Ауылдастары Сайын Боранқұлов пен Бәтима Маясарованың отбасын ынтымағына ырысы, бірлігіне берекесі сай шаңырақ ретінде құрметтейді, қадір тұтады. Отағасы еңбек жолын 1966 жылы тракторшы-механизаторлықтан бастады. Кейін етінің тірілігі, еңбекқорлығы мен өмірлік ұстанымы арқасында кеңшар комсомол комитетінің хатшысы, зоотехник, ферма меңгерушісі, шаруашылық директорының орынбасары, экономист болды. Қай қызметте болмасын іскерлік қабілетімен, ыждағаттылығымен танылған ол 2002 жылдан бастап «Темірлан» шаруа қожалығын ашып, басқарып келеді.
Жолдасы Бәтима болса, 2009 жылға дейін кітапхана меңгерушісі қызметін атқарып, зейнеткерлікке шықты. Қазір «Әли» дүкенін ашып, халыққа сауда қызметін көрсетіп отыр. 5 бала, 11 немере тәрбиелеп отырған отбасы елге сыйлы, халқына қадірлі.
Сайын Боранқұлұлы мен Батима Дүйсенбайқызының отбасын құрғанына 45 жыл болған екен. Жүрек қалауымен қосылып, ізгі тілектерімен ілгеріге қадам басқан ерлі-зайыптылар шаңырақтың шырайын келтіріп, келешегін кемел етуге жұдырықтай жұмылды, жарасты отбасы болудың үлкен мектебінен өтті. Олар – жоғары білімді мамандар, ауылдың көркеюіне бір кісідей үлес қосқан жандар. Бұл отбасын өздері туып-өскен Алтықарасу округіндегі Еңбекші ауылының нағыз патриоттары деу орынды. Егін өсірумен, мал шаруашылығымен айналысқан олар өнегелі отбасын қалыптастыра отырып, ата кәсіптің ажарын келтірді, еңбектің көрігін қыздырды. Ерте тұрды, кеш жатты, ерінбеді, ертеңгі күнгі ажарлы тірліктің адал еңбекпен, маңдай термен келетінін өздері де түсінді, өз өнегелері арқылы оған балаларын да тәрбиеледі.
Бұл отбасының шаруашылықтардың ажары тайып, ел жаппай жан-жаққа көшіп жатқан күрделі жылдары Еңбекші елді мекенінің ыдырамай сақталып қалуына, он бір жылдық мектептің жабылмауына мұрындық болғанының өзі неге тұрады. Осындай игі істердің нәтжесінде ауылдың тұтастық тұғыры бекіп, әлеуметтік нысандардың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей сақталып қалғанын халық біледі. Осындағы мәдениет үйін, кітапхана, балабақшаны қайта қалпына келтіріп, білім беру мекемелерінің күрделі жөндеуіне қаржылай қолдау көрсетуден де ешқашан тартынған емес. Ауылдағы жоқ-жітік, тұрмысы ауыр отбасыларын да өз қамқорлығына алып келеді. Осы Еңбекшіде қазір 101 отбасы тұрады. Сайын Боранқұлов солардың басым көпшілігіне жұмыс тауып беріп, мал, құс өсіруге көмегін тигізіп отыр. Қазір елдің тұрмысы түзелді, жағдайы жақсарды.
Бүгінгі таңда ол шаруа қожалығында 205 ірі қара, 810 қой, 35 жылқы өсіріп отыр. Мал басын өз төлінен өсіруде жыл сайын табысқа жетіп келеді. Қазіргі таңдағы жаңашыл әдістерді қолдана отырып, асыл тұқымды мал басын көбейтуде. «Сыбаға» ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы берілетін несиені пайдаланып, шаруашылығын кеңейтуде. Еңбегінің нәтижесінде бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық деңгейлердегі марапаттарға ие болды.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқан
да соны іледі» дегендей, балаларының барлығы жоғары білімді, ата-ана жолын қуған, кәсіпкерліктерін жалғастыруда. Немерелері – оқу озаттары, спорт, өнер, білім сайыстарының жеңімпаздары. Сайын Боранқұлов пен Бәтима Маясарованың отбасы өмірлік құндылықтарды жаңғырту және отбасы өнегесін насихаттау мақсатында өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне қатысып, екінші орынды жеңіп алды. Мұның өзі өнегелі отбасына берілген лайықты баға болды. Оған бұл шаңырақтағы бақуатты тұрмыс пен бақытты тірлік негіз қалап отырғаны сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы,
Темір ауданы.