Қостанай қаласының орталығындағы қозғалыс күндегіден күшейіп кеткендей. Таңертеңнен бастап орталық гүлзар, алаң мерекедегідей безендірілді, жастар, қала тұрғындары ағылып келіп жатты. Шартарапты шарлаған музыка әуені жаздың жайдары күнімен бірге адамдардың көңілін де өсіріп жібергендей. Дүниежүзілік нашақорлыққа және заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес күніне орай облыс орталығында өткен “Президент командасында күшті де, саламатты Қазақстан үшін!” акциясына қаланың тайлы-таяғына дейін жиналды. Қазір нашақорлық үлкеннің де, кішінің құлағына түрпідей естіледі. Облыстық наркологиялық диспансердің нашақорлық профилактикасы туралы жағалай іліп тастаған плакаттарының өзі бұл кесапаттың тек қоғамға ғана емес, бүкіл адамзат тіршілігіне қаншалықты қауіп әкелетінін ескертеді. Орталық алаңға келген жұртшылық “Мен шешім қабылдаймын”, “Өмір ағашы”, “Еркін өмір сүр” деген тренингтік жаттығуларға қатысты, есірткіні иісшіл иттер арқылы табу сияқты көрсетілімдерді тамашалады.
Есірткіге қарсы акция Қостанай қаласының тек орталығын ғана емес, барлық шалғайын қамтыды. Қаланың оңтүстік ауданының тұрғындары №20 орта мектепте бұл кезде “Нашақорлыққа жол жоқ!” әдеби кешіне қатысты, үгіт бригадасы “Біз саламатты өмір үшін!” концертін қойды.
“Жүректерді жырға толтырамыз” атты жас орындаушылардың ән фестивалі де есірткіге қарсы акция шеңберінде өтті. Спорт жарыстары, әсіресе, шахмат пен дойбы, жеңіл атлеттер жарыстарына негізінен жастар жағы қатысты. Сол күні облыстық наркологиялық диспансерде ашық есік күні өтті.
– Ең бастысы есірткінің қаупі мен зияны туралы ақпаратты жастардың, балалардың құлағына құя беру керек. Осындай акциялардың пайдасы өте зор. Мұндай шаралар жастардың қасірет пен саламатты, жарқын өмірдің айырымына көз жеткізуіне жақсы ықпал етеді. Оларды адаспайтын жолға салу қоғамдағы әрқайсымыздың міндетіміз, – дейді облыстық наркологиялық диспансердің дәрігері Ольга Прокудина.
Акция түннің бір уағына дейін жалғасты. “Адал көмек” қоғамдық қоры және облыстық ішкі саясат, білім басқармаларының өкілдері Қостанай қаласының іргесіндегі Қостанай ауданына барып, “Әлем есірткіге қарсы” атты көшпелі акция өткізді. Осындағы “Золотой колос” мәдениет үйіне жиналған аудан тұрғындары есірткінің зияны туралы әңгіме тыңдады. Сонымен қатар, Қостанай қаласының шағын аудандарында акция шеңберінде концерттер мен жастар дискотекалары өтті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.
САЛАМАТТЫ ӨМІР – ЖАСӨСПІРІМДЕР МАҚСАТЫ
“Саламатты Қазақстан” 2011-2015 бағдарламасы аясында бұл күнде облыста ұйымдастырылып жатқан шаралар көп. Соның бірі –Теміртау қаласындағы “Жас алаш” балалар спорттық орталығында өтті. Өңірдің барлық аудандарынан келген 14 жасқа дейінгі жеткіншектердің спортты серік еткен өкілдері әртүрлі жарыстарға қатысып, саламатты өмірді қалыптастыруға қатысты ғалымдар мен дәрігерлер дәрістерін тыңдап, оны үлгілі үрдіске айналдыру жолындағы тәлімді тәжірбиелерге қанықты. Бұл туралы үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қозғалыстар жасөспірімдер алдына өз іс-қызметтерін баян етті.
Аталған шараның Теміртауда өтуінің өзіндік себебі де бар. Осында адам денсаулығына, айналаға кеселін тигізетін орынсыз қылықтарға ұрынушылар балалар арасында да аз емес. Әсіресе, олардың есірткі заттарын тұтынуға әуестігі жұртшылықты қатты алаңдатқан құбылыс.Бүған дейінгі уақытқа қарағанда осынау жаман әрекет бәсеңсігендей болғанымен әзірге мүлдем тыйылып отырған жоқ. Кейінгі кезде оның жолын кесу бағытындағы шаралардың ширатылуы мерейлі күрес ықпалын күшейте түсіп келеді.
Қазір жеткіншектердің бос уақыттарын мәнді әрі мағыналы өткізуіне, теріс қылықтардан жиреніп арылуына қолайлы жағдайлар кең. Мектептер жанында демалу лагерлері, табиғаты көрікті жерлерде дене тәрбиесімен, сүйікті спорт түрлерімен айналысуларына мүмкіндік жеткілікті. Жаздың нағыз қызған шағындағы осынау шара соның біріне айналды.
Саламатты өмір салтын беріктіру ең алдымен жастайынан бойға мықтап қонатындығы , сіңетіндігі аян. Оған теміртаулық өрендердің өнеге көрсетіп, бастамашы болулары құптарлық үрдіс.
Айқын НЕСІПБАЙ.
ТЕМІРТАУ.