01 Тамыз, 2015

Барып кел, шауып келмен жастардың ісі өне ме?

560 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ab4290a8b2cb45944bec502c300db11b Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 184 506 адамды құраса, оның 85 мыңнан астамы қалаларда, ал қалғаны ауылдық жерлерде тұрады. Осы орайда, олардың бос уақыттарында немен айналысатыны, әсіресе жұмыспен қамтылуы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өкінішке қарай, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі біраз уақыттан бері айтылып жүргенімен, нақты шешімі əлі күнге дейін табылмай келеді. Осыдан алты жыл бұрын қолға алынған «Дипломмен – ауылға!» жобасы да оң нәтиже бермей отыр. Аталмыш бағдарлама арқылы көтерме ақша алып, кейін ауылдан кетіп қалған жас мамандар аз емес. Сол сияқты, «жас­тар тәжірибесі» бағдарламасы да жастар арасындағы жұмыс­сыздықты жоюға қауқарсыз. Өйткені, аты айтып тұрғандай, бұл бағдарлама жоғары оқу орны түлектеріне өз саласы бойынша тәжірибе жинақтауға арналғаны белгілі. Құжатта «жас маман тәжірибеден өткеннен кейін оны міндетті түрде жұмысқа алу керек» деп жазылмаған. Сондықтан да жұмыс берушілер тәжірибеден өтушіні әрі қарай өз мекемелерінде алып қала ма, әлде арқасынан қағып шығарып сала ма, оны өздері біледі. Жұмыссыздық мәселесін қалай шешеміз? Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, соңғы үш жылда «жастар тәжірибесі» бағдарламасына 3361 адам қатысып, оған 330 миллион теңге қаражат жұмсалған екен. Нақтырақ айтсақ, 2012 жылы – 1157, 2013 жылы – 1107, өткен жылы 1097 түлек түрлі мекемелерде іс-тәжірибеден өткен. Ал биылғы жылы 500 жас маманға ғана сұраныс түскен көрінеді. Алайда, басқармадағылар жыл аяғына дейін бұл мөлшерді еселей түсеміз деп сендірді. Бұл солқылдақ жауап. Себебі, өткен кезеңдердегі іс-тәжірибеге тартылған, былайша айтқанда, уақытша жұмыспен қамтылған жас мамандардың саны мыңнан әзер асады. Егер, биылдың өзінде жоғары оқу орындары мен колледждерді жеті мыңға жуық жастың бітіргенін ескерсек, бүгінгі бөлініп отырған бос орындар жұмыс іздеуші жастардың, тіпті, жартысын да қамти алмайтынын байқау қиын емес. Бұл орайда, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының атына сын айтудан басқа амалымыз жоқ. Әкімдікте өткен жиындардың бірінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов те аталған басқарма өкілдерінің қызметіне көңілі толмай, жастарды жұмыспен қамтудағы жұмысты жандандыра түсуді, «жастар тәжірибесіне» түлектерді мейлінше көп қатыстырып қана қоймай, олардың сол мекемелерде қалуын қадағалауды қатаң тапсырған еді. Бұл орайда, біз бағдарламаға қатысқан бірен-саран жасты да әңгімеге тартқан едік. Осыдан екі жыл бұрын облыстық білім басқармасында іс-тәжірибеден өткен Раушат Махамбетованың айтуынша, бағдарлама жолдамасын алған жастар кейбір мекемелердің «барып кел, шауып келіне» айналғанға ұқсайды. Сөйтіп, жас маман Раушат алты ай бойы өзінің мамандығы бойынша жұмысқа кірісе алмай, өз міндетіне жатпайтын шаруаны атқаруға мәжбүр болғанын айтты. Ақыр соңында, іс-тәжірибенің өту мерзімі де аяқталып, ол жерге жұмыс істеуге қалдырылмағанын, қазір мүлде басқа облыста жұмыс істеп жүргенін тілге тиек етті. Өз міндетімізді басқаға сілтеуді қашан қоямыз? Облыстық статистика департаментінің сайтын қарағанымызда мына бір деректерді көзіміз шалды. Жалпы, 2015 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, есепте тұрған жұмыссыздардың саны 859 адамды құраса, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда жұмыссыздық деңгейінің 45,3 