстік. Оған себеп ел арасындағы олар туралы айтылатын жағымды пікірлер, ризашылық пейілдер болса керек.
Жуырда қатты ауырған бір таныстың: «Астанаға барасың, диагнозды сол жақ қояды», деген облыс дәрігерлерінің сөзіне: «Егер маған ота жасау керек болса, тек қана Бейнеудегі Әмірханға жасатам», деп жауап қатқаны есіме түсті. Әлі диагнозы нақты қойылмай үрей мен уайым құшағында жүрген азаматтың үміті мен жұбанышына айналуына қарап, Әмірхан ағайды өзім көрмесем де, ұзақ жылдар бойы аудан тұрғындарының ризашылығын арқалап жүргендігін тағы бір рет аңғарып қалғанмын.
Қанаев Әмірхан Айтбайұлы 1954 жылы Құлсары қаласында қарапайым отбасында дүниеге келіпті. Орта мектепті 1970 жылы үздік бітірген 16 жасқа толмаған ауыл баласы сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне түседі де, оны 1976 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бір жыл Маңғыстау облыстық ауруханасында дәрігер-хирург болып жұмыс жасап, 1977 жылы Сарықамыс учаскелік ауруханасына жұмысқа ауыстырылады. Ол кезең жоғары білімді дәрігерлердің ауылдық өңірлерге жетіспейтін кезі. Оның үстіне жас та болса біліктілігімен көзге түскен жігіт жергілікті халықтың құрметіне бірден ие болады. Көп ұзамай облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бұйрығымен 1981 жылы жаңадан құрылып, жұмыс істей бастаған Бейнеу аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушілік қызметіне ауыстырылыпты. Одан бергі 34 жыл бойы осы жерде аудан халқына қызмет етіп келеді.Өзінің ұзақ жылғы дәрігерлік міндетін атқарып келе жатқан азамат ауданның денсаулық саласын дамытуға зор үлесін қосты. Білімі мен тәжірибесін ұштастырып, оған адами мінезді қабыстыра қызмет еткен жанның бедел-бағасы биік болмақ. Ә.Қанаев алдына келген науқастарды жылы қабылдап, оны мазалаған қандай сырқат, енді не істеу керектігін ұғынықты тілмен түсіндіріп, тіпті, олардың көңілін көтеру үшін арасында әзілдеп отыратындығын айтады жұрт. Дәрігер ретінде жылдан-жылға дамып отырған медицинаның соңғы жаңалықтарын іс жүзінде пайдалана отырып, аурухана жанынан жаңа бөлімшелерді – орталық зарарсыздандыру бөлімшесі, қан құю пункті, диагностикалық орталықты ашуға тікелей қатысып, өз жұмысына қосымша атқарып, жұмыстарын ұйымдастыра білді. Оның тәжірибесінде қысылтаяң кезде адам жүрегіне ота жасауға тура келген кездері де болыпты. Тәжірибелі маманның толассыз еңбегінің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай адамдардың тағдыры тұр, әсіресе, шалғай аудан орталығындағы критикалық жағдайға түскен жүкті ана мен шарана сәбидің өмірін құтқарудағы еңбегі ерен. 1999 жылы Бейнеуде өте қауіпті жұқпалы ауру – обамен ауырған науқас түскенде бірден диагнозын қойып, тиісті шараларды біліктілікпен дер кезінде пайдалануы науқастың аман қалуын, аурудың басқа адамдарға тарамауын қамтамасыз етті. Көп жыл талмай жұмыс істеген білікті маманның ең басты жетістігі – бүкіл бір аудан халқының көңіліне тірек еткен сенімді дәрігеріне, арқасүйер азаматына айналды, ал мемлекет тарапынан да еңбегі елеусіз емес. 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, 2005 жылы «Шапағат» медалімен марапатталды. Осы жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісін омырауына тағып, арада тоғыз жыл өткенде «Отандық денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін және көпжылдық риясыз еңбегі үшін» өз мамандығы саласы бойынша ең биік марапат – Н.И.Пирогов медалін алды.
Ауырған жанға ақ халат киген дәрігерден ыстық адам болмайды десек, Бейнеудегі Әмірхан Айтбайұлы мыңдаған адамның алғысын алып, олардың жүректерінде өміріне арашашы ретінде сомдалған азамат. Жары Мәрзия екеуі 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірді. Қыздары тұрмыста, бәрі де жоғары білім алып, Отанымыздың халық шаруашылығының әртүрлі саласында жұмыс жасайды, ал ұлы болса жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін жеке кәсіпкерлікті таңдап, өз мамандығы бойынша елге қызмет етуде.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.