01 Тамыз, 2015

Болашақтың тұғыры – тұтастық

415 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Логотип 550 жылОрталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ұлттық кітапхананың директоры Әлібек Асқаров, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Тәкен Молдақынов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов «Елдің тарихы мен мәдениеті – болашағы біртұтас ұлт» тақырыбы бойынша өз ойларын ортаға салды. хандук Елбасының жақында жария­лан­ған бес институционалды ре­фор­масының басты бағыттарының бірі – болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру десек, бұл орайда мемлекеттің келешегін оның өткеніне баға беріп алмай, ұлттың тарихы мен мәдениетін толық зерттеп-зерделеусіз орнықтыру әсте мүмкін еместігін білуге тиіспіз. Ал енді осының басым бөлігі айналып келгенде кітапханалар жұмысымен тығыз байланысып жатыр. Өйткені, тарихты зерттеу үшін ежелгі қолжазбалар мен кітаптарға жүгінуге тура келе­ді, сол себепті де ондағы жазба жәдігерлерді ықтиятты және ұдайы қорыту еңбектері бұл бағыт­тағы атқарылатын қыруар іс-ша­ралардың ауқымды бөлігі болып табылады. Бүгінде еліміздегі кітапхана ісінің дамуына, кітапханалардың жұмысы мен техникалық жабдықталуына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, соңғы жылдары технологиялық базаның толығып, жаңғыртылуы, заманауи үлгілердің енуі ондағы оқырман санының айтарлықтай мөлшерде өсуіне үлкен септігін тигізуде. Қазақстандық кітапханалар елдің мәдени және қоғамдық өмірін, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын насихаттап, жүзеге асыруда белсенділік танытып отырған бірден-бір сала болып есептеледі. «Алматыдағы Ұлттық кітап­хана Қазақ хандығының мерей­тойы мен «Мәңгілік Ел» патриот­тық жобасына байланысты алуан түрлі іс-шараларды өткізіп келеді. Мысалы, Қазақ хандығының мерейтойына орай кітапхана өз оқыр­мандарына қаңтар айынан бері үлкен кітап көрмесін ұсынып отыр. Бұл ашық кітап көрме­сіне үш мыңның үстінде қолжаз­балар, кітаптар мен сирек тарихи құжаттар қойылған», – деді Ұлт­тық кітапхананың директоры, бел­гілі жазушы Әлібек Асқаров мәдениет ошағының қол жеткізген жетістіктері туралы айта келіп. Сонымен қатар, Ә. Асқаровтың келтірген мәліметі бойынша, «Мә­дени мұра» бағдарламасының шеңберінде 160 том кітап 350 мыңдай тиражбен жарық көріп, 5 мыңға тарта алуан түрлі құнды құжаттар елімізге жеткізілген. Кез келген халықтың, оның ішінде қазақ халқының да тарихы мен мәдениеті өзімен көршілес, іргелес жатқан халықтардың тарихымен тығыз байланыста, өзара сабақтастықта өрбіп, дамығаны сөзсіз. Сондықтан мұндағы тарих пен мәдени дамуды жан-жағымызды қоршаған ұлан-ғайыр кеңістікпен ұштастыра қарастыру заңды құбылыс. Оған дәлел, мысалы, археологиялық табыстар мен кез келген тарихи ескерткіштердің тек бір халықпен шектелмей, еура­зиялық кеңістіктегі түрлі халық­тардың өзара қарым-қатынаста болғандығын дәлелдейтіндігі. «Қарағанды облысы же­рін­дегі археологиялық қазбалардан табылған заттар, жазба дерек­тегі мә­ліметтер, Орталық Азия, Шығыс және Орталық Еуро­па, Алтай, Орал өңірі, Еділ бойы, Орта және Таяу Шығыс ха­лық­тары­ның тарихи тамыр­лас­­тығын, Еу­ропа мен Азияның көш­­пелі және байланысын се­нім­ді көр­сетеді», – деді бұл рет­те ой сабақтаған «Ұлытау» қорық-мұ­ра­жайының директоры Бақ­тияр Қожахметов. Көне көшпенді және отырық­шы халықтардың тығыз да же­місті байланыстарының жаршысы – ежелден Ұлытау мекені десек, дәл осы Ұлытау Алтын Орда­ның алғашқы орталығы болды және де дәл сол өңірде қазақ, ноғай, қырым, қазан, өзбек хандық­тарының шығуына негіз жасалды. Мәдениеттің өзара әсері жалпы адамзат өркениетіндегі заңды құбылыс екендігіне осындай көп­теген археологиялық дәйектер дәлел бола алады. Сонымен қатар, қазақ хал­қы­ның бай да көпқырлы тарихының тағы бір ірі куәгері ретінде Жамбыл облысының тарих үшін атқарар рөлі орасан зор. Бұл жердегі Шу және Талас өзендерінің аралы­ғында Жәнібек және Керей хандар Қазақ хандығының негізін қалады. Сол үшін де Қазақ хандығы құры­луының 550 жылдық мерейтойы құрметіне арналған мемлекеттік іс-шараларды осы өңірде өткізу көзделіп отыр. Соған орай аймақтың қазіргі оған дайындығы туралы егжей-тегжейлі баяндалды. «Осы жылға белгіленген Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орайластыра қолға алынып жатқан ауқымды шаралар – «Ежелгі Тараз» музей-кешенін салу, ұлт­тық-мәдени орталықтың ғимаратын тұрғызу, қала және ежелгі қаланың ортасынан орын тепкен тарихи жәдігерлеріміздің инфақұрылымын жетілдіру қызу қолға алынуда», – деді Тәкен Молдақынов. Құндыз ЕРАЛЫ. АСТАНА.