Әлем чемпионаты өтіп жатқан стадиондардың түндігі желпілдеп тұр. Олардың төбесі ашық, тілші бұл теңеуді қайдан тауып отыр, дей беріңіз.
Дүниенің көз құрты болған матчтарды көру бақытына ие болған жанкүйерлердің стадионға сыймай отырғанын көріп осылай дегің келеді.
Сүйікті құрамасы ширек финалға өткен мемлекеттердің футболды жанындай сүйетін адамдары күн-түн дегенді ұмытқан. Ән айтып, би билеп жүр. Ата-бабасы тіріліп келсе де мұндай қуанбас халде.
Жанкүйерлер ғана емес мемлекет басшыларының да бүйірі қызып, елінің ішкі және сыртқы саясатынан сәл қолы босаса футбол жайлы әңгімелеуге құмар. “Үлкен жиырмалықтың” Саммитінде Испанияның Премьер-министрі Хосе Луис Сапатеро басқа елдердің көшбасшыларымен әңгімелесіп отырып: “Біздің Испания ақтық сынға дейін барады”, депті. Қызды-қыздымен: “Өтірік айтты демеңіздер, расымен солай болады”, дегенді және қосып қойыпты.
Бір қызығы, Әлем кубогын алады демеген. Кішіпейілдік сақтағаны ғой. Өйткені, додада Бразилия, Аргентина, Германия, Португалия секілді жампоздар жалт-жұлт етіп жүр емес пе.
Ал, мықтылардың бірі голландықтар словактарды еліне қайтарып жіберді. Гол соққандар Роббен 18 (1:0), Снайдер 84 (2:0), Витек 90+3 (2:1).
Словактар әу баста мықтылардың санатында емес еді. Парагвайдан тас-талқан ұтылған құраманың Италиядан ұпай алуы көпшілікті шынымен-ақ таңдандырған. Голландықтардың бапкері Берт ван Маврейг оң қанатты күшейтіпті. Қорғаныстағы Халид Буларуздың орнына ван дер Вильді қойып, ван дер Ваарттың шабуылдаудағы орнын жарақаттан айыққан Роббенге берді.
Бірінші таймда Йендримек пен Гамшиктің шабуылына голландықтардан Снайдер мен Куит жауап берді. Ойын өте келе голландықтардың басымдылығы байқала бастаған. Роббен тамаша ойнады. Оның қақпаға бағыттаған добы бір рет бағана түбінен өтсе, енді бірде Йорис Матейсенге қақпа алдынан әдемі пас шығарып берді. Үш метр жерден ол сабаз қателесіп, тура қақпашыға тепті.
Сол Роббен мен Снайдердің соққан голы голландықтарды ширек финалға өткізді.
Ойыннан соң словактардың бас бапкері Владимир Вайсс соңғы мачта өзінің командасының голланд серкесі Арьен Роббенге қарсы ойнауға арнайы жаттыққандығын мойындады. “Біздің команда барын салып ойнады, аянған жері жоқ, сол үшін рахмет, – деді ол. “Арьен – футболдың нағыз ғұламасы. Старт құрамынан Роббеннің аты-жөнін көргенде енді голландықтарға 50 пайыз күш қосылады деп ойлаған едім. Мен дұрыс пайымдаған екенмін”.
Вайсс осылай дейді. Мықтылар бір-бірінің қадірін біліп жүргені жақсы ғой.
Ал, Бразилия мен Чили құрамаларының арасындағы тартыс 3:0 есебімен бес дүркін әлем чемпионының пайдасына шешілді. Әу баста осылай боларына ешкім күмәнданбағандай еді.
Бірақ, алғашқы отыз минөттегі бразилиялықтардың сүреңсіз ойыны көңілде күдік қалдырған. Керісінше, чилиліктер допты өздерінде көбірек ұстап, қарсы шабуылдар ұйымдастыруға тырысып бақты. Екі құраманың арасындағы соңғы алты ойында чилиліктердің қақпасына үш доптан кем соғылмағаны да бөгет болған жоқ. Францияда өткен әлем чемпионатындағы 1/8 финалда Бразилия Чилиді 4:1 есебімен жеңген. Чилиліктер осының бәрін жадыларынан шығарып тастағысы келгендей өршелене алға ұмтылды. Умберто Суазе Босежур мен Санчестің қолдауымен Бразилия қақпасын қарауылға алған.
Мықтының аты мықты ғой. Майкон айып алаңынан доп көтергенде Лусио төрешінің көзін алдап Фуэнтисті алға итеріңкіреп жіберді. Ашық қалып, допты қапысыз алған Жуан баспен қақпаға ұрған. 1:0.
Алексис Санчес серіктерін ертіп қарымта қайтармаққа ұмтылды. Орта жолдан допты қақшып кеткен Кака ешқайда алаңдамастан қақпаға қарай лап қойды. Фуэнтес өзі қорғап жүрген аймағынан шыға алмады да, Фабиано офсайдта қалған жоқ. Луис Фабиано мүмкіндікті мүлт жібермеді. 2:0.
Осыдан кейін бразилиялықтардың тынысы кеңіді. Әдемі комбинациялар жасай бастады. Бірақ, чилиліктер қаруын тастаған жоқ. Шабуылды күшейтті. Екі жақтың қақпаға бағыттаған соққысы 16:15. Бразилия бір соққы артық ұрған.
Әйтсе де, чилиліктер қарсыластарының тас қамалынан өте алмай, тауы шағылды. Гонсалестің орнына шыққан Вильдивиа ойынды ширатуға тырысқанымен қорғаныс жағын күшейткен бразилиялықтар айып алаңы маңында айқас салды.
Ойынның 59 минөтінде Ромирис қақпа алдында көлденеңдеген Робиньоға әдемі пас шығарып берді. 3:0.
Чилиліктер ышқынды. Вильдивиа, Суазо ұрған доптар бірі қақпа маңдайшасынан қайтса, бірі биік кетіп жатты.
Бразилиялықтардың стандартты жақсы пайдалануы мен қарсы шабуылдағы әбжілдігі оларға ірі жеңіс әкелді. Жеңілгенді мойындай білген де ерлік.
Чили құрамасының бас бапкері Марсело Бьелса: “Қарсыластарымыздың бізден шеберліктері анағұрлым жоғары екенін мойындаймыз. Олардың бұдан да ірі есеппен ұтуға мүмкіндіктері болды. Біздің ойыншылар шабуылға шыққанда өз орындарын таппай жатты. Ал, бразилиялықтар қорғанысымыздың селкеу тұстарынан бұзып жарып өте берді. Олар сөз жоқ, мықты”, – деді.
Дунга үшін Чили құрамасымен өткізген ойын тарих доңғалағы кейінге ысырылған оқиға. Оның ендігі ынтызары – Голландияда. “Голландықтар – мықты команда. Олардың жекелеген ойыншыларының шеберлігі оңтүстікамерикалықтарды еске түсіреді”, дейді ол.
Қазір қай-қайсысы да тақымын қысып отырған шақ.
Бақтияр ТАЙЖАН.