Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында өткен «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ұлт» облыстық патриоттар форумына облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, белсенді жастар қатысты. Форумның басты мақсаты «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі жобасын жан-жақты талқылау, жалпыхалықтық «Мәңгілік Ел» идеясын, «Мемлекет құрылысының әрі қарай дамуының 100 нақты қадамы» – Ұлт жоспарын насихаттау болып табылды.
Форумда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформаны іске асыру үшін белгілеген 100 нақты қадамына тоқтала келіп, оны әлемдегі жоғары мақсаттарға негізделген бағдарламалардың бірі ретінде бағалады. Ұлт жоспарын жүзеге асыру арқылы нәтижелі белестерге қол жеткізу үшін азаматтық қоғам мен мемлекеттің іс-қимылын жұмылдырудың маңыздылығын атап өтті.
– Президенттің «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен бес институттық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» бағдарламасы еліміздің экономикасын нығайтуға, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге серпін берері сөзсіз. Бұл бағдарламаның қазіргі таңдағы әлемдік және ішкі сын-қатерлерге толықтай жауап бере алатынына, Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына енуін қамтамасыз ететін баяндылығына барша қазақстандықтар сенімді. Мұндай ұлттық іргелі істерді жүзеге асыруға әрқайсымыз белсене қатысуымыз қажет. Соның ішінде жалынды жастарға жүктелер жауапкершілік жоғары, олар еліміздің экономикалық дамуы мен өзге мемлекеттер алдындағы беделінің биік болуына өз үлестерін қосып, алдыңғы лектен көрінулері тиіс, – деді ол.
Бұдан кейін сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова ел дамуының өзекті мәселелерінің шешімі бағдарланған Ұлт жоспары ұлт пен ұлыстарды топтастыратынын алға тартты. Ол бірлік пен татулықты сақтау жолында Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасының баяндылығын қамтамасыз ете отырып, әр қазақстандықтың осыған үлес қосуының маңыздылығын айрықша атап өтті.
Форумда «Ер Бақыт» әскери-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев, «Жас күш» жастар қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі Данияр Ізбасаров және «Оксана» украин этномәдени бірлестігінің өкілі Вероника Кабачек сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспарының жүзеге асырылуы еліміздегі татулық пен тұрақтылықты нығайтуға берік негіз қалайтынын жеткізді. Сондай-ақ, шара барысында Астана қаласында өтетін республикалық патриоттар форумына облыс атынан қатысатын делегаттар таныстырылып, жас өнерпаздар патриоттық әндер орындады.
Бұл форум онсыз да жаңалыққа жаны құмар, жаңа істерге ынтық жастардың жігерін жанып, жарқын болашақтың қожалары өздері екеніне сенімдерін нығайта түсті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.
Суретті түсірген
Хайреден Раушанов.