Қазақстанның Ливандағы Дипломатиялық миссиясы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспарын түсіндіру мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз мәслихатына Ливандағы бірқатар көрнекті саяси және іскер топтардың қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара басталар алдында Қазақстанның Ливандағы Сенімді өкілі Дәулет Ембердиев Ливанның «ТелеЛибан» орталық теледидар арнасына 5 институттық реформа жөнінде сұхбат берді.
Д.Ембердиев Ұлт жоспары Қазақстанның қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне жауабы болып табылатынын және оның іске асырылуы алдағы 10-15 жылда әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Баспасөз мәслихатына қатысушылар Қазақстанда жоспарланған реформаларға жоғары баға берді. Атап айтқанда, Ливанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жалпы синдикатының президенті Арслан Синно қазіргі жағдайларда осы реформалардың уақтылы қолға алынғанын ерекше атап өтіп, олардың арқасында Қазақстан өз дамуының түбегейлі жаңа деңгейіне шығатындығына сенім білдірді.
Ливан Олимпиадалық комитеті президентінің орынбасары Мазен Рамадан осы реформалардың өзектілігіне тоқталды. Ал Ливанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысының орынбасары Ниссрин Машмуши өз еліндегі мемлекеттік қызмет институтын дамыту үшін қолдануға болатын бірінші реформаның көптеген тармақтарын өзіне белгілеп алғандығын мәлімдеді.
Тілшілердің жұмыстарын жеңілдету мақсатында дипмиссия тарапынан Ұлт жоспарының мәтіні ағылшын және араб тілдерінде дайындалып, үлестірмелі материалдар түрінде таратылды. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 тақырыбындағы материалдар да берілді.
«Егемен-ақпарат».