20 Маусым, 2015

Даму кепілі

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-850Президент жанындағы Орталық коммуникация­лар қызметінде «Халық келiсiмi» қоғамдық қорының директоры Зиябек Қабылдиновтың қатысуымен брифинг өтті. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институттық реформа және оны жүзеге асыру мақсатында қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жөнінде кеңінен сөз болды. Спикер 5 институттық ре­форманың белгіленуі еліміздің дамуына, түрлі мәселелердің өз деңгейінде шешілуіне кепіл болатынын айта келіп, мақсатымызды айқындай түскен «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарының артықшылықтарына  назар аударды. – Елбасы ұсынған 5 инс­титуттық реформада қоғам, елдiң алдындағы мәселелердi қалай шешудiң бағыт-бағдарын атап көрсетті. Бiздiң ойымызша, қоғамда қалыптасқан өзекті мәселелер осы Ұлт жоспары арқасында шешiледi, бұған сенiмдiмiз, – дедi Зиябек Қабылдинов. «Халық келiсiмi» қоғамдық қоры директорының айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жос­парын өз деңгейінде орындап шығу – жалпыхалықтық іс. Барша қазақстандықтар бес инститтуттық реформаны, Ұлт жоспарын жете түсініп, оны жүзеге асыру мақса­тында күш біріктіруі қажет. Бұдан бөлек, ол қазіргі таңда Қазақстанда қолға алынып жатқан ауқымды шаралар заман талабына лайықты жауап бере алатынын жеткізді. – Қазiр әлемде экономикалық дағдарыс жүрiп жатыр, бұған қоса, алып мемлекеттер бiр-бiрi­не санкция жариялауда. Көршi елдердің валютасы девальвацияға ұшырап жатқан жағдай бар. Осындай жағдаяттар белең алып отырғанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жариялауы өте дұрыс болды. Бұл Ұлт жоспары Қазақстанды дамудың даңғыл жолына түсіреді, халқымыздың әлеуметтік жағдайын көтеруге жол ашады, азаматтарымыздың атқарушы билікке деген сенімін нығайта түседі, – деді «Халық келісімі» қоғамдық қорының директоры. Бұған қоса, спикер еліміздің әлем алдындағы беделінің арта түскенін сөз етті. – Соңғы уақытта Қазақстанды әлем таныды. Бiздiң экономика қарқынды дамып келедi, бiлiм мен ғылым, мәдениет салаларында айтарлықтай жетiстiктерге қол жеткiздiк. «Астана», «Қазақстан», «Назарбаев» сөздерi тұрақтылық пен дамудың символына айналды, – деді ол. З.Қабылдиновтың пiкiрiн­ше, Қазақстан әлемге толе­рант­тылықтың жарқын үлгiсiн көрсетуде. – Бiздiң ел көптеген игi бас­тамаларға ұйытқы болды. Қазақ­станда Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерінің съездері ұйымдастырылып келеді, ЕҚЫҰ саммитi өттi, ал 2017 жылы Қа­зақстан ЭКСПО халықаралық көрмесiн ұсынады. Осы барлық игi бастамалар мен оң өзгерiстердiң негiзiнде ұлтаралық келiсiм, татулық жатқаны даусыз, – дедi «Халық келісімі» қоғамдық қоры­ның директоры. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».