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр. 2014 жылдың басынан бері жұмысқа орналасу мәселесі бо­йынша 10883 адамның өтініші тіркелсе, 8500 адам немесе барлық өтініш білдіргендердің 78,1 пайызы жұмысқа орналастырылған. Өкінішке қарай, оның ішінде қаншасы жас­тар екенін біле алмадық. Бұл іске жауапты облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына хабарласқанымызда, олар бұл сұраққа жа­уап беруден жалтарып, «жастарға қатысты мәселемен жастардың өзі айналыссын» дегенге келтіріп, тұтқаны қоя салды. Олар айтпаса да, жастардың бүгінгі таңда немен айналысып жүргенін, ел экономикасын көтеруге қандай үлес қосып жүргенін біз жақсы білеміз. Жасыратын несі бар, тепсе темір үзетін жасқа жетсе де, ата-анасының табысымен күн көретін, шыбық басын сындырмайтын ұл-қыздар да арамызда аз емес. Дегенмен, соларды еңбекке шақырып, бағыт-бағдар беретін замандастарының барын атап өтпеске болмас. Айта кетейік, өткен жылы облысымыздың екі қаласы мен он жеті ауданында ашылған жастар ресурстық орталығы біраз жасты еңбекпен қамтуға мүмкіндік жасады. Облыстық жас­тар ресурстық орталығының өзінде оннан астам жас маман қызмет етсе, аудандардағы филиалдарда да ұжым тек жастардан ғана құралып, кемінде отыз мың теңге жалақы алады. Сондай-ақ, орталықтың ғаламторда ашқан сайтына түрлі мекемелер бос жұмыс орындары жайлы ақпарат қалдырып, бұл да жұмыссыздық мәселесін түзетуге өз септігін тигізіп жатқан көрінеді. Осы орталықтың Егіндікөл аудандық филиалының әдіскері Ғалия Асилова аудан бойынша 1478 жас бар екенін, оның 85-і жұмыссыз ретінде тіркелгенін айтты. – Қазіргі жастар жұмысқа құлықсыз. Сол себепті, маусымдық жұмыстарға қарай ұмтылады. Екі-үш ай ғана еңбек етіп, кейін тағы жұмыссыздың кебін киеді, – деді егіндікөлдік Ғалия Асилова. Жас маманның сөзінің жаны бар. Қазіргі кейбір жастар шынымен де әр істің жеңілін таңдауға әуес. Мұнымен көпке топырақ шашайын деген ойымыз жоқ, дегенмен де, жұмысы жеңіл, жалақысы жоғары қызметке барғысы келетін, жұмыста қандай да бір қиындық туындап қалса, қызметінен кету жөнінде өтінішін ала жүгіретін жастарды көзіміз талай көрді. Әлемді дағдарыс, жұмыссыздық жайлаған заманда бір қызметтен екінші бір жерге ауыса беру, ақшасы аз жұмысты менсінбеу пайда әкелмейтіні анық. Облыстық медиаорталық ұйымдас­тыратын брифингтерде аудан әкімдеріне осы сұрақты үнемі қойып отырамыз. Жауап біреу: «Атқарушы органдар жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюды бірінші кезектегі міндет санайды. Бұл бағытта насихаттық, материалдық шаралардың барлығы жұмылдырылған. Жастар мемлекет ұсынған қамқорлықты пайдалана білуі керек». Рас-ау... Сондай-ақ, Бурабай ауданының прокуроры Асхат Жақыпбековтің мына сөздері де тиісті орындардың назарында болуы керек деп санаймыз. «Кәмелет жасқа толмағандардың құқықтарын қорғай отырып, былтыр 37 тұлғаны әкімшілік, тәртіптік жауапкершілікке тарттық,– дейді ол. – Біз оқу орындары шәкірттері арасында қылмыстық әрекеттерге баратындардың барлығын жасырмаймыз. Мәселен, 1996 жылы туған жеткіншектің №3 орта мектептің өзінен екі жас кіші оқушысынан ақша бопсалап жүргендігін анықтадық. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 181-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалғанымен, тараптар өзара келісімге келгеннен кейін іс тоқтатылды». Тоқтатылғаны жақсы дейік. Бірақ, ата-аналар оны жылы жауып қоя салмай, алдын алу шараларын жасағанда одан да жақсы болар еді ғой. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ, журналист. Ақмола облысы.