Шымкентте «Бес институттық реформа – 100 нақты қадам: ақпараттық қамту және ілгерілету» тақырыбында республикада алғаш рет аймақтық журналистер форумы өтті.
Бар тіршілік болмысын, арманын өз жұртына арнап, өз алдына тәуелсіз мықты ел болуын армандап өткен Әлихан Бөкейханов: «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды», деген екен. Елбасы мемлекетіміздің даму жолдарын жүйелеген 100 нақты қадам арқылы алдағы уақытта не істелу керектігін жік-жігімен тарқатып берді.
«100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, сонымен бірге, жаңа тарихи жағдайларда еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Ал форумда «Ақпараттық қамту және ілгерілету», «Мәңгілік Ел қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыру», «БАҚ-тағы, интернеттегі бұқаралық ақпараттың жаңа буындарын қалыптастыру», «Баршаға арналған қазіргі заманғы идеяны жүзеге асырудың негіздері» тақырыптары бойынша пікір алмасулар ұйымдастырылды.
Аймақтық және облыстық ақпарат құралдарының өкілдері жиылған басқосуда құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр 100 нақты қадамның Елбасы Үкіметке міндеттеген озық отыз елдің қатарына кіруде мықты баспалдақтар екендігін атап өтті.
‒ Үш миллионға жуық тұрғыны бар Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы 236 бұқаралық ақпарат құралы бар. Олардың 175-і газет болса, 37-і журнал, 12-і телеарна, 3-уі радио. Бұған қоса, 9 интернет ресурс халыққа жылдам әрі толымды ақпарат таратуда. БАҚ өкілдерін, Елбасы айтқандай, бір ұлт болып ұйысуға, ілгерілеуге, Ұлт жоспары мақсатында атқарылған шараларға белсене қатысып, ақпаратпен қамтуға шақырамыз, ‒ деді Е.Садыр.
Өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосқан бұл форумға «Ара.kz» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы К.Әмірбек, «Түркістан» газетінің бас редакторы Ш.Паттеев, «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіп, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы К.Сәттібайұлы, «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры Қ.Әуесбайұлы, Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Ж.Жұмәділов сынды білікті журналистер Астана, Алматы, Қызылорда, Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарынан қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Облыс әкімдігі ұйытқы болып, республикада ақпарат құралдары арасында алғашқылардың бірі болып өткізілген алқа-қотан кеңесте сөз алған Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали:
– Мемлекет басшысының бес институттық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамының 90-қадамында БАҚ-та, интернетте, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыруды ақпараттық қамту және ілгерілету туралы тапсырмасын орындау, жергілікті билік пен БАҚ арасындағы байланысты одан әрі нығайту, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттау мақсатында «Оңтүстік» ақпарат орталығы құрылып, жұмыс жасауда. Аталған орталықта жауапты басшылар күнделікті өтетін брифингтерге қатысып, билік пен БАҚ арасында ашық үнқатысу алаңын орнатты. Мұнда күн сайын баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылып, өңірде жасалып жатқан жұмыстар баяндалуда, ‒ деді.
Форумда келелі мәселелер, нақты ұсыныстар, өткір сын да айтылды. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарына орыс тілді басылымдардың немқұрайдылау қарайтындығы, жанашырлықпен терең қаузап жазбайтындығы спикерлердің сөйлеген сөздерінде нақты мысалмен көрінді. Бұл дұрыс та шығар. Әйтсе де, медальдің екінші жағы болатындығын да ұмытпаған ләзім. Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы Қазақстан халқын бір мақсат, бір мүдде төңірегінде топтастыруға күш салып отыр.
Өткенде Оңтүстікке келгенде Әбіш Кекілбаев ағамыз «еліміз тәуелсіздік алғанда қазақтардың үлесі 40 пайызға жетпеген еді» деген деректі алға тартқан. Қазақстанға тағдыр-талайымен келген ондаған ұлттар мен ұлыстар Елбасының сындарлы саясатының арқасында мемлекетіміздің тұтастығы үшін дауыс берді. Ата-баба аңсаған тәуелсіздікте олардың асқар таудай үлесі бар. Бүгінде өз қолым өз аузыма жетті деп оларды арғы жағалауға ысырып қоюға болмайды. «Алтау ала болса, ауыздағының кетіп, төртеу түгел болғанда төбедегінің келетінін» ұғып болдық қой.
Біздіңше, осындай талқылау, ашық үнқатысуға оларды да шақырып, пікірлерін тыңдаған артық болмас еді. Сонда арада әжік-күжік артық әңгіме емес, өзара түсіністік жүреді. «Кеңесіп пішкен топ келте болмайды» деген ғой біздікі.
Қорыта айтқанда, форум жоғары деңгейде өтті. Осында айтылған ұсыныстар мен пікірлер екшеліп, жинақталып ел пайдасына жұмыс жасайтын болады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